Жаңалықтар

«Жайлы мектептерде» жағдайдың бәрі болады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президентке берген есебінде биыл өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 7100 орындық 10 мектеп пайдалануға берілетінін айтты.

Кадр мәселесі шешіледі

Бұған дейін өңірде облыс әкімінің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау бойынша Жол картасы бекітілген. Ұлттық жоба республикалық бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, оны іске асыру үш ауысымдық және апаттық мектептерді жоюға мүмкіндік беруде. Жалпы облыста биыл пайдалануға берілу тиіс 10 мектеп бар. Атап айтқанда, Қарағандыда – 4 мектеп, Балқаш қаласында – 1, Бұқар жырау ауданында – 3, Шет ауданында – 2.

Аталған аймақтарда «Жайлы мектептер» пайдалануға берудегі мақсат – өңірдегі оқушы орнының тапшылығын жою. Осы мақсатта Күнгей шағынауданында 600 орындық мектептің құрылысы басталған. Биыл пайдалануға берілуі тиіс.

Сондай-ақ, қазіргі таңда қалалық №101 мектеп-лицейі де үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Үш ауысымды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Гүлдер» шағынауданында 300 оқушыға арналған мектеп те пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мектептегі спорт ғимаратын заманауи талаптарға сай жасау – жоспарда. Дене шынықтыру сабағын бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізбес үшін жобалық қуатына қарай спорт залдары ашылады. Оқушыларды мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы да қатаң бақылауда болмақ. Автобустар тоқтайтын аялдамаларды дайындап, мектепке апаратын жолдарға жарық беріледі.

«Гүлдер» шағынауданындағы мектеппен қатар өңірде қазіргі таңда апатты жағдайда үш мектеп жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Олардың орнына Қарқаралы ауданының Талды ауылында 200 орындық және Бұқар жырау ауданының Новостройка ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жүруде. Қарағандыдағы апатты жағдайдағы білім ордасы №44 мектептің ғимаратын бөлшектеу жұмыстары басталып кеткен.

Облыстық білім басқармасының айтуынша, жыл сайын аталған мектептерді қоса алғанда педагогке қажеттілік шамамен 500-600 бірлікті құрайды. Мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80-85 пайыз болғандықтан, қалған сағаттар педагогтерге және зейнеткерлерге таратылады. Маман тапшылығы мәселесі «Жайлы мектептердің» пайдалануға берілуімен шешіледі деп күтілуде.

Мектептер қандай болады?

– Қазіргі таңда білім ошақтарының құрылыс жұмыстары кестеге сай жүруде. Мерзімі мен сапасы ерекше бақылауда. Жаңа мектептер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық болып, ауылда, қалада да жаңа бірыңғай стандарт негізінде. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толықтай жабдықталады, – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Басшының сөзінен түйгеніміз, алғаш тәжірибеде қолданатын бөлек блоктар – оқу­шылар ағынын реттейтіндіктен, бас­тауыш сынып бүлдіршіндері орта және жоғары сынып оқушыларымен араласпайды. Бұл буллингтің алдын алуға мүмкіндік береді.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектептер заманауи жиһаздармен, бей­небақылау жүйелерімен ерекшелене­тінін айтқан. Архитектуралық дизайн да біртұтас екенін атаған. – Әр мектепте STEM-зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт залдары, коворкингтер болуы керек. Ерекше балалар үшін кедергісіз орта құру қажет. Жайлы мектептер салуда барынша ашықтық сақталатындықтан, құрылыс барысын интерактивті карта арқылы онлайн қадағалауға мүмкіндік бар, – деген болатын төраға.

Қазір өңірде мектеп құрылысы – ау­қымды. Білім ошақтарының басым бөлігі облыс орталығында орналасқандықтан, шағынаудандарға жіті көңіл бөлінген.

– Қарағанды облысында 2025 жылға дейін барлығы 21 мектеп, оның ішінде 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуы тиіс. «Жайлы мектептер» жайлылықтың жоғарылауымен ерекшеленеді, – дейді білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Жайлы мектептердің» жобасы мен жабдықталуын жақсартуда мұғалімдер ескертулері мен ұсыныстары ескерілген. Мәселен, оқушыларға ыңғайлы болуы үшін сыртқы киім ілетін орынды (гардеробты) астыңғы қосымша қабатқа көшіріп, барынша кең етіп жасау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жылдамдығы кемі 100 Мбит/сек болатын интернетпен қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылды.

Соңғы 10 жылда еліміздегі мектеп оқушыларының контингенті 1 млн. балаға артты. Қазіргі таңда жалпы бала саны 3,7 млн. Орын тапшылығының қажеттілігін ескерсек, оны жою үшін қосымша мектеп салуды жеделдету қажет-ақ.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button