Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын – Мемлекет басшысы
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көруден басталды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған.
Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.
Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді.
Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі. Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА