Жаңғыру – жастарға жақын жол
Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына екі жыл толды. Мемлекет басшысы айқындап берген бағдарлама аясындағы өзекті мәселелер қатарында жастарды белсенді өмірге тарту мәселесіне баса назар аударылған. Осы орайда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде бас қосқан жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығында жастардың бастамасымен жүзеге асқан жобаларға тоқталды.
Отырыста «Рухани жаңғыру» жобалар кеңсесінің бас менеджері жалпы облыста бағдарламаның жүзеге асу барысына тоқталды. Қарағандыдағы аулалар жөндеуден өтіп, жастарға арналған кешендер бой көтергенін тілге тиек етті.
Серік САНАУБАЕВ, «Рухани жаңғыру» жобалар кеңсесінің бас менеджері:
- «Рухани жаңғыру» жобасы аясында жерлестерімізді қандай мәселелер толғандыратыны, өз ауылдарында, облыста, жалпы елімізде нені өзгерту қажет екенін түсіну – маңызды. Осы мақсатта облыста құрамына ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сараптама кеңесі құрылған болатын. Онда әр қазақстандықты жақсы қасиеттерге баулып, патриотизм мен елімізді өркендетуге тәрбиелеуге баса назар аударылған. Бүгін де бағдарлама аясында «Жезкиік» фольклорлық-музыкалық фестивалі, V Халықаралық робототехника, бағдарлау мен инновациялық технологиялар фестивалі, алғашқы IT-форум – IT-weekend.kz-2018 шараларын қосқанда 500-дей жоба іске асты. Жоба кеңсесі азаматтарды аталған бағдарламаны жүзеге асыруға және жаңа идеялардың қатысушылары мен бастамашылары болуға шақырады.
Жиында ҚарМТУ-дың патриоттық тәрбие беру бойынша ғылыми-зерттеу институтының директоры Гүлжан Құдаринова «Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында ҚарМТУ-мен бірлескен 16 жоба жүзеге асты. Соның ішінде, «Генералдар аллеясы», «Өз ағашыңды отырғыз» сынды жобалар қолға алынды. Бәрі – жастарды белсенді өмірге баулып, олардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыруды көздейді. Жобалау кеңсесі үшін ғалымдар, студенттер мен магистранттар арасындағы сұхбат жастарды тәрбиелеу үшін аса маңызды» – деп атап өтті. Жастар сұхбат алаңында көзқарастарымен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Бірлескен жобаларды, бірқатар өзекті мәселелерді атады. Қарағанды медициналық университетінің жастар ісі жөніндегі бөлім маманы Александр Урмашов және Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Әділет Бауыржанұлы жоғары оқу орындарындағы прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік жайына тоқталды. Жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары саналатын білім алу – мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, оқу орындарының оң имиджін қалыптастыруға бағытталғандығын атады.
Аяулым СОВЕТ.