АймақНұраРесми

Жайлы мектеп салынады

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Нұра ауданына барды. Аймақтағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жайлы мектеп салынатын орынды тексерді. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында аудандағы су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысып, аудан әкімдігіне дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Нұра кентінде заманауи стандарттар бойынша жабдықталған жайлы мектеп салынады. Жаңа оқу орны 600 оқушыға арналған. Ермағанбет Бөлекпаев ауданға жұмыс сапары кезінде мектеп салынатын орынды тексерді.

Биыл Нұра ауданында су құбыры желілерін қайта жаңарту, жол мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, тұрғын үй салу және ауылдарды абаттандыру жалғасады.

Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов жыл қорытындысы мен ауданның даму жоспары туралы есеп берді.

Ауданда пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Былтыр Нұра ауданының мемлекеттік қорына 37,3 мың га қайтарылды, биыл шамамен 69 мың га. жерді қайтару жоспарланған.

– Елді мекендерді жайылымдық жермен қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. Нұра ауданы бұл мәселе бойынша әлі де алдыңғы қатарда тұр. Төлдейтін мал басы толықтай жайылыммен қамтамасыз етілген. Қазір жеке аулада ұсталатын басқа да ауыл шаруашылығы жануарларының тапшылығы мәселесі тұр. Биыл елді мекенді жайылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмысты аяқтау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жақын арада Құланөтпес және Жараспай ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Аудан билігінің айтуынша, 2025 жылға дейін сапалы ауыз суға ауыл тұрғындарының 98%-ы қол жеткізе алады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Егінді, Байтуған, Ахмет, Көбетей, Заречное, Тассуат, Мыңбаев және Алғабас ауылдарындағы орамішілік жолдарды орташа жөндеуге қаражат бөлінді.

Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар әлеуметтік нысандарды, соның ішінде орталық аудандық аурухананы аралады.

Сондай-ақ, биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен Байтуған және Заречное ауылдарында екі фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Алдағы уақытта аудандағы клубтар мен мәдениет үйлерін жөндеуге қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта Баршын ауылындағы Мәдениет үйі мен Нұра кентіндегі Өнер сарайының құрылысына жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жүргізілуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстары Нұра кенті мен Шахтерское ауылындағы мәдениет үйлерінде жоспарланған.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан басшылығына ФАП-тарды жөндеу мен салуды ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданға жұмыс сапары кезінде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Нұра ауданындағы 21 елді мекен мен 277 аула бақылауда тұр. 12 ауылда жер қорғанысы, үш ауылда габиондар тұрғызылды.

Ауданда көктемге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқыны кезінде ТЖ алдын алу және жою жөніндегі аудандық жедел штаб құрылды. Бес мың тонна инертті материалдар, 20 мың қапшық, 32 сорғы мен 29 мотопомпалар дайындалды.

Ермағанбет Бөлекпаев ТЖД басшысы Мұрат Қатпановпен және мамандармен бірге Нұра кентіндегі Құндызды өзенінің арнасын аралады. Сондай-ақ, бұл учаскеде ұзындығы 400 метр қорғаныс білігі нығайтылған.

Нұра кентінде су тасқынының алдын алу үшін Масалин көшесінің бойына топырақ бөгеті салынды. Қонаев, Колодий, Балабиев, Абай, Жеңіс, Мыңбаев көшелерінде су бұру арықтары, Ысқақов және Мыңбаев көшелерінде габион құрылыстары орнатылды. Жыл сайын көктем мезгілінде 48 су төгетін құбыр қайта консервацияланады.

Егінді, Тассуат, Заречное ауылдарында қорғаныс біліктері нығайтылды. Нұра кентінде су бұру науалары орнатылды.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев Қантай ауылына барып, жер білігін нығайту бойынша іс-шаралармен танысып, жергілікті бөгетті аралады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button