Жадыда жаңғырған ағартушы
Биыл қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогы Ыбырай АЛТЫНСАРИННІҢ 180 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде. Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжі де бұдан қалыс қалмады. Колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының ұйымдастыруымен Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына арналған «Дала қоңырауы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Бұл жиын студенттерге ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын тереңірек таныстыру, оның әңгімелері арқылы жастарды имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, сол арқылы тарихи ұлы тұлғаның есімін әрдайым жадыда жаңғыртып, есте сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аталған шараға колледждің талантты да алғыр студенттері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Студенттер үшін бұл мерекенің орны ерекше. Олардың ұлы ұстазға деген шынайы құрметі – мығым дайындығынан білінді. Сахнаның шымылдығы атасы Балқожа бидің Ыбырайға бата беру сәтімен ашылды. Сондай-ақ, мерекелік жиында Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала», «Шеше мен бала» әңгімелерінің желісі бойынша театрландырылған көрініс қойылды. Студенттер ағартушының өлең шумақтарын оқып, ән мен күйден шашу шашты.
Қатысушылар студенттердің қойылымын ерекше ықыласпен тамашалап, өнерлеріне тәнті болды.
Одан әрі мерекелік іс-шара аясындағы бас қосу білім ордасының ерекше безендірілген «Жастар әлемі» кабинетінде жалғасын тапты.
Жиын соңында колледж директоры Нұрбибі Смағұлова Ыбырай Алтынсариннің қазақ мектептерінің тарихында қалдырған ізі туралы айтып, бұл күннің мәні мен маңызына тоқталды.
Айгүл АХМЕТОВА, ҚарТУ Инновациялық технологиялар колледжінің оқытушысы.