Бас тақырып

Жалған жарнама жарға жығады

Әлеуметтік желі – бүгінгі адамның айнасы ғана емес, арбаушысы да. Жарқыраған жарнама, жылтыраған жеңілдік, «тек бүгін» деген қызыл сөздер санаға саңылау іздеп, сенімге сына қағады. Бірі үйін жалға беріп «жоғалады», бірі бренд сатамын деп бұғатталады. Ал, бәзбіреулер бар жиған-тергенін бір сәттік сенімге айырбастап, бармағын тістеп қалады. Цифрлы дәуірде алаяқтық түрі сан салаға тарамдалып, өзгеруде. Бірақ, оның басты қаруы өзгерген жоқ – сенім. Алаяқтар ақшаны емес, сенімді нысанаға алатынын көбісі қаперден шығарып алса керек. Ендеше, мәселенің мән-жайын анықтап, байыбына бойлап көрелік…

Сурет ЖИ

Аймақта интернет-алаяқтық жиі тіркеледі

Интернет-алаяқтық енді жекелеген оқиға ғана емес, жүйелі құбылыс ретінде қоғамда белең алып барады. Былтыр елімізде 27 892 интернет арқылы жасалған алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл – барлық алаяқтық қылмыстарының 61 пайызы. Яғни, бүгінгі алаяқтың негізгі «мекені» – көше емес, желі. Жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 11 мыңнан астам дерек тіркеліп, азаматтарға келген шығын 25 миллиард теңгеден асқан. Қайтарылған қаржы мардымсыз. Демек, әрбір тіркелген істе ақшамен қатар сенім де жоғалғанын аңғарамыз.

Өңірлік ахуал да алаңдатарлық. Polisia.kz сайтының дерегіне сүйенсек, Қарағанды облысы интернет-алаяқтық жиі тіркелетін аймақтардың қатарында. Былтырдың өзінде мыңдаған адам цифрлы қақпанға түсіп, 3 миллиард теңгеге жуық залал көрген. Схема таныс. Өзін «банк қызметкері» деп таныстыру, «тиімді инвестиция», жалған онлайн-дүкен, арзан пәтер.

Сан көбейген сайын әдіс те алуан. Бұрын алаяқтар арбау үшін жеке кездесу ұйымдастырса, қазір бір сілтеме, бір қоңырау жеткілікті. Тіпті, кей жағдайда бір ғана жарнама сан соқтырады.

Арзан пәтер: арбаған баға, алданған адам

Қарағандыда пәтер іздеген студенттер үшін бәрі тым оңай басталған. Танымал хабарландыру сайтында барлық жағдайы жасалған, бағасы қолжетімді «комфорт» үй жарқ ете қалады. Суреті сапалы. Сипаттамасы сенімді. Байланыс нөмірі бар. Қоңырау шалады. Жауап бар. Бірақ, бір деталь күдік тудырады. WhatsApp авасындағы сурет – өздерімен бірге оқитын құрбысының суреті. Есімін айтып сөйлескенде, дауыс та, сөйлеу мәнері де мүлде басқа. Күмән күдікке ұласты. Құрбысына хабарласады. Ол мұндай жарнама бермегенін айтады. Сол сәтте-ақ бәрі түсінікті.

Әккіленіп алған алаяқ «үйді қазір брондап қойыңдар, тек алдын ала төлем жасаңдар» деп асықтырады. Хабарласушылар көп екенін, кеш қалса, пәтерсіз қалатынын айтады. Классикалық қысым тактикасы. Уақыт бермейді. Ойландырмайды. Егер сол сәтте бір сәттік аңғалдыққа бой алдырса, ақша аударылар еді. Ал, одан кейін не болары бесенеден белгілі. Нөмір сөнеді, аккаунт жоғалады, жарнама өшіріледі.

Абырой болғанда, бұл жолы студенттер сақ болды. Бірақ дәл осындай «арзан пәтер» жарнамасына алданып, алдын ала төлемін беріп, алаяқтың орнын сипап қалғандар аз емес. Цифрлы алаяқтықтың ең қауіпті тұсы – оның тым шынайы көрінуінде. Сурет бар. Байланыс бар. Пікір бар. Тек үй ғана жоқ.

«Жеңілдік» емес, жеңіліс

Мұндай сүзбебуаз кейіпкерді табу қиын болмады. Қалада интернет арқылы алданған адам аз емес. Соның бірі – қала тұрғыны Маржан Байшағырқызы.

– Кешкісін жұмыстан шаршап келіп, Instagram лентасын қарап отырғанмын.

Бір кезде алдымнан брендтік тауарларға 70 пайыз жеңілдік жариялаған жарнама шықты. Парақшасы сапалы. Бейнероликтері кәсіби түсірілген. Пікірлер толып тұр. Сенімсіздік тудыратын ештеңе жоқ еді, – дейді ол.

Қызығып, сілтеме арқылы өтіп, нөмірін қалдырған. Көп ұзамай қоңырау түседі. Арғы жақтағы «менеджер» асықтырады: «Акция аяқталайын деп тұр», «тауар шектеулі», «қазір төлесеңіз ғана жеткізіп береміз» деп ойлануға уақыт бермеген.

«Қомақты соманы аударып жібердім. «Төлем қабылданды» деген хабарлама келгенде көңілім орнына түсті. Бірақ, үш күн өтті. Бір апта өтті. Хабар жоқ. Қоңырау шалсам, нөмір сөндірулі. Парақшаға кірсем, бұғаттап тас­таған. Сонда ғана алданғанымды түсіндім», – дейді Маржан.

Полицияға арыз жазған. Бірақ, ақша қайт­паған. Бұл – бір ғана оқиға. Осындай мазмұнмен жұмыс істейтін жүзде­ген фейк-парақша бар. Интернет-алаяқтықтың қазіргі формасы дәл осындай қарапайым. Психологиялық қысым ар­қылы қан қақсатып кетеді.

Сурет ЖИ

ЖИ дәуіріндегі алаяқтық

Егер бұрын алаяқтық жалған жарнамамен шектелсе, қазір ол технологиямен түлеп, күшейе түсті. Былтырғы деректер интернет-алаяқтықтың тек саны ғана емес, схемасы да өзгергенін көрсетеді. Облыстың полиция департаментінің мә­ліметінше, алаяқтық схемалардың ішінде жалған инвестициялық платформалар, өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстыру, фейк-дүкендерден бөлек, жасанды интеллект көмегімен жасалған жазбалар мен жалған дауыс арқылы алдау фактілері көбейген.
Ашық интернет ресурстағы сарапшылардың айтуынша, қазіргі алаяққа адамның жеке суреті немесе әлеуметтік желідегі қысқа бейнежазбасы жеткілікті. Арнайы бағдарламалар арқылы дауысын көшіріп, бет-бейнесін «тірілтіп», шынайы көрінетін бейнематериал жасау қиын емес. Мұндай материалдарда танымал тұлғалар «инвестицияға шақырады», «лотерея ұтып алдыңыз» дейді немесе «жедел ақша аудару керек» деп сөйлейді.

Бұл классикалық алдаудан әлдеқайда қауіпті. Өйткені, адам миы таныс бейнеге, таныс дауысқа автоматты түрде елітіп, сенеді.

Соңғы жылдар мұғдарында жұлдыздардың атын жамылып жасалған жалған жарнамалар жиілеген. Белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің есімімен жасанды интеллект арқылы казино жарнамасы тарағаны да – соның бір мысалы. Әншінің өзі бұл видеолардың жалған екенін мәлімдеп, халықты сақ болуға шақырды. Мәселе мұнымен бітпейді. Депутаттар мен сарапшылар соңғы бір-екі жылда интернет-алаяқтық 20-25 пайызға өскенін айтып, дабыл қағып-ақ жатыр. Яғни, технология дамыған сайын, алаяқтық та жетіле түскен.

Заң бар. Бірақ…

Бүгінде белең алған бұл түйткілді көбісі жай әдепсіздік деп ойлап қалар. Мүлде олай емес. Оның артында нақты құқықтық жауапкершілік тұр.

Заңгер Кәмшат Мейірбекқызының айтуынша, мұндай әрекеттердің құқықтық бағасы екі түрлі сипатта болуы мүмкін.

– Егер жарнама тұтынушыны жаңылыс­тырып, бірақ, тікелей мүліктік залал келтірмесе, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша «көрінеу жалған жарнама» ретінде қаралады. Мұндай жағдайда айыппұл салынады. Ал, егер түпкі мақсат – алдау арқылы ақша иемдену болса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша жауапкершілікке тартылады, – дейді заңгер.

