Жаңғыртудың жарқын үлгісі
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұтастай қарағанда, кез келген қала мен кенттің тұрақты қызметін қамтамасыз етіп, құрлықтың қақ ортасындағы Қазақстанның инфрақұрылым игілігін дамытуда шешуші рөл атқарады. Еліміздің өнеркәсіптік орталығы атанған облысымызда бұл сала өндірістік кәсіпорындар мен қала халқының жоғары шоғырлануына байланысты, ерекше маңызға ие. Дегенмен, бұл іргелі кешен инфрақұрылымының «қартаю» сияқты түйінді түйткілі де жоқ емес, бар…
Мәселенің төркіні
…Сондықтан, коммуналдық жүйелерді жаңғырту қажеттілігі жүзбе-жүз жұмысты айрықша талап етеді. Мәселен, энергия үнемдеу технологияларын енгізу, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және оның халық үшін қолжетімділігін арттыру сынды стратегиялық маңызға ие сындарлы бастамалар іске асуда бүгінде. Осы және өзге толғақты сауалдар барысына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Арман Саттыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында жете тоқталды.
Облыстың электр энергетикалық кешені 7 станция, 3 өңірлік электр желілік компания және 27 энергия беруші ұйымнан құралады. Тозу демекші, жылу көзінің негізгі қондырғыларының тозуы 69% шамасында. Энергия көзі жабдығының тозуы қаладағы құрылыс қарқынының ұлғаюымен, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандарының пайда болуымен, әрмен қарай өнеркәсіптік кәсіпорындардың салынуына да тікелей байланысты. Яғни, бір жаңа нысан жылу, электр қуатына қосымша жүк деп түсінген ләзім. Сайып келгенде, мұндай олқылықтың орны толмаса, бара-бара, келе-келе, жылу энергиясының тапшылығына тап келуіміз әп-сәтте.
Тапшылыққа тап келсек…
Мәселен, осы жылдың кейінгі 5 айында ғана өңірде электр энергиясын тұтыну 8,4 млрд. кВтсағ құраған болса, ал, өндіру 6,3 млрд. кВтсағ құрады. Тапшылық 2,1 млрд. кВтсағ шамасында. Демек, жетпеген көлем сыртқы энергия көздерімен қамтылғаны белгілі.
– Жүйелік оператормен бірлесіп жүргізілген сараптама деректері, 2013 жылдан бастап, соңғы 10 жылда электр энергиясын тұтынудың орта есеппен 1,5-2%-ға өскенін байқаймыз. Бүгінгі таңда электр желілерін жаңғырту және күрделі оңдау жобаларына ерекше назар аудармасқа болмайды. Сондықтан, 2024-2025 жылдардағы жөндеу науқаны кезеңінде энергия көзінің жұмыс сапасын арттыру үшін 22,5 млрд. теңге сомасына 45 қазандық пен 28 турбинаны жөндеуді межеледік. Уәкілетті органмен инвестициялық келісімдер аясында 2028 жылға дейінгі кезеңде облыстың іргелі 4 станциясында жаңа 3 қазандық пен 4 турбинаны іске қосу көзделді. Нәтижесінде, станциялардың қуаты 410 МВт электр және 430 Гкал/сағ жылу энергиясына артады, – деп мәлімдеді спикер.
Облыста 3 өңірлік электржелілік компания бар болса, электр желілерінің ұзындығы шамамен 24 мың шақырымды құрайды. Электр желісінің тозуын едәуір төмендету үшін энергия таратушы кәсіпорындарының инвестициялық бағдарламалары шеңберінде станциялар жабдықтарын реконструкциялау, техникалық жаңғырту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, 45 млрд. теңгеден астам сомаға 210 шақырым электр желісін жаңғырту амалдары іске асырылмақ. Нәтижесінде 2026 жылға қарай электр тарату желілерінің тозуы 68,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бүгінде 500 шақырымнан астам электр желісі мен 205 бірлік қосалқы станциялар жабдықтары жөнделген.
Дамуға бетбұрыс
Былтыр қазыналы Қарағанды Қазақстанның барлық электр энергиясының 30%-дан астамын өндірді. Мұнда «Саран» және үшінші Қарағанды жылу электр орталығының күш-қарымын атап өтпеске болмас. Бұл нысандарды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу олардың тиімділігін едәуір арттыруға және атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға тың мүмкіндік ұсынды. Тұжыра келгенде, Қазақстанның энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық секторы белсенді трансформация сатысында тұр. Ел энерго байлығының жетекші экспорттаушысы ретінде өз тұғырын нығайтуды жалғастырып жатқанымен, инфрақұрылымды ішкі жаңғырту басым міндет болып қала береді. Энергетика секторында маңызды рөл атқаратын Қарағанды облысы «қартайған» коммуналдық инфрақұрылымның сын-қатерлерімен бетпе-бет келуде. Алайда, іске асырылып жатқан жаңғырту жобалары таяу болашақта жағдайдың жақсаруына үкілі үміт артуға негіз боларлықтай. Саланың тұрақты қалыпта дамуы инновациялық технологияларды енгізумен әрі инвестиция құюмен қатар, Қазақстан халқының тұрақты өсуі мен өмір сүру сапасын арттырудың кепілі болмақ.
Төңірек тазалығы
Сөзінің соңында салалық басқарма өкілі «Таза Қазақстан» эко-акциясының өту барысын да тілге тиек етті.
– Биыл 8 сәуірде елімізде Мемлекет Басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғанын білесіздер. Ауқымды акция кешенді 5 тақырыптық аптаға бөлінді. Алғашқы аптасы алты ай қыстан кейінгі қалалар мен елдімекендер аумағын тазарту амалдарына арналған «Таза өлке» тақырыбында өрбіді. Оған 40 мыңнан астам адам, 6 мың кәсіпорын қатысты. 15 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 10 мыңнан астам аула аумағы тазартылды. 367 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Шынтуайтында, Президент бекітіп берген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы халықтың экологиялық сауатын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастырып үлгерді, – деп қайырды Арман Саттыбаев.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» акциясы 2018 жылы бастау алып, содан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Облыста ауқымды іс-шара аумақтарды тазалау мен ағаш отырғызудан бастап келіп, экологиялық ағартуға және зиянды шығарындыларды азайту бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыс істеуге дейінгі экологиялық бастамалардың кең спектрін қамтыды. Былтыр акцияға 50 000-нан астам қатысушы жұмылдырылып, олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпорын қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері және облыстың қамқор тұрғындары болды. Іс-шара аясында 200-ден астам экологиялық акциялар, оның ішінде, жаппай сенбіліктер және арнаулы семинарлар өткізілді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz