Жаңалықтар

Жақсы адамдар жасайды екен мәңгілік

Әр ата-ананың перзент алдында үш міндеті бар. Біріншісі – болашақ перзентіне жақсы әке һәм ана таңдау. Яғни, әр адамның өзіне текті, өнген-өскен жерден сыңар іздеуі. Екіншісі – баласына жақсы есім беру. Үшіншісі – жақсы азамат қылып тәрбиелеу. Біздің бүгінгі қалам тартқалы отырған кейіпкеріміз – әкесі мен анасының осы үш міндеттің де дұрыс үдесінен шығуының арқасында есімі мен жарқын бейнесі ел есінде сақталып қалған сұңғыла ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері Жақсылық Серікбайұлы ТОЛПАКОВ.

Сурет: Шара Сапарғалиеваның жеке мұрағатынан

Зымырап бара жатқан өмір-ай десеңші. Жақсылық Серікбайұлының өмірден өткеніне де жылға жуықтады. Оның нұрлы жүзі, жымиысы, асықпай сөйлеуінің барлығы да бұл күнде сап-сары сағынышқа айналды. Жан жары Шара апай мен перзенттері, немерелері асыл жар, ардақты әке, ақылшы ата бола білген Жақсылық ағамызды сағынып, еске алады. Алайда, оның мағыналы да өнегелі ғұмыры, соңына қалдырған мол ғылыми мұрасы жанға шипа, көңілге медеу. Ендеше, сол жанкешті еңбекке толы ғалым өміріне көз жіберіп көрелік.
Хакім Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген өлең жолдары Жақсылық Серікбайұлы туралы айтылғандай. Неге дейсіз ғой? 16 жастағы өрімдей жас жігіттің Қарағандыдағы кооперативтік институтына алғашқылардың бірі болып түсіп, оны 20 жасында үздік бітіріп шығуы бізді қатты таң қалдырды. Яғни, арғы жағында, жүрек түпкірінде ғылымға деген шексіз құштарлық жатыр деген сөз. Табиғатынан есепке жүйрік қырағы жас маман, кандидаттығын қорғаймын деп Мәскеуге барғанда ондағылардың төбе шашы тік тұрса керек. Міне, ғылымға деген махаббат. Осылайша, 1976 жылы 26 жасында кандидаттығын аман-есен қорғап келеді. Осы тұста болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымды бірден таныған аға буын өкілдері де аз болмапты. Солардың бірі һәм бірегейі – Қарағанды кооперативтік институтының сол кездегі ректоры, марқұм Павел Котляров.

«Алғашқы қарлығаш» деп отырғаным, Жақсылық – кооