Жаңғырту жаңа дəуірге бастайды
Өздеріңізге мəлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Əділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында жоспарланған реформаларды жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің құзыретіне, жауапкершілігіне жəне саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Агенттік мемлекеттік аппаратта адами капиталды дамыту бойынша «адамға бағдарлану» бағытында белсенді жұмыс істеуде. Бұл – заман талабы. Біз жұмыстың ескі жəне маңызды емес тəсілдерінен бас тарта отырып, əлемдік озық тəжірибелерді алып, сол бағытта бейімделеміз.
Түсінгеніміздей, қарым-қабілет мемлекеттік қызметпен байланысты емес, бірақ, мемлекеттік басқарудың дамуына ықпал ететін əртүрлі салаларда көрініс беруі мүмкін. Сондықтан, бірқатар елеулі өзгерістер мен жаңалықтар қабылданды.
Мысалы, «келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкерлер» ұғымы енгізілді. Егер мемлекеттік органға нақты салалық мəселе бойынша тапсырма орындау қажет болса, онда ол белгілі бір мерзімге конкурссыз тиісті маманды тарта алады.
Тағы бір жаңалық – нақты сектордан үміткерлерді олардың салалық тəжірибесі мен таңдаған лауазымының функционалдығын ескере отырып, «Б» корпусының басшы лауазымдарына тікелей тағайындау мүмкіндігі. Мысалы, білім саласындағы жеке компанияның жоғары тиімділік көрсеткіштері бар маманы облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына ие бола алады. Бұл ретте, оның қабілеттері мен құзыреттерін бағалау негізінде агенттікпен келісу шешуші рөл атқарады.
Мемлекеттік грантпен білім алған ЖОО үздік түлектері үшін мемлекеттік қызметке «кедергісіз кіру» жолы ашылды. Олар аудан, ауылдардың жергілікті атқарушы органдарынан конкурстық іріктеуден өтпей-ақ еңбек жолын бастай алады.
Өзгерістер мемлекеттік қызметке тұруға қойылатын біліктілік талаптарына да əсер етті. Енді кандидаттың мемлекеттік қызметте де, квазимемлекеттік жəне жеке секторда да жалпы жинақталған жұмыс өтілі егер олар таңдалған лауазымның функционалдық бағытына сəйкес келсе, есепке алынады.
Ал, мемлекеттік қызметке кірудегі қажетсіз кедергілерді жою үшін əлемнің кез келген жерінен азаматтарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін «e-Qyzmet» жаңа цифрлық іріктеу жүйесі іске қосылды. Нəтижесінде, үміткерлер үшін түрлі бөлімдерден құжат жинап тапсыру сияқты кейбір процедураларды жеңілдетеді.
Пилоттық режимде өткен жылдан 5 мемлекеттік орган мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесінде сынақтан өтуде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының əкімдіктері. Биылғы ақпаннан Қарағанды облысы да пилоттық жүйеге қосылды.
Сонымен қатар, биылғы жылы тағы екі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Біріншісі – облыстық жастар кадрлық резерві. Облыстық резервке іріктеуге жасы 35-тен аспайтын, жоғары білімі жəне кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Аймақтық резервке іріктеу: 1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау; 2) заңнаманы білуге тестілеу жəне жеке қасиеттерін бағалау; 3) уəкілетті орган жүзеге асыратын құзыреттерді бағалау; 4) комиссияда құрылымдық сұхбат; 5) облыстық резервке қабылдауға кандидаттарды комиссия отырысында қарау сияқты кезеңдерден тұрады.
Сайланбалы лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына өңірлік резервке алынған адамдар орналаса алады.
Екіншісі – жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері арасынан мемлекеттік қызметке лайықты болып іріктеуден өткен кадрлық резерв.
«Таланттар пулы» жобасы – облысымызда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының аналогы. Бұл жобаға жоғары оқу орындары мен колледждердің тəмамдаушы курс студенттері қатыса алады.
Бүгінгі таңда аталған жоба бойынша іріктеу жүріп жатыр. Құжаттарды қабылдау, эссе жазу жəне Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында білім алу сияқты кезеңдері аяқталды. Алдағы күндері оқу кезеңін сəтті аяқтаған студенттер мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтуге жолданады. Келесі кезеңдерге тестілеуден өту жəне мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне жазылу кіреді.
Дарындылар пулына іріктеу жазда аяқталады, ал келесі іріктеу ағымдағы жылдың күзінде басталады.
Жоғарыда аталған барлық жаңашылдықтар мемлекеттік қыз метке іріктеуді неғұрлым ашық, жеңілдетілген, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің өзін бəсекеге қабілетті жəне тартымды етуге мүмкіндік береді.
Ербол ЖОЛДАНҒАР,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы, Əдеп жөніндегі кеңес төрағасы7