Жайлылық айналадан басталады
Көгалдандыру мен абаттандыру – облыс орталығында күн жылына салысымен басталатын жыл сайынғы жұмыс. Себебі, тұрғындар бұл мәселеге бей-жай қарамайды. Облыс, қала, аудан әкімдіктері деңгейінде өткен кездесулерде көтерілетін мәселелердің бірқатары осы – көгалдандыру, абаттандыру, жарық орнату, жол жөндеу, аулалар мен балалар алаңдарының жай-күйін жақсарту. Сәйкесінше жергілікті билік те мәселені назардан тыс қалдырған емес. Биыл да басты даңғыл Бұқар жыраудың бойындағы кешенді жөндеу жұмыстарына халық куә.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданда биыл негізгі екі жоба бойынша жұмыс қолға алынған. Бірі – Оңтүстік-Шығыстағы Приканальная көшесінің бойы. Ол Республика даңғылынан басталып, Тәттімбет көшесіне дейін созылады. Екіншісі – Бұқар жырау даңғылын көгалдандыру. Жоба бойынша жұмыстар 45 орам маңындағы Ә.Ермеков көшесінен басталып, Н.Төлепов көшесіне дейін жалғасады.
– Приканальная көшесі жобасы бойынша жөнделетін учаске аумағы 120 мың шаршы метр. Оның 80 мыңнан астам шаршысы көгалдандырылады, тастөсем 37 208 шаршы метрге төселеді. Жоба аясында аллея бойында жай серуендеуге және белсенді демалысқа арналған аумақтар қарастырылған. Ол барлық жастағы адамдарға арналады және оны кез келген мақсатта пайдалануға болады. Балалар алаңы көлік жолынан алыс орналастырылады. Сондай-ақ, баскетбол, стритбол, екі скейт алаң, түрлі жаттығу алаңдары арнайы жасалады, – деді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.
Оның айтуынша, сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндер орнату қарастырылған. «Алаш бет-бейнесі» инсталяциясы, «Киіз үйлер», «Алтыбақан», «Асық» кешендері бой көтереді.
Қызу жұмыс 45 орам аялдамасы маңында жүріп жатыр. Бұл – Бұқар жырау даңғылы бойын көгалдандыру жобасының басы. Дидар Дәуірұлының айтуынша, бұл учаскедегі жұмыс көлемі – 113 957 шаршы метр. Оның көбісіне, нақтырақ айтсақ, 94 570 шаршы метрге тастөсем төселеді. 20 мың шаршы метрге жуығы көгалдандырылады.
– Жоба бойынша қолданыстағы жаяу жүргіншілер жолының тастөсемін ауыстыру, тактильді плиткаларды төсеу, кедергісіз орта құру үшін пандустар орнату, нормативтік құжаттамаға сәйкес қолданыстағы баспалдақтарды қайта орнату, автотұрақтарды қайта құру, аялдама аумағын кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндер, инклюзивті ойын алаңын орнату, түнгі жарықтандыруды ұйымдастыру сияқты жұмыстар жасалады, – деді Дидар Қабаев.
Тастөсем төсеу жұмыстарының басталғанына екі аптадан астам уақыт өтті. «Панораманың» маңайы жаңарып жатыр. Аялдаманың жоғарғы және төменгі жағындағы ескі асфальт жабыны алынған. Мұнда үш бригада жұмыс істейді. Бас даңғыл бойындағы көгалдандыру жұмыстарын «Ихсан групп» ЖШС өз мойнына алған. Оның директоры Зелимхан Албагачиевтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыскерлерің бес бригадасы жұмылдырылған. Барлығы 30-40 адам еңбектеніп жүр. Алдағы уақытта олардың санын кемі 7-8-ге жеткізбек.
– «Панорамадан» Сити молға дейін бір учаске. Негізінен тастөсем төсеу жұмыстары. Одан бөлек, ағаш отырғызатын да жерлер бар. Бұқар жыраудың бойы толығымен бізде. Каскадтағы субұрқақтар маңына да төселіп жатыр. «Қазпошта» маңындағы жұмыс аяқталды. Келесі айдың басында Кеншілер даңқы ескерткіші маңайын жөндеуге кірісеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір оған дайындық жүріп жатыр. Былтыр да даңғыл бойын көгалдандырумен айналысқан едік. Онда Қазақстан көшесінен Шахтер стадионынан Чкалов көшесіне дейін көгалдандырылды. Былтырғы жасалған жұмыс сапасы ұнады. Биыл да сол үдеден шығамыз деп ойлаймын, – деді ол.
Ол көгалдандыру жұмыстарына Қарағанды қаласының әкімдігі тапсырыс бергенін және оны тезірек орындау қажеттігін айтты.
– 45 орам аялдамасы – адам көп жүретін жер. Тапсырыс берушілер жұмысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауды сұрайды. Екі аптада, ауа райы қолайлы болса, осы учаскедегі жұмысты бітіреміз. Жалпы, жұмыс қыркүйектің соңына қарай толығымен мәреге жетуі тиіс. Жылдамдатамыз деп жұмыстың сапасын түсіріп алмау керек. Біз жақсы атымыз үшін жұмыс істейміз, – деді мердігер фирма өкілі.
Қазылған жолдар мен ойдым-ойдым шұңқырлар үшін тұрғындар тарапынан наразылық білдіргендер жоқ сыңайлы.
– Жұмыс барысында жолдың бойын толығымен қазып тастамаймыз, – дейді Зелимхан Албагачиев. – Бір шетін қазып, оны жасап, кейін екінші бетіне көшеміз. Тұрғындар үшін ыңғайсыз болмауы тиіс.
Аялдамадан өтіп бара жатқандардың дені жөндеу жұмыстары ыңғайсыздау болса да, қажет екенін атады.
– Бұл – уақытша қолайсыздықтар. Тастөсем сапалы болса және жақсы салынса, біраз жылға жетеді. Сол кезде бұл ыңғайсыздықтар ұмытылып, оның сапасы ғана айтылады, – деді Серікбай Адайбекұлы есімді қала тұрғыны.
Десе де, жол бойындағы самса, дөнер сататын дүңгіршек иесі Достанбек жөндеу жұмыстарынан келушілер қатары сәл де болса азайып, жүрер жолдың жабылғандығы кәсібіне әсер етіп жатқанын айтты.
Көгалдандыру жұмыстары аясында аулалар жөнделіп, жаңадан балалар алаңдары мен футбол алаңдары орнатылады. Биылғы жылғы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына сәйкес Қарағанды қаласының әр бұрышында осындай алаңдар пайда болмақ.
Мәселен, Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде мәлімдегендей, Оңтүстік-Шығыс, Федоровка, Михайловка мен қаланың орталығында түрлі 20 алаң салынады. Мәселен, Сатыбалдин 29 мекенжайы бойынша балалар алаңының жасалғанына бір айға жуықтады.
– Бұл алаңқайда бұған дейін бір сырғанақтан басқа ештеңе жоқ еді, оның өзі ескі-тін, – дейді сол үйдің тұрғыны Айбек. – Кішкентай қызымды ертіп, кешкі уақытта біраз ойнаймыз. Бұл үлкен балаларға арналмаған, сонда да отырып алатындар бар.
Ә.Ермеков 60 көшесінде орналасқан үйдің балалары үшін футбол алаңы салынып жатыр. Балалар алаңы бұл жерде бұрыннан бар екен. Енді ересек балалар емін-еркін, ешкімге кедергі келтірмей, доп ойнай алады.
Мұнда жұмыс істеп жатқан бригаданың жұмыскері Азиз бұл осымен үшінші объект екенін, әлі де жасайтындары бар екенін жеткізді.
– Футбол алаңының маңына бірінші тастөсемін салдық. Алаңның ішін тегістедік. Қазір оған жасанды жасыл газон төсеп жатырмыз. Шетіндегі артығын кесіп, желімдеп, саморезбен тартып тастаймыз. Бұл жердегі жұмыс екі күнде бітеді, – деді Азиз.
Мұндай жұмыстар погрузчиктің көмегінсіз жүрмейді. Погрузчигін жалға берген Қайрат есімді Астана қаласының тұрғыны бір мезетте бірнеше объектіде жұмыс істейтінін айтып отыр.
– Менің жұмысым – ауыр заттарды көтеріп, жеткізіп беру, – дейді ол. – Міне, қазір жасанды газонды жұмыскерлерге жеткізіп бердім. Басқа нысанға шақырса, арасында сонда барып келемін. Жазда осындай жөндеу жұмыстарына, қыста қар күреуге тапсырыс аламын.
Бағдарлама аясына балалар алаңына қоршау, орындық, қоқыс урнасын орнату, тартанды, яғни, полиуретанды жабын, тастөсем төсеу жұмыстары кіреді.
– Қазіргі таңда тұрғындардың сұраулары бойынша және қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысымен көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін мекенжайлар анықталды. Барлық балалар алаңдарының аумағы – 430 шаршы метр. Алаңдарда негізінен ойын элементтері, 6-14 жас аралығындағы балаларға арналған жаттығу нысанары, тартылатын балансир, сырғанақ, құм алаңы, ойын кешені болады, – деді Дидар Қабаев.
Ол жаяу жүргінші жолдары мен аулалар аумағын асфальттау жұмыстарының да жүргізілетінін атап өтті. Бүгінгі таңда 10 жүргінші жолы, 13 автокөлік тұрағы, 8 ауланың аумағы, сондай-ақ, қатты қалдықтар тастайтын жерлерге апаратын 22 подъездің жолы асфальтталыпты.
– Жыл басынан бері қатты қалдықтар тастауға арналған 160 контейнер алаңқайын жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта соның 130-ы жөнделді, қалғаны 30-ында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді Дидар Дәуірұлы.
Жансая ОМАРБЕК,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz