«Жақсы жол елге жора»
Тоғыз жолдың торабында тұрған аймақ үшін инфрақұрылым басты назарда. Өңірде республикалық, облыстық маңызы зор жолдар торабы бар. Мәселен, биыл «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» республикалық маңызы бар автожол учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Нұра кентінен Ақмола облысының шекарасына дейін 7 шақырым жол жөндеу көрді. Жол құрылысын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бақылап қайтты.
Ресми деректер ұзындығы 200 шақырымнан асатын «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» жолы 1958 жылы салынып, пайдалануға берілгенін айтады. Ал, бұған дейін Ынтымақ ауылынан Нұра кентіне дейін 80 шақырымға және Көбетей ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін 30 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.
– Биыл ұзындығы 104 шақырымдық үш учаскеге мердігерлік ұйым анықталды, бұл «Көбетей – Нұра» учаскесіндегі 31 шақырым және Ынтымақ ауылынан «Алматы – Екатеринбург – Теміртау» автожолына дейінгі 73 шақырым. Қазір Нұрадан Ақмола облысына қарай 7 шақырым жерде жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, «Көбетей – Нұра» учаскесінде жеті су өткізу құбырын және «Ынтымақ – Теміртау» учаскесінде алты су өткізу құбырын қайта салу жоспарлануда. Үш учаскені жөндеуді 2025 жылы аяқтау жоспарлануда, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мердігерлер мен құзырлы орындарға жөндеуді кешіктірмеуді қатаң тапсырды. Биыл барынша жұмысты еңсеріп, келесі жылы күн жылынысымен жөндеу жұмысының бастау алуы тиістігін еске салды. Сонымен қатар, сапаны қадағалауды да міндеттеді.
Өз тілшімізден.