Жақсы демалыс – жан азығы
Балалар жазғы каникулда, бос уақытында ұялы телефонға байланады. Сондықтан да оқушылардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында мектеп жанынан лагерь жұмыс істей бастады. Биылғы жаңалық, қосымша білім мекемелері, оның ішінде музыка мектептері де осы жазда оқушыларымызбен тығыз байланыста болып, түрлі ойындар, сауықтыру бағдарламалары мен концерттер ұйымдастырдық. Қарағандыдағы Қ.Аманжолов атындағы музыка мектебі «Лагерьдегі жазғы демалыс» атты ойын-сауық шарасын ұйымдастырды.
Оқушылардың жазғы демалыс лагерін жоғары деңгейде ұйымдастыру – ортақ міндет. Балалардың шығармашылық кабілетін арттыруда жүйелі жұмыс жасау керек. Оқыту мен тəрбиелеу барысы екі жақты, оған педагогтар мен тəрбиеленушілердің біріккен күш-жігері арқылы ғана қол жетеді. Сондықтан, оқушылардың таным белсенділігінің артуы, шығармашылық қабілеттерінің дамуы – оқыту мен тəрбиелеу жұмысының маңызды тұсы.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңіп, көзқарасы қалыптасып, ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзінің қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан, оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыт-бағдар берудің мəні зор.
Балалар мен жасөспірімдердің демалысын тиімді пайдаланып, саламатты өмір салтын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін қажетті жағдай жасап, мектепке жинадық.
Шара барысында, халық аспаптары бөлімінің «Шыңырау» ансамблі, «Домбырашылар ансамблі», дəстүрлі əн бөлімінің əншілері əн шырқады.
Одан соң оқушылар асыға күткен ойындар басталды. Ұлттық ойындар, логикалық жəне спорттық ойын түрлері балалардың қызығушылығын арттырады. Ер балаларға арналған ұлттық ойындар «Асық ату», «Арқан тарту», секіру, жүгіру жəне би қимылдарын қайталау сынды ойындар ойнатылып, оқушылар бір сергіп қалды. Шара соңында флешмоб ұйымдастырылып, тəттілер үлестірілді.
Қазақ – талғампаз халық. Ұрпағына қалдырған бай мұрасы – тұнған ғибрат өнеге, ұрпақ жалғастығын байланыстырып тұрған халықтың өміршең тəжірибесіне толы. Ұлттық болмыс пен халықтық ұғымдарды шəкірт бойына дарытуда отбасы мен ұстаздар қауымының тəлім-тəрбиелік шараларына қойылар талап жоғарылады. Мектеп – білім берумен қатар, тағылымды тəлім-тəрбие түрлерін сіңіретін өнеге ордасы. Тəрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда қандай шара болсын шəкірттің ішкі жан-дүниесін жаңартып, рухани азық болары анық.
Анар ЕСҚАЛИЕВА,
Қ.Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің директоры
Фарида АБДОҒАЛИЕВА,
директордың тəрбие жөніндегі орынбасары