Жалған жарнамаға алданғандардың саны азаймай тұр
Әлеуметтік желіде таралған түрлі жарнамаларға алданып, сан соғып жатқандардың қарасы көп. Қандай да бір тауарды саудалап, тұтынушыдан алдын-ала төлемін сұрап, кейін іс-түссіз кететін алаяқтар көбейген.
Жыл басынан бері Балқаш қалалық полиция бөліміне алаяқтардың арбауына түскен 70-тен астам қала тұрғынынан арыз түскен. Оның бірін өткен аптада облыстық «Киберпол» қызметкерлері жалған жарнамамен алдап соққан екі азаматты құрықтады. Әрі зардап шеккендерге алдын ала берген ақшасы да қайтарылды.
Интернет-алаяқтығы бойынша бірнеше ескертулерге қарамастан, жыл басынан бері тек Балқаш қалалық полиция бөліміне алаяқтардың арбауына түсіп қалу дерегі бойынша 70-тен астам арыз түскен.
Алматылық тұрғын өзін «онлайн және офлайн түрде газон сататын дүкеннің менеджерімін» деп таныстырып, WhatsApp желісі арқылы Балқаш қаласының тұрғынымен сөйлескен. «Газон «әкеліп беремін» деп 1 млн. теңгесін алдын ала алған. Кейін әлгі менеджермен байланыс үзіледі. Қала тұрғыны менеджермен тілдесе алмай соңында полиция бөліміне шағымданады. «Киберпол» қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 25 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға қарағандылық тұрғын Ксения Тесляның да басынан өтіпті.
– Kolesa.kz сайтында көрші елде тұрған мемлекеттік нөмірдегі көлікке көзім түсті. Шекара сыртында болғандықтан бағасы да төмен. Түн ортасы болса да көліктің иесіне хабарласып, көлік жайлы сұрадым. Кейін екеуміз 300 мың теңгені алдын ала төлем ретінде жіберуге келістік. Алайда, көлік иесі сол уақытта 60 мың теңгесін жіберіп, қалғанын ертеңінде салуға болатынын айтты. Ал, таңертең қалған ақшаны салатын уақытта банк біздің есеп-шотымызды бұғаттап тастады. Оның алдында банк менеджері бізге хабарласып, ақша салып жатқан есеп шоттың күдік тудырып тұрғанын айтқан болатын. Менеджердің сөзінен кейін менде күдіктене бастадым. Осыдан кейін көлік иесімен сөйлесіп, есеп шотымды бұғаттап тастағанын айттым. Алайда ол дөрекілік танытып, қалған ақшаны Qiwi кошелек арқылы аударуымды талап етті. Мен болсам жағдайымды түсіндіріп әлекпін. Ол айтқаныма көнбеген соң полицияға хабарластым. Кейін оның алаяқ екені белгілі болып, салған ақшамды кері қайтартып берді, – деді ол.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz