АбайАймақ

Жабяк жылқысын Жапонияға жөнелтеді

Абай ауданындағы “Шанс” шаруа қожалығының басшысы Игорь Васильевич Жабяк биылғы наурыз айынан бастап жылқысын Жапонияға жөнелте бастайды.
Игорь Васильевич тің есімі аймаққа жақсы танымал. Оның шаруа қожалығы өсімдік және мал шаруашылығымен айналысып, жыл сайын одан мол өнім алып келеді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мұнда қазірдің өзінде 2 жарым мың жылқы өсіріледі. Фермер осы түлікті өсіріп қана қоймай, жылына 500-600 басын өзінің бордақылау алаңында семіртіп, жұртқа соғымға сатып, болмаса базарға шығарып отырады.

– Қазақ арасында өскендіктен өз басым жылқы малын, оның қазы-қартасын, жал-жаясын, етін жегенді жақсы көремін. Оның сүтінен дайындалған қымызды да сүйсіне ішемін дейді, – қожалық басшысы.

Енді биылғы наурыз айынан бастап Игорь Васильевич табынындағы жылқыларын Жапонияға тірідей жөнелтуге көшеді. Сол үшін ол өткен жылдың соңында жапондық бір фирмамен келісімге келіп, Қазақстан Сауда және индустрия министрлігінен рұқсат алып, бұл күндері ветеринарлық зертханасын аккредитациялауда.

Осы шаруаны бітірген соң, оның жылқыларын күншығыс елінің өкілдері айына 100 бастан сатып алып, ұшақпен әкетуге кіріседі.

Облысымызда бұл істі бірінші болып қолға алған фермер келешекте бұған аймақ фермерлерін де тартып, олардың жылқыларын да өткізбек ойда.

– Жылқы еті, әсіресе, оның жал-жаясы жапондықтардың да жеңсік асы көрінеді. Олардың өкілдері былтыр бізге 4 рет келіп, менің жылқыларымды көріп, күйіне көңілдері толып, ақыры сатып алатын болды, – дейді сөзінің соңында Игорь Васильевич Жабяк.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button