ҚК 190-бапта бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану ар­қы­лы иемдену қарастырылған. Әйткен­мен, заңның бар болуы – оның әрда­йым іске асатынын білдірмейді.

– Мәселе – нақты дәлелде. Көп жағдайда алаяқтар шетелдік серверлерді, жалған аккаунттарды, уақытша SIM-карталарды пайдаланады. Ақша бірнеше делдал шот арқылы өтеді. Нәтижесінде қылмыскерді анықтау күрделене түседі. Кейбір істер бойынша күдіктіні табу мүмкін болмай қалады, – дейді Кәмшат Мейірбекқызы.

Тағы бір түйткіл – жалған жарнаманың кейде «тәуекелге тұрарлық» бизнеске айналуы.

– Айыппұл мөлшері кейбір алаяқтар үшін қорқынышты емес. Олар бір парақша ашып, жүздеген адамнан ақша жинайды да, парақшаны жоя салады. Жауапкершіліктен жалтару схемалары жетілдірілген. Сондықтан, құқықтық реттеу де технологиямен қатар дамуы тиіс, – дейді ол.

Алданудан сақтайтын «15 минут»

Заң бар. Жаза бар. Ақ­парат жеткілікті. Десе де, интернет-алаяқтық азаймай отыр. Неге? Психолог Фируза Берікқызы бұл құбылысты қаржылық қылмыс ре­тін­де ғана емес, психологиялық манипуляция ретінде қарастыру керек дейді.

– Қазіргі интернет-алаяқтық – жай алдап, арбау емес. Бұл – адамның эмоция­сына, қорқынышына және үмітіне әсер ету арқылы жасалатын ықпал. Алаяқтар ең алдымен, адамның әлсіз тұсын іздейді. Әлеуметтік желілер «мінсіз өмірдің витринасына» айналды. Қымбат көлік, шетелде демалыс, брендтік заттар – бәрі қолжетімді болып көрінеді. Адамда салыстыру механизмі іске қосылады. «Олар істеп жүр, мен неге істемеймін?» деген ой пайда болады. Осы тұста алаяқтар «тез баюдың жолдары», «оңай табыс», «ерекше мүмкіндік» деген уәделерді алға тартады, – деді ол.

Психолог үш негізгі манипуляциялық тетікті атап өтті.

Біріншісі – үрей мен асығыстық. «Шотыңыз бұғатталады», «Тек бүгін ғана», «Соңғы мүмкіндік» деген сөздер адамның жүйкесіне қысым жасайды. Стресс жағдайында ми логикалық талдауды уақытша тоқтатып, тез әрекет етуге көшеді.

Екіншісі – сенім және бедел. Танымал тұлға немесе «банк қызметкері» сөйлегенде, адам оны автоматты түрде қауіпсіз деп қабылдайды. Бұл – психологиядағы беделге сену феномені.

Үшіншісі – тегін олжа иллю­зиясы. Адам табиғатынан «ауыр­дың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, аз шығынмен көп нәтиже алғысы келеді.

– Ең бірінші, тісқаққан алаяқтар сіздің картаңызға емес, эмоцияңызға шабуыл жасайды. Егер адам эмоциямен шешім қабылдаса, ол қорғаныс механизмін әлсіретеді. Мұндай сәтте, ең алдымен, «15 минут» ережесін ұстану маңызды. Кез келген шешім алдында үзіліс жасап, ақпаратты қайта тексеру керек. Өз-өзіңізге сауал қойыңыз. Маған бұл несімен тиімді? Егер асықтырып жатса, демек, бір шикілік бар, – дейді психолог.

Шынында, бүгінгі алаяқтық адамның сабырына, сенімін сынап, ақшасын қағып алады.

Түйін

Интернет – мүмкіндік алаңы. Әйткенмен, ол сенімге құрылған кеңістік екенін естен шығармау керек. Ал, сенім күйресе, кез келген жарнама тұзаққа әп-сәтте түсіреді. Алаяқтар технология­ны меңгерді. Ендеше, қоғам да сауаттылықты меңгеруі керек. Қаржылық қырағылық, құқықтық білім, психологиялық тұрақтылық – бүгінгі қорғаныс қалқаны. Желіде бәрі рас көрінеді. Десе де, сақтық үреймен емес, саналы таңдаумен өлшенетінін ұмытпайық.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button