«Жақсылық жасап жарысайық»
«Жақсылық жасап жарысайық» деген тағылымды сөз бар. Бүгінде осы ұлағатты ұстанымды іс жүзінде жүзеге асырып жүргендер аз емес. Солардың қатарында «Асыл Ана – 2020» қоғамдық қорының орны ерекше. Қордың бастамасымен «Заман» мейрамханасында «Армысың, әз Наурыз!» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Мерекелік жиынға Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Дастан Тұрсынов қатысып, жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтады.

«Асыл Ана – 2020» қоғамдық қоры 2020 жылы құрылған болатын. Содан бері қайырымдылық қызметтің алдыңғы шебінде. Қордың негізгі мақсаты – көпбалалы және жалғызбасты аналарға, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы бағытта ұйым тарапынан қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылып, мемлекет ұсынатын «Бастау» грантына қатысуға, тұрғын үй және балабақша кезегіне тіркелуге, өзге де мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге тегін көмек көрсетіп келеді.

Бұдан бөлек, қор мұқтаж жандарды жұмыспен қамтуға ықпал етіп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты үлес қосып отыр. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары қордың қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Әрі бірқатар белсенді ұйымдастырушыға Алғыс хат табыстады.

– Ұлыстың ұлы мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Осындай мереке қарсаңында игі іс-шара ұйымдастырып отырған барша ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай ізгі бастамаларымыз көбейе берсін, – деді Дастан Тұрсынов.

Қоғамдық қордың жетекшісі Айжан Байдельдинова 2019 жылдан бастап көпбалалы отбасылармен жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. 2020 жылы «Асыл Ана – 2020» қоғамдық қорын құрып, оған жетекшілік ете отырып, әлеуметтік маңызы зор игі бастамаларды қолға алған.

– Жыл сайын Наурыз мейрамын мейрамханада бірге қарсы аламыз. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандар көбіне мемлекеттік мекемелерде тұрғандықтан, той-думанға жиі бара бермейді. Сондықтан, олар да мерекелік көңіл күйді сезінсін деген ниетпен жыл сайын демеушілерімізбен бірлесе ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырамыз. Демеушіміз жеке кәсіпкер Әлихан Саттаровпен 2019 жылдан бері таныспын. Сол уақыттан бері оның қолдауымен көптеген қайырымдылық шараларын жүзеге асырдық. Сонымен қатар, Саяхат Сыздықов есімді демеушіміздің де үлесі зор. Алдағы уақытта да ауқымды игі жобаларымыз жалғасын табады, – деді Айжан Данышпанқызы.
Ал, жеке кәсіпкер Әлихан Саттаров болса, мұндай игі бастамалардан қалыс қалмайтынын айтады.
– «Асыл Ана – 2020» қоғамдық қорымен біршама уақыттан бері тығыз әрі нәтижелі әріптестік орнатып келеміз. Бұл ұйымның атқарып отырған игі істері – қоғамдағы мұқтаж жандарға қолдау көрсету, аналар мен балаларға қамқорлық таныту – мен үшін әрдайым үлкен құрмет пен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да қайырымдылық бағытындағы бастамалардан тыс қалмай, қолдан келгенше үлес қосу – азаматтық парызым деп білемін. Қайырымдылық – бұл тек материалдық көмек қана емес, ол – жүректен шығатын жанашырлық пен адамгершіліктің көрінісі. Осындай ізгі шараларға атсалысу арқылы қоғамда мейірім мен өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға аз да болса ықпал етеміз деп сенемін, – деді ол.
Мерекелік кешке жалпы саны 120 адам қатысты. Қонақтар қатарында қарттар үйінің тұрғындары, оңалту орталығының тәрбиеленушілері, №6 мектеп-интернатының мүмкіндігі шектеулі оқушылары, әрі алтын құрсақты әжелер де болды. Іс-шара аясында жиналған қауымға ақ дастархан жайылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



