Жаңалықтар

Жақсының атын жаңғыртып…

Арқаға ғана емес, есімі өрелі көрерменге таныс, «Ақпарат саласының үздігі» Ардақ Қабыхановты еске алуға арналған классикалық шахмат және дойбыдан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында турнир өтті. Доданы облыстық «Saryarqa» телеарнасы мен Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы, сонымен қатар, «Хабар» агенттігі АҚ Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшілер қосыны ұйымдас­тырды.

Турнирдің ашылу салтанатына марқұмның анасы, жұбайы мен баласы, сыныптастары, достары, әріптестері қатысты. Шаршы тақтадағы дода басталмас бұрын Ардақ Қабыханов хақында естеліктер айтылды. Сөз сөйлеушілер оның азаматтығы мен өз саласындағы шеберлігіне тоқталды.

– Ортамыздан жас әрі тосын жағдайда кеткен Ардақ бауырымызды еске алу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шара. Бұл дос­тардың, әріптестердің Ардаққа деген шексіз құрметі мен сағынышының лебінен туған үлкен шара деп есептеймін. Ортамыздан ерте кетсе де еселі еңбегімен, парасаттылығымен, азаматтық биіктігімен, жайраңдаған жүзімен, әрқайсымызға мейірім шашып, үлкенді – аға, кішіні – бауыр деген Ардақ Қабыхановты жақындары ғана емес, бірге араласқан достары, әріптестері ұзақ жылдар бойы жүрегінде мәңгі сақтайды, – деді AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков.

– Ойда жоқта Арқа жұрты өзінің асыл азаматынан айырылып қалды. Үлкенге де, кішіге де құрметті еді. Нағыз азаматтың жарқын үлгісі еді марқұм. БАҚ саласындағы жұмыс өтілі 20 жылдан асады. 15 жыл бойы «Хабар» агенттігінің» меншікті тілшісі болды. Сол жылдарда микрофоны мен қаламын ұстап аймақ жұртының игілігіне қызмет етті. Соңында қаншама шәкірт қалды. Олардың бәрі бір кездері алдынан жылы жүзбен шығып, телеарна әліппесіне үйреткен ағаларын ұмытпайды, – деді Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы Жәнібек Садықанов.

Турнир қорытындысы бойынша дойбыдан «Saryarqa» телеарнасының ардагер журналисі Сейіт­қали Әшімов I орын, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Айбек Рахымжан ІІ орын, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі Жанабек Нар III орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, «Хабар» агенттігінің арнайы сыйлығын ардагер журналистер Әли Тойжігіт пен Сүйіндік Жанысбай иеленді. Шахматтан ерлер арасында «Новое Телевидение» телеарнасының тілшісі Абылай Аманқұл І орын, «Новое Телевидение» телеарнасының басшысы Руслан Никонович ІІ орын,  «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Ботабек Тілегенов пен Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы Жәнібек Садықанов ІІІ орынды қанжығаға байлады. Қыздар арасында шахматтан  «Ortalyq Qazaqstan» газетінің дизайнері Арайлым Көктаева І орын, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Диана Жәмлиханова ІІ орынды олжалды. Журналистер одағының арнайы сыйлығын  «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Қуаныш Аманқұлов және «Saryarqa» телеарнасының тілшісі Айдана Бекқали алды. Турнир жеңімпаздарының барлығы арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ардақ Қабыханов еңбек жолын аудандық «Қарқаралы» газетінен бастаған. Облыстық «Saryarqa» телеарнасында да еңбек еткен.
Бұл турнирге Арқаға белгілі меценаттар атсалысты. Бұл қатарда Серік Қасымбеков те бар.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button