Жаңалықтар

Жайлы орта – ортақ мүдде

Қоршаған ортаның жағдайы, елді мекендерді абаттандыру және қоғамдық көліктің жай-күйі – облыстық мәслихат депутаттарының тұрақты назарында. Жақында депутат Талғат Өтеубаев төрағалық еткен отырыста қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, облыс қалалары мен аудан орталықтарының көшелерін жарықтандыру, қоғамдық көлікті дамыту перспективалары қаралды. 

Депутаттық корпус табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде биыл атқарған жұмысын талқылады.

Депутаттар Б.Досжанов, Қ.Біржанов, Қ.Оспанова, М.Махатчина, О.Нұрқазов, Т.Өтеубаев бірнеше мәселе көтерді. Нақты айтқанда, қоғамдық көлікте газ талдағыштарды орнату және есепке алу, облыс аумағында орман үлесін ұлғайту, Майқұдық және Пришахтинск көшелерін жарықтандыру, маршруттық автобустарды уақытылы сатып алу, автобус жүргізушілерінің еңбек өтілін міндетті түрде назарға алу, электронды төлем жүйесімен қамтамасыз ету жобасын іске асыру, жолаушылар тасымалын субсидиялау және тағы басқа тақырыптарды қаузады.

Құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі тұрақты комиссия қоғамдық көліктің жай-күйі мен даму перспективаларын талдады.

Қарағандыдағы қоғамдық көліктегі жүктемені жеңілдету үшін №№65, 44, 42, 8, 118э, 146 бағыттардағы автобустарды көбейту қажеттігі айтылды.

Уәкілетті органның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта №146 маршрутта 18 автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Автобустардың қозғалыс аралығы – 15- 20 минут.

Шахтер шағын ауданында жолаушылар тасымалдауды №8 қалық маршрут жүзеге асырады. Осы қыркүйектен бастап екінші автобус қатарға қосылып, қозғалыс аралығы 30 минутқа дейін қысқарды.

Биылғы желтоқсанда №44 маршрутта автобустар санын көбейту бойынша келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, қараша айынан бері маршрут екі автобуспен қайта жанданды.

№118э маршрут – экспресс маршрут. Сондықтан, Майқұдық, қаланың орталығы және Оңтүстік-Шығыстағы кейбір аялдамалар қозғалыс сызбасына кірмей отыр.

Жауапты органдардың ақпаратын назарға алған депутаттар отырыс соңында мәселелерді Қарағанды облыстық мәслихатының тұрақты комиссиялары бірлескен отырысының қарауына енгізді. Сондай-ақ, облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына – облыстың қалалары мен аудандарында көше жарықтандыруын жаңғырту, облыстың жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасына қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button