Жаңғырған шахта, жаңарған өндіріс
Көмір өндіру ісі қайта жанданды. Қарағанды шахталарының екінші тынысы ашылып, кеншілер жұмысы қарқын алды. Бір кездері тұралап қалған өндіріс орындары қайта іске қосылып, «Тентек», «Қазақстан», «Костенко» және «Абай» шахталары жұмысын жалғастырды. Кен өндірісін дамытуға бағытталған «5-9-5» бағдарламасы шеңберінде үңгу бригадаларының саны артты. Жаңа да тегеурінді технологиялар енгізілуде. Бұл тек аймақ экономикасының емес, мыңдаған кеншінің өміріне серпін беретін тың өзгерістердің бастауы.

Кеншілер астанасы атанған өңірде бір кездері 26 шахта, жеті бірдей кен байыту фабрикасы болған. Аты мәшһүр «Қарағанды көмір» бірлестігінде шамамен 120 мыңға жуық адам еңбек етті. Ал, 1996 жылы «АрселорМиттал» Көмір департаментінің активтерін сатып алған кезде мұнда 15 шахта болған. Онда 60 мыңға жуық адам жұмыс істеді. Кейін уақыт өте келе, шахталардың жетеуі жабылып, тек бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан 8 шахта қалды.
Қарағанды қаласында 5 шахта болса, қазір тек біреуі ғана қалды. Саран қаласындағы бес шахтаның қазір екеуі жұмыс істейді. Шахтинск өңіріндегі жеті шахтаның қазір төртеуі ғана бар. Абай ауданында төрт шахтаның біреуі ғана қалып отыр. 2023 жылы, алпауыт компания «Qarmet» деп аталған мерзімде сегіз шахтаның тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұрды. Қалған бес шахта белгісіз себептермен көмір шығарған жоқ еді. Мұндағы үңгу бригадаларының саны тек 11 ғана болған. Бұл – шахтаның болашағына үлкен қауіп төніп тұр деген сөз. Себебі, үңгу жұмыстары жоқ жерде, шахтаның болашағы жоқ. Бүгінде әлгі 11 бригаданың саны бірден 53 бригадаға жетті. Жұмысқа жаңадан адамдар алына бастады. Тұралап қалған шахталар жұмыс істей бастады. Атап айтқанда, 2021 жылдан бері тұрған «Тентек» шахтасы, 2023 жылдан бері тұралап қалған «Қазақстан» шахтасы, апаттан кейін қайта жұмысын бастаған «Костенко» шахтасы, «Абай» шахталарында жұмыс қайта жүре бастады. Қазіргі кезде Көмір департаментінде жалпы саны 14 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Qarmet акционерлік қоғамының ресми веб-сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан барлық жоспары «5-9-5» даму бағдарламасының аясында шоғырланып отыр. Бір мысал, 2028 жылға дейін 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір өндіру, 5 млн тонна концентрат шығару межесі тұр. Барлық 8 шахтада жұмыс жанданды. Өткен жылы Көмір департаментіне қарасты 8 шахта 6,5 млн тонна көмір өндірді. 42 шақырым үңгу жұмыстары орындалды. 4 шахтада позициялау жүйесі енгізілді. Жыл соңына дейін тағы қалған 4 шахта позициялау жүйесіне қосылады. Департаментте орталық диспетчерлік қызмет іске қосылды. Ол жер астындағы кеншілердің жұмысын онлайн режимде бақылап отыруға соны мүмкіндік береді. Онымен қатар, кез келген апатты жағдайлардың алдын алуға жол ашады. Сондай-ақ, алдын-ала дегазация жобасы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоталы жоба кеншілер көмір өндірмес бұрын жер қатпарларында сіресіп жатқан газ метанның кем дегенде 50 пайызын өндіріс жұмыстары басталмай тұрып сорып алуға мүмкіндік береді. Бүгінде 6 скважина қазылып, жұмыс істеп тұр. Осы және өзге де жұмыстар өз жалғасын тауып келеді.
Қаңтар айындағы комбинат жұмысының нәтижесі сенімді: 283 мың тонна шойын, 319 мың тонна болат, 208 мың тонна кокс және 459 мың тонна агломерат өндірілді. №1 листопрокат цехы 264 мың тонна дайын өнім шығарды, бұл жоспарланған көрсеткіштерден 3,7% жоғары. Qarmet компаниясының Бас директоры Вадим Басин ұжымға өндірісті әрі қарай нығайту және қажетті жабдықтарды модернизациялау бойынша тапсырмалар қойды. Қызметкерлердің жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін мердігер ұйымдармен жұмыс істеуді күшейтуге назар аударылды.
Жерасты жұмысшысы Асхат Назыров қолына қайла алған кенші табиғатынан сабырлы да төзімді болмағы шарт деп есептейді. Оның айтуынша, шахтерлік кәсіп тек физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар, психологиялық тұрақтылықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді.
– Жер астында жұмыс істеу – жай ғана еңбек емес, бұл – өмір салты. Мұнда әр қадам есептеулі, әр қозғалыс маңызды. Қиын жағдайларда салқынқандылық пен сабыр сақтай білу – кенші үшін басты қасиеттердің бірі, – дейді ол. Асхаттың сөзінше, көмір қабаттарының арасындағы ұзақ сағаттар бойы тынбай еңбек ету, қауіпті жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау – шахтерлердің күнделікті міндеті. «Біз бір-бірімізге сенім артып, әрдайым иық тіресе жұмыс істейміз. Бұл жерде төзімділік пен сабыр болмаса, ұзақ жылдар бойы еңбек ету мүмкін емес», – деп түйіндейді сөзін тәжірибелі кенші.
Осылайша Қарағанды шахталарының қайта жандануы – өңір экономикасының қанжығасына соны салым байлады. Тұралап қалған өндіріс орындарының іске қосылуы, заманауи технологиялардың енгізілуі, кеншілер санын арттыру – бұл көмір өнеркәсібінің болашағы жарқын екенін айғақтайды. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан аталған жұмыстар мыңдаған еңбек адамының тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өндіріс саласына тың серпін бермек. Көмір – Қазақстанның стратегиялық байлығы, ал, оны өндіру мен игеру – ел дамуының кепілі. Шахталардағы оң өзгерістер – еңбек пен ынтымақтың жемісі, болашаққа нық қадам!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»