Бас тақырып

«Жайлы мектеп»: сапалы білім кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында табысты ұлтты қалыптастырудың маңызды факторы орта білім беру сапасы екенін атап өтті. Әрбір қазақстандық оқушының жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлар болуы тиіс. «Жайлы мектеп» жаңа пилоттық ұлттық жобасы дәл осы мақсатқа бағытталған. Осыған орай елімізде 2025 жылға дейін заманауи талаптарға сай келетін 800 мың оқушы орнын құру жоспарлануда. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Жоба сонымен қатар, қалалар мен ауылдардағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты айтарлықтай теңестірмек. «Жалпы, жаңа мектептер салу Үкімет пен әкімдердің басым міндеттерінің бірі болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қарағандыда екі мектеп ашылды. Оның бірі – №19 мектеп. Бүгінде білім ошағы оқушылар арасындағы орын тапшылығын жойып, сапалы білім беруде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Орын тапшылығы жойылды

Жайлы мектептің салынуына дәнекер Samruk-Kazyna Construction құрылыс кезінде барлық жиһаз қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатынын ескерткен. Сыртқы қасбетті әрлеуде қолданылатын материалдардың да басым бөлігі – отандық өнім. Жиһаз мәселесі бойынша Үкіметтің Қаулысында «тек отандық өнім болуы тиіс» деген талап қойылғандықтан, құрылыс материалдарының 90%-ы Қазақстанда шығарылған.

Жалпы, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын жүзеге асыруға 2023-2025 жылдарға 2,3 трлн. теңге қарастырылған. Барлығы 369 оқу ошағы бой көтеріп, биыл 461 мың оқушыға шақталған ұзын-саны 217 мектеп қолданысқа берілуде. Қалған 151 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Жоғарыда атап өткендей, биыл Қарағандыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша алғаш 2 мың оқушыға арналған білім ордасы пайдалануға берілді. Осылайша қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан төрт мектептегі жүктеме азайды.

«Отандық өнім болуы тиіс»

Бүгінде мектеп ғимараты – облыс мектептері арасындағы ең үлкені. Мұнда бәрі сарапталып, ойластырылған. Үлкен аумаққа қоса балаларға ыңғайлы болу үшін қойылған периметрлік кіреберістер, бастауыш сыныптар мен аға буынға арналған жеке кіреберістер де бар. Мектеп ауласында ойын, воркаут, футбол және баскетбол алаңдары, хоккей корты, жүгіру алаңы да бар. Ал, көгалдандыруға арналған ағаштар қоңыржай белдеулік климатты ескере таңдалып алынған. Қазіргі таңда жаңа білім ошағында сол ауданға жақын «Трилистник», «Arena Park», «Жаңа орталық», «Атамекен», «Комфортный дом», «Сапфир», «Байсанат», «Zaman», «Амадина», «Onix» және «Мерей» тұрғынүй кешендерінде тұратын оқушылар білім алуда.

Жалпы, ауданы 10 мың шаршы шақырымнан асатын №19 мектепте оқушылар үшін барлық жағдай бар. Директордың кабинетін бетке алғанымызда ыңғайлы және қауіпсіз болу үшін алты кіреберіс пен шығатын есіктер жасалғанын байқадық. №19 мектеп директоры Гүлдана Асамиданова ханымның математика пәнінен оқушының қосымша сабағына көмектесіп, түсіндіріп отырғанын көрдік.

– Мемлекет басшысы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деген болатын.

«Жайлы мектептердің» жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті, бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр, – деп бастады әңгімесін №19 мектеп директоры Гүлдана Асамиданова. Директордың жанында жас мамандар тәжірибе жинақтауда.

– Жастарға жақын жүргенді ұнатамын. Себебі, қазіргі таңда жастардың интеллектісі жоғары, ізденімпаз. Қоян-қолтық еңбектің нәтижесінде. Жастардан да дәріс аламыз, тәжірибе алмасамыз. Бізге 103 мектептен 40 мұғалім 40 сыныбымен келгенін білесіздер. Ал, жастардың көбісі конкурс арқылы қабылданды. Мәселен, технология және бейнелеу өнерінің мұғалімі Ақерке Дәрібекқызы – сурет сабағын жоғары деңгейде меңгерген, талантты жастардың бірі. Конкурс арқылы қабылданған білікті маман, – деді Гүлдана Ибрайкенқызы.

Үйірменің бәрі бар

Мектепте бір ауысымда таңертеңгі мезгілде 2000-ға жуық бала білім алатындықтан, олар түскі уақытын қосымша сабаққа жұмсайды екен. Көбісі сабақтан кейін мектеп ішінен ашылған үйірмелерге қатысады. Олар үшін арнайы жеке ұяшықты шкафтар орнатылған.

– Қазіргі таңда 13 негізгі және қосымша дене тәрбиесіне дайындайтын 4 үйірме әрі дебат клубы бар. Үйірмеге қатысатын оқушыларға өздерімен үйден ештеңе әкелудің қажеттілігі жоқ. «Жайлы мектепте» домбыра, дойбы, күрес, хореография секілді қосымша сабақтар үшін қажетті заттың бәрі бар. Сабағын аяқтаған оқушы өзінің ұяшық сөресіне киімдерін қойып, ауыстырып, түскі асын ішіп, үйірмеге алаңсыз қатыса алады. Көп оқушылар уақытын оқырман залында өткізеді, – дейді мектеп директоры.

Білім ошағының басшысы атап өткендей, мектептің жоғары қабатындағы оқырман залында 7 «В» сыныбының оқушылары «Мамандық таңдау» бойынша сабақ өтуде екен.

– Бұл жерде тек кітап оқумен шектелмейді, қосымша электронды кітаппен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, кітап қорын сақтайтын арнайы бөлме қарастырылған. Биыл 1500 бала жаңа оқулықпен қамтылғандықтан, қалған 400-ге жуық кітап салқын бөлме сөрелерінде сақталуда, – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлзат Секенқызы.

Ұлттық киім – ұстаным

Мектептің әр қабатында коворкинг алаңдары бар болғандықтан, оқушылар емін-еркін пікір алмасып, әңгіме құра алады. Бастауыш және жоғарғы сыныптар үшін бөлек блоктар бар. Қазіргі таңда мектепте 30 шақты бастауыш сыныбы бар. Мектепке конкурс бойынша 130-дан астам мұғалім жұмысқа қабылданыпты. Осы тұста айта кетерлігі, «Жайлы мектептің» тағы бір ерекшелігі – мектеп мұғалімдері мен оқушыларының тегіс бір үлгідегі киімде болуы. Оқушылар киімдерінің оң жақ кеудеше тұсына «Алаш» белгісін орнатса, ұстаздар камзолдарының белін өрнекпен оюлатқан екен.

– Ата-аналардың басым көпшілігі мектеп формасының бірдей болғанын қолдады. Сонда балалар арасында бөліну, әрі «Сенің киімің қандай?» деген артық сауалдар болмайды. Ұстаздардың өздері таңертең «Бүгін не киемін?» деп басын қатырмайды. Өйткені, мектепте бірдей форма бар. «Жайлы мектептің» басты ұстанымының бірі – білім берушілер мен алушыларға жайлылық сыйлау. Біз үшін – бәрі тең. Балалар барлық назарын білімге бұрса деген ниет, – деп атап өтті Гүлдана Ибрайкенқызы.

Мектепте шахмат және тоғызқұмалақ, дойбы секілді логикаға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Оқушыларға жасанды интеллект жайлы жан-жақты түсіндіретін Ерсұлтан Тұрдынов – белсенді жас мамандардың бірі. «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы оқушыларды дойбыға дайындауда.

– Оқушыларға шахмат және ұлттық ойын тоғызқұмалақтан сабақ беремін. Оқушылар алдағы уақытта өтетін облыстық жарыстарға дайындық үстінде, – дейді химия пәнінің мұғалімі, шахматтан спорт шебері Ерсұлтан Тұрдынов.

STEM-зертхана, робототехника, хореография

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар мен спорт залдары бар жеке блоктар арасы кең орналасқан. STEM-зертхана, робототехника, хореография залдарымен қатар инклюзия кабинеттері қарастырылған.

– «Жайлы мектепке А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясынан ауысып келдім. Еңбек өтілім – 24 жыл. Мен сабақ беретін география кабинеті заманауи жабдықталған. Барлық сабаққа, тақырыптарға сәйкес тақырыптық карталарымен ерекше. Басқа мектептермен салыстырғанда әрбір оқушыға қолжетімді, әрбір партада глобустар мен интербелсенді тақта да бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып бейнероликтер көрсетуге болады. Оқушылар әртүрлі платформаларда жұмыс істей алады.

Мысалы, сыныптың өзінде глобустың әр түрі бар. Оқушыға да мұғалімге де барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді география пәнінің мұғалімі Салтанат Садықова.

Салтанат мұғалім атап өткендей, жайлы мектептің тағы бір ерекшелігі – әр мұғалімге жеке компьютердің берілуі. Осыны пайдаланған білім саласының мамандары жұмысты үйіне әкетпей, мектеп компьютері арқылы аяқтап кетеді. Оған қолжетімді интернет желісі мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқушылардың кабинет ауыстырып, көшіп жүрмейтіні де заманауи мектептің артықшылығы.

Кабинеттер мен зертханалар модификацияланған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ошағының жиһаздары – эргономикалық. «Жайлы мектепте» атап өтерлік тағы бір басты артықшылықтың бірі – жиын залы. Ыңғайлы жасалған залда аптасына бір рет танымдық сабақтар өтеді.

– Қазіргі балалар қазақша ертегілер, мультфильмдерді көрмейді. Біз осыны ескеріп мектебіміздің бастауыш сынып оқушыларына – қазақшы мульфилімдер, 3-4 сынып оқушыларына – көркем фильмдер, 5-7 сыныптарға – танымдық әрі тарихы фильмдер көрсетеміз. Ал, оныншы сыныптарға көбінесе ұлы ғалымдар, тұлғалар жайында деректі көркем фильмдер көрсетеміз, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Аманұлы.

– Бізге оқу ыңғайлы әрі қызықты болуы үшін барлық жағдай жасалған. Маған әр қабатта коворкинг аймағының бары ұнайды. Мектепте төрт спорт залы бар. Бұл спортқа көп көңіл бөлінетінін білдіреді. Өзім спорттың барлық түріне қатысамын, – деп бөлісті ойымен 10-сынып оқушысы Дина Жұмабай.

Инклюзия ерекше ескерілді

Мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы лифт орнатылған. Сондай-ақ, әр қабатта қолжетімді жерде тазалық бөлмелері бар. Мектепте инклюзивті сыныптар арасында 6 бала білім алатындықтан, инклюзивті білімге ерекше мән береді. Өйткені, мүгедектігі бар балалар үшін кедергісіз орта құрылуы қажет. Кез келген уақытта қауіп төнгенін сезген оқушы полиция шақыру тетігін басса жеткілікті. Мектептің ішкі бөлігінде 152 бейнебақылау, ал, ғимараттың сыртында 30 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Қазіргі таңда мектепте 480 орындық асхана жұмыс істеп тұр.

– Асханамыз үлкен әрі жылы, кең. Әрқашан балалар көп болады. Себебі, бәріне кейде қоңырау арасында 10-15 минут ішінде тамақтанып алуға үлгеру қажет. Сол себепті тазалық сақтау секілді белгілі ережелерді сақтаймыз, – дейді аспазшылар.

Жайлы мектепте «Міндет пен меже» жобасы аясында салынатын жайлы мектептердің тұжырымдамасы ерекше сақталған. Олардың бастысы – бірыңғай құрылыс стандарттарын сақтау әрі балалардың қауіпсіздігін қадағалауға негізделген. Балалар қауіпсіздігі – жайлы мектеп ұстанатын басты қағида болғандықтан, ата-ана ұстаздармен бірігіп ерекше атсалысады. Оған қоса бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек оқу блоктары мен спорт залдарының болуы да бұрынғы мектептерде кездеспеген ерекшелік. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті жағдайдың жасалғаны – білім ошағындағы үлкен олжа.

«Жайлы мектеппен» қимай қоштастық. Білім ошағын аралап жүріп «Бар жақсылық – балаларға» деген ой келді. Облыстық білім басқармасының мамандары 2025 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында 18 жайлы мектеп салынып бітуі тиіс екенін айтқан болатын. Оларда 12 500 оқушы білім алады. «Жайлы мектеп» жобасымен облыстағы апаттық жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесі толық шешілсе – балалар арманының орындалғаны…

№19 мектептен қайтар тұста ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен алғаш өтетін конференцияға дайындықты бастап кеткенін байқадық.

«25 қараша – Міржақып Дулатұлының туған күні. Ұлтты оятқан ұлы кітап «Оян, қазақтың» авторына осылайша құрмет көрсетпекпіз. Біздің мектеп тек қазақ тілінде білім беретіндіктен, гуманитарлық бағытта дамуды жалғастыра береміз. Жағымды жаңалығымыздың бірі – осы» деді география және тарих бірлестігінің мұғалімдері. Бұл жақсылыққа жол ашатын игі бастаманың нышаны секілді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button