Жақсылардың жалғасы: академик Зейнолла Молдахметовке аймақ басшысы құрмет көрсетті
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биыл 90 жасқа толған көрнекті ғалым-академик, ағартушы-ұстаз, белгілі қоғам қайраткері Зейнолла Молдахметовті қабылдап, мерейтойымен құттықтады.
Қабылдауда өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. Құттықтау хатында «Торқалы тоқсан жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз өзіңізді көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еліміздің оқу-ағарту саласын дамытуға қосқан үлесіңіз өте мол. Ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық қызметіңіз және бойыңыздағы асыл қасиеттеріңіз Сізді абырой биігіне көтерді», – делінген.
Құттықтау рәсіміне Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен Ұлттық ғылым академиясы жоғары мектебінің вице-президенті Абдумүталіб Әбжаппаров, қоғам және мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімова қатысып, тұлғаға айналған ұстазға жылы лебіздерін айтты.
– Зейнолла Молдахметов – халықтың ұлы. Қарағандылықтарға ғана емес, бүкіл республикаға танымал және елімізде зор беделге ие. Зейнолла Молдахметов білім, ғылым және жалпы рухани даму саласында бірегей тұлға деп айта аламын. Ғылым мен қоғамның дамуына әркім осындай құнды үлес қоса алмайды, – деп атап өтті қоғам және мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімова.
Ғалымның мерейтойы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында ұйымдастырылған ғылыми конференцияға жалғасты. Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар мен ұстаздар, зиялы қауым өкілдері келіп, Зейнолла Молдахметовтің атқарған еңбектері хақында баяндама жасады. Сонымен қатар, «Жасанды интеллект» тақырыбы қозғалды.
– Нейрожүйе, жасанды интеллект Қазақстанның жоғары оқу орындарына және ғылымға еніп үлгерді. Біз бұдан қаша алмаймыз. Осы конференция аясында жасанды интеллектің жоғары білімге енгізілуі мен әсері де талқыланатын болады. Бұл жағдайда білімді жақсарту, оқу процесі және ғылыми нәтижелерді жақсарту үшін осы технологияларды қолдана білу өте маңызды, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. Зейнолла Молдахметовтің шәкірті, Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, ғалым Арыстан Ғазалиев те осы тақырып төңірегінде пікірін білдірді.
– Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлармен кездесуінде «Цифрландыру – Қазақстан үшін ұлттық деңгейдегі басымдық болып табылады» деп атап өткен еді. Қазір елімізде цифрвизацияның іргетасы қаланған. Әлемдік өркениет дамудың жаңа деңгейіне жетті. «Жасанды интеллект» деген ұғым өмір шындығына айналды. Осының негізінде квантты компьютерлер жасалып, нейроғылым алға қарай жылжыды. Біз де ғылымға баса назар аударып, көштен қалмауымыз керек, – деді Арыстан Ғазалиев.
1980 жылы Зейнолла Молдахметов Қарағанды мемлекеттік университетінің тізгінін өзінің аға-ұстазы Евней Бөкетовтен кейін алған. Университет тарихындағы екінші ректор. Атақты Евней Арыстанұлының өзінен бата алып бастаған жауапты қызметін сегіз жыл атқарады. Басшылық еткен жылдары физика-математика факультетінің оқу-лабораториялық корпусы мен студенттер мәдениет сарайы, оқытушыларға арналған сексен пәтерлік тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ, қаланың Оңтүстік-Шығысындағы университет қалашығы мен биология факультетi ғимаратының құрылысы Зейнолла Молдахметұлының кезінде басталған.
Зейнолла Молдахметов 350-ден астам ғылыми еңбек, 6 монография жазды. Физикалық химия саласында маңызды зерттеулер жүргізген. Ғылым саласындағы жемісті және көпжылдық еңбегі үшін «Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері. ҚазКСР жоғарғы кеңесінің құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» және «ҚР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» медальдарымен марапатталған.
Зейнолла Молдахметов 350-ден астам ғылыми еңбек, 6 монография жазды. Физикалық химия саласында маңызды зерттеулер жүргізген. Ғылым саласындағы жемісті және көпжылдық еңбегі үшін «Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері. ҚазКСР жоғарғы кеңесінің құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» және «ҚР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» медальдарымен марапатталған.
Зейнолла Молдахметұлы 1933 жылдың 3 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауылында дүниеге келген. 1965 жылдан бастап Қарағанды қаласында тұрады. Қаланың ғылыми және білім беру әлеуетін қалыптастыруға, дамытуға, жоғары білікті кадрлар даярлауға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесі мен қала өміріне белсенді қатысқаны үшін 2001 жылғы 22 тамызда Зейнолла Молдахметұлы Қарағанды қаласының құрметті азаматы атағына ие болды.
Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz