Білім

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында 18 білім беру нысаны салынады

Қарағанды облысына іс-сапармен келген «Samruk-Kazyna Construction» Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов Қарағандыдағы «Кеңдала» шағын ауданында 2000 оқушыға арналған жайлы мектеп салу жоспарын талқылауға қатысты. Онда мектепке тиесілісі аумақты оңтайландыруға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Іргелес алаңда трибуналары бар көп функционалды стадион орнатылады деп жоспарланған. Онда оқушылардың жылы кезде футбол, қыста хоккей ойнауына мүмкіндік бар. Жалпы, басқарма ұстанған қағидат – мектептің әр шаршы метрін тиімді пайдалану.

 

«Мектеп аумағының әр шаршы метрін барынша тиімді пайдалану керек. Еуропалық мектептерде бос орын жоқ. Мәселен, неге аумақта айналмалы жүгіру жолағын жасамасқа? Ол үшін арнайы орын қарастыруды ұсынамын. Қыста шаңғы тебуге, жазда жүгіруге болады. Өзім де мектепте оқығанда жүгіруге қатысып, нормативтің бірінші разрядын алғанмын. Сол уақытта мектеп алаңында жүгіретінбіз», – деді төраға.

Бұл шағын аудандағы мектепті салуға дайындық кестеге сәйкес жүріп жатқанымен, учаске арқылы кәріз желілері мен су құбыры өтеді. Бұл біршама қолайсыздық тудыруда. Басқарма төрағасы мердігер компания «BI Global» ЖШС желілерді өз күшімен шығаруды ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Мәулен Айманбетов Қарағандыдағы «Гүлдер» шағын ауданында салынатын 300 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Болашақ жайлы мектептің учаскесін тексеру кезінде «SK Construction» басшысы нысанның жоспарын қайта қарастыруды жүктеді.

Жаңа мектеп қазір жұмыс істеп тұрған білім ошағының жанына салынады. Сондықтан, «Стинк ТФК» ЖШС құрылыс компаниясы қаланың сәулет бөлімімен бірлесіп, қолданыстағы мектептің учаскесін кесіп, сыртқы спорт ғимараттарын стандарттарға сай етіп жасауы үшін қажет емес нысандарды алып тастауы қажет.

«Жобалау кезінде міндетті түрде кіреберіс жолдардың болуын қамтамасыз етіңіздер. Жолдар мен көлік тұрағы жергілікті тұрғындарға кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен пысықтау қажет», – деді Мәулен Айманбетов.

 

Сонымен қатар, «SK Construction» басшысы 300 оқушыға шақталған Үштөбе ауылындағы жайлы мектептің құрылысына дайындықты жеделдетуді тапсырды. Төраға жұмылдыру бастамасының әлсіздігін атады. Мердігер компания «Астана Коктем С» ЖШС мектеп салынатын учаскені қоршаған. Бейнебақылау камераларын орнатқан. Алайда, нысанды орналастыру жұмыстарын әлі бастамаған. Өйткені, жауапты зертхана геологиялық іздестіру қорытындысын әлі күнге дейін бермеген. «SK Constuction» басшысы мәселені шұғыл түрде шешуді міндеттеді.

«Тиісті келісім жасап, жұмысты жеделдетуге рұқсат алыңыздар. Сіздер қазірдің өзінде кешігіп жатырсыздар», – деп ескертті төраға.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында 18 білім беру нысаны салынады. 10 жайлы мектептің құрылысы биыл басталады. Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ол – қосымша 12,5 мың оқушы орны. Мұның 7 мыңнан астамы 2024 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланған. Пайдалануға берілгеннен кейін барлық жайлы мектеп жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button