«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 22 мыңға жуық адам арнайы оқытудан өтті
«AMANAT» партиясының облыстық филиалында депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы, сондай-ақ, фракция мүшелерінің сан-салалы қызметі қоса талқыланды.

Партиялық пәрмен
Мән-маңызы жоғары келелі басқосуға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар басшылары, қала және аудан әкімдері, мәслихат төрағалары, фракция мүшелері, өңірлік штаб мүшелері, партияның аумақтық филиалдары өкілдері, саяси кеңес мүшелері, партия жанындағы кеңес мүшелері, партиялық бақылау комиссиясы мүшелері қатысты. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Мемлекет басшысы бастамашы болған парламенттік реформаның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
– Парламенттік реформа – елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңі. Бір палаталы Парламент жағдайында саяси бәсеке артып, әрбір партияның жауапкершілігі күшейеді. Сондықтан, облыстық филиалдың барлық құрылымдары бұл өзгерістерге жүйелі дайындықты бүгіннен бастауға тиіс, – деді Бекзат Қомарұлы.
Кеңейтілген отырыста әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мен өңірлік Жол картасының орындалуына да назар аударылды. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, биылғы жылдың 8 айында 136 тармақтың 29-ы орындалса, 107-сі орындалу үстінде. Оның 14-інің орындалмай қалу қаупі жоқ емес. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жол картасын іске асыру барлық деңгейдегі билік пен депутаттық корпустың жауапкершілігін талап ететінін атап өтті.
– Жол картасын орындау – формальді міндет емес, ол тікелей азаматтарымыздың өмір сапасына әсер ететін нақты жұмыс. Әр тармақтың толық орындалуы шарт. Ал, жауапты басшылар мен депутаттардың жеке жауапкершілігі атаулы жұмыста шешуші рөл атқарады.
Бекзат Алтынбеков партия жұмысының тиімділігі халықпен тығыз қарым-қатынасқа байланысты екенін де қаперге салды.
– «AMANAT» тек саяси институт қана емес, нақты істердің қозғаушы күші болуы тиіс. Біздің міндетіміз – халыққа жақын болып, олардың сұраныстарына жедел жауап беру, кері байланысты күшейту және әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – деп ой тұжырды спикер.
Отырыста «Таза Қазақстан», «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты» партиялық жобаларының, «Жастар рухы» жастар қанаты мен әйелдер қанатының жұмысы да ыждаһатты қарастырылды. Депутаттардың барлық деңгейде осы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуы межелі мақсаттарға қол жеткізуге әрі халық сенімін арттыруға мүмкіндік беретіні баса белгіленді.
Бүгінде ел арасында құқықтық сауаттылық артып келеді. Азаматтардың заңға деген көзқарасы, құқығын қорғауға бейілдігі мен белсенділігі күннен-күнге күшейіп келеді. Құндылықтар жаңарып, сана жаңғырып, азаматтық ұстаным нығайды. Бұрын үнсіз қалып, күрмеулі мәселені ішке бүккен жұрт қазір өз құқығын талап етіп, билікпен кері байланыс орнатуға құлықты. Қоғамдық және саяси болмысымыздың, ұлттық менталитет пен мәдени кодтың түбегейлі трансформацияға ұшырауы – тарих сахнасындағы шынайы бетбұрыс. Бір сөзбен айтқанда, қазірдің өзінде Әділетті Қазақстанның негізі қаланып жатыр. Халық үнін тыңдайтын, талабын ескеретін жаңа билік пен жаңарған қоғам – бүгінгі күннің бас жетістігіндей.
Жол картасының жоралғысы
Геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік шиеленістерге қарамастан, Қазақстан бейбіт өмір мен эволюциялық дамудың даңғыл жолын берік ұстанып келеді.
Алайда, тұрақты даму тек саяси-экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Қоғамның өркениеттік деңгейі, ең алдымен, табиғатқа деген көзқарасынан байқалады. Экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды. Осы орайда, елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ұлттық сана мен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі ретінде бағалануда. Биылдың өзінде өңірде мыңдаған гектар жер тазартылып, 70 мың тоннадан астам тұрмыстық және өндірістік қалдық жиналды. Табиғатты аялау – ендігі жерде әр кәсіпкердің, әр мекеменің, әрбір азаматтың борышы.
– 2023-2025 жылға арналған Жол картасының жүзеге асу барысын талқыладық. Оның барлық бағыты халықтың әл-әуқатын жақсартуды мақсат етеді. Оның ішінде, медицина тақырыбын алсақ, мәселен, ауылға білікті жас мамандарды тарту қолға алынған. Бұл жерде басты мақсат – тергеп-тексеру емес, бірлескен жұмыс арқасында елдің дамуына үлес қосу. Мемлекет басшысы Жолдауы аясында да жеті түрлі мәселені қозғады, оның барлығының әдістерін жан-жақты жүзеге асырып, жаңа технологияны пайдалануымыз тиіс, – дейді облыстық мәслихат депутаты, «Қарағанды су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мира Махатчина.
Цифрлық технологиялардың қоғам өміріне жаппай енуі бір жағынан ілгерілеу болса, екінші жағынан тосын қауіптердің пайда болуына жол ашты. Соңғы уақытта түрлі алаяқтық әрекеттердің күрт көбеюі – осының айқын дәлелі. Мұндай жағдайда азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығы мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осы бағытта «AMANAT» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы – әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі. Байыпты бастама қысқа уақыт ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мәселен, өткен жылы жетелі жобаға 11 285 азамат қатысқан болса, биылғы көрсеткіш бұдан екі есеге жуық артып, 22 мыңға жуық адам арнайы оқытудан өтті. Ал, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы – ауыл шаруашылығы саласындағы әділдік пен тиімділіктің жарқын мысалы. Комиссия жұмысы басталғалы бері Қарағанды облысында 1 миллион 956,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі таңда мұндай қадамдар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға, жер ресурстарын әділ әрі ұтымды пайдалануға нақты негіз болуда.
Өсім өрісінде
Өңірде экономикалық өсім қарқын алуда: өндіріс, инвестиция және ауыл шаруашылығы жоғары деңгей-дәрежеде дамып келеді. Өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша ауқымды және жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылдың басынан бері негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,4%-ды құрап, өңір экономикасының тұрақты дамуын айғақтап отыр. Биылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 107%-ға жетіп, жалпы көлемі 3,0 трлн теңгені құрады. Өңдеуші сектордағы өндірістің елеулі бөлігін, яғни, 50%-дан астамын «Qarmet» акционерлік қоғамы қамтамасыз етуде. Жыл соңына дейін салалық департаментінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ете отырып, болат өндірісін 4,4%-ға, ал, шойын өндіруді 6%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай нәтижелер бар. Негізгі капиталға 644,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, көзайым көрсеткіш былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1%-ға өскен. Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 195 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру көзделді. Аталған жобалар нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмауда. Салада өнім көлемі 219,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға артқан.
– Агросала өкілі болғандықтан ба екен, Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен ауыл шаруашылығының жаңа деңгейдегі даму үрдісіне терең мән бере тыңдадым десек, болады. Биыл баршасына аян, осы салаға триллион теңге көлеміндегі қомақты қаражат сарп етілген еді. Иә, бір қарағанда қомақты сома болып көрінгенімен, өзге көршілес мемлекеттермен бәсекелесе алатындай болмағымыз да шарт. Мәселен, сүт өнімдері мен еттің өзін түрліше өңдей отырып, мейлінше тәуелсіз де тәуменсіз болу үшін әлі де қарманыс қадамдарын ұластыра түскен әбден маңызды. Мемлекет басшысы космомониторинг технологиясын қолдану қажеттігін де алға тартты. Өйткені, әл-әзірдің өзінде де иен жер телімдері құр жатыр. Біздіңше ауыл шаруашылығы келе-келе, бара-бара экономикамыздың негізгі драйверіне айналмағы ләзім, – деп пікір үстеді облыстық мәслихат депутаты Игорь Жабяк.
Өңірге тартылған инвестициялар көлемі 644,7 миллиард теңгеден асты. Өткен жылы 29 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 195 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Осы жобалар шеңберінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі нығайтады.
Алуан пікір, бір мақсат
Отырыс қорытындысы бойынша фракция депутаттарына және басқарма басшыларына Жол картасының орындалуына бақылауды күшейту, ұсыныстарды уақытылы орталық аппаратқа жолдау және сайлаушылармен жұмыста белсенділікті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Келелі жиынға қатысушылар жарқын мақсаттар мен нақты міндеттерді белгілеп, жауапкершілікті одан әрі арттыру қажеттігін түйсінді. Жиналғандар Жол картасының әрбір тармағын мұқият талдап, халық алдындағы аманатты адал атқару – партияның басты ұстанымы екенін тағы бір мәрте атап көрсетті. Басқосу сындарлы пікір алмасудың, жаңа бастамалардың һәм тың идеялардың ұштасқан алаңы болды. Әрбір депутат, әрбір басшы өзіне артылған сенім мен міндетті жете түсініп, өңірдің өркендеуі жолындағы қызметін жаңа деңгейге көтеруге ниетті. «AMANAT» партиясы үшін бұл – саяси ұстанымнан гөрі, халықпен бірге атқаратын нақты іс пен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір шешім, әрбір қадам қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Өңірдің даму қарқыны, экологиялық тазалық пен цифрлық сауаттылықтағы оң ілгерілеулер, агросаланың жаңғыруы – бәрі осы біртұтас мүдденің жемісі. Жол картасының жүзеге асуы – әрбір тұрғынның өмір сапасына тікелей ықпал ететін маңызды жұмыс. Сондықтан да, фракция мүшелері мен басқарма басшыларына бекітілген нақты тапсырмалар – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың, елдің бірлігі мен тұрақтылығының кепілі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»