Жабдық жеткілікті, бірақ, маман тапшы
Шеттің бүгінгі аудандық орталық ауруханасын 90-шы жылдардың ортасында құрылысы аяқсыз қалып, тұрғындардың асарымен біткен деп айта алмайсыз. Іші-сырты толық жөнделіп, медициналық құралдары жаңаланған. Тіпті, осынша жыл істемей тұрған жедел саты да қазір қолданыста. Науқастарды стационардың 2-3-ші қабатына қолмен көтеріп шығарып жүрген медбикелердің мойнындағы жүк түсті.
Жарық ауадай қажет
Сырты қапталған ғимараттың іші де жөндеу көргеніне көп өтпегені көрініп тұр. Бұл жұмыстар аурухананың бас дәрігері Алпыс Аманжоловтың айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр жүзеге асқан. 472 млн. теңге осыған арнайы бөлініпті.
Қазір қолға алған шаруамыз – екінші электр желісіне қосылу. Алдағы аптада ғимараттың алдынан өтетін «Қазақтелеком» желісіне қосыламыз. КТП-сы дайын. Сонда бізде негізгі, қосымша және генератор арқылы алынатын тоқ көзі болады. Аурухана стратегиялық нысан болғандықтан, электр энергиясы үздіксіз болуы тиіс. Қазіргідей жарық сөніп қалмайды, – деді басшы біз барған кезде сөніп қалған жарықты мысалға алып.
Халықтың денсаулығы – әлеуметтік мәселенің зоры. Ол үшін қашанда өзекті екі дүние бар. Бірі – маман, екіншісі – маман жұмыс істейтін медициналық жабдықтар.
Бірінші мәселе
Алпыс Жанатұлы бірден айтты, маман тапшы. Аудандық аурухана мен оның құрамындағы медицина мекемелерінде қазір жұмыс істейтін 55 дәрігер мен 293 медбикені қосқан күннің өзінде кадр тапшылығы сезіледі екен.
– Қажет мамандардың қатарында жалпы тәжірибе дәрігерлері, окулист, педиатр, лор, дерматовенеролог, кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, эндокринолог пен УДЗ маманы бар, – деді аурухана басшысы.
– Соңғы 5 жылда жаңадан 24 маман келсе, 18-і отбасылық жағдайлармен жұмыстан шықты. Жастар қалаға кеткісі келеді, отын-су тасып, от жағатын үйлерден қашады. Мұндай мәселенің бар екенін әу бастан ашып айтамыз. Болашақта басқа аудандарда берілгендей, дәрігерлер үйі салынса деп ойлаймын. Әкімдіктен бөлек, өзіміз 2019 жылдан бері резидентурада оқып жатқан мамандардың оқу ақысын төлеу арқылы мәселені шешуге тырысып келеміз. Биыл осындай 4 маманды күтіп отырмыз. Олар келісім бойынша кем 3 жыл жұмыс істеуі керек. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген ірі 6 елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияның екеуінде дәрігер жоқ. Бірі – 2 мың халқы бар Мойынты станциясында болса, енді бірі – Өспенде. Дәрігер аптасына бір рет барып, қабылдау жүргізеді. Жоқтан жақсы десек те, сол жерде отырған дәрігер сияқты болмайды. Басшы сөз еткен қалған төрт елді мекен – Жарық, Ақжал, Нұраталды мен Красная Полянада өз дәрігерлері бар.
Екінші мәселе
Соңғы 5 жылда аудандық аурухана мен аудан көлеміндегі басқа да емдеу мекемелерінің жабдықталуы біршама жақсарған. Қаржыландыру да артқан. Алпыс Жанатұлының айтуынша, 2017 жылы 111 млн. теңгеге рентген, УДЗ, стома аппараттар, гематологиялық анализатор, стационарлық көлік және басқа да құралдар алынса, одан кейінгі жылы Болат Өтемұратовтың қоры демеу көрсетіп 52 млн. теңгеге автокөлік алып беріпті. 2019 жылы құны 48 млн. теңге болатын медициналық құралдар қолданысқа беріліпті. Өткен жылы пандемияға қарамастан қыруар жұмыс атқарылды. Бөлінген қаражат та қыруар. 178 млн. теңгеден асады. Бұл жөндеу жұмыстарына бөлінген соманы айтпағанда. Соның ішінде, жаңа үлгідегі УДЗ аппараты, цифрлық рентген аппарат, анестезиологиялық жүйе сондай-ақ, коронавирусқа байланысты жабдықтар алынды. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 елді мекенде модульдік фельдшерлік акушерлік пункт салынбақ. Кейін тағы төртеуін салу жайында ұсыныс айтылды.
КВИ-мен күрес
Дәл қазіргі таңда былтыр лық толған инфекциялық стационар – консервацияда. 60 орын стационар, 12 орын реанимация жабық тұр.
– Індет анықталмаған бірде-бір елдімекен қалмады. Бәрінен шықты. Алғашқы жылдағыдай емес, биыл дәрі-дәрмек, жеке қорғаныш құралдары толығымен алынды. Жыл басынан бері аудан бойынша 898 адамда коронавирус анықталды. Өкінішке қарай, 32 науқас қайтыс болды. Шілде-тамызда ең көп анықталды, өлім-жітім де сол кезде көп тіркелді. Қазір де анықталып жатқан бірен-саран адам бар. Олар жағдайына қарай үй карантинінде болады немесе облыс орталығына жіберіледі, – деді Алпыс Аманжолов.
Аурухана директоры вакцинация мәселесін де тілге тиек етті. Айтуынша, екпе алуы тиіс халықтың 56%-ы – бірінші компонентті, 75%-ы – екінші компонентті алған. Яғни, тұрғындардың 13 890-ы біріншісін алса, 11 мыңнан астамы вакцинацияның толық курсынан өткен. Дәрігерлер QazVac пен «Спутник V-ді» үй-үйді аралап салуға кірісіпті.
– Өйткені, халықтың жұмыс істейтін бөлігі, жастар келіп, алып бітті. Енді қарттар, үй шаруасындағы әйелдер, вакцина орталығына келу мүмкіндігі жоқ адамдар қалды. Сондықтан, арнайы бригадалар ұйымдастырылды, – деп түсіндірді ол. Айтқандай, Pfizer-дің арнайы тоңазытқышы жеткізіліпті. Аурухананың аға медбикесі Ляззат Жумкина вакциналау орталығына ертіп апарып, көрсетті.
– Тоңазытқышты әкеліп, қосып беріп кетті. Қалай жұмыс жасайтынын көрсетті. Енді вакцинаның өзін күтеміз. Қазір тұмауға қарсы екпе алу науқаны да өтіп жатыр. Халықтың 88%-ы оны алып үлгерді, – деді маман.
Әлеуметтік дәріханада дәрі арзан
Ауруханадағы әлеуметтік дәріхана, әсіресе, ауылдардан келетіндер үшін тиімді. Мұнда дәрі аудан басындағы басқа дәріханалардан 50-60 теңгеге арзан екен.
– Сұраныс бойынша тапсырыс жасаймыз. Қазір мысалы, тұмауға байланысты маусымдық барлық дәрі-дәрмекті алдырдық. Көбінесе сұрайтыны, антибиотиктер, парацетамол, мукалтин сияқты дәрігер. Антибиотик тек рецептпен. Әйтпесе, қит етсе, антибиотик ішетіндер көбейді, – дейді дәрігер Толғанай Амангелдіқызы.
Шалғайдағы ауыл тұрғындары жиі келе бермейтіні рас. Бір келгенде әрі қаралады, әрі дәрісін алып кетеді. Проблема қайда жоқ дейсіз? Барлық жерде бар. Алайда, осылай екен деп қол қусырып отырған басшылық жоқ. Қолынан келгенше өздері, келмей жатқан жерінде жергілікті әкімдік пен демеушілерді тартады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына шығады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы көтеріліп келеді.
Жансая ОМАРБЕК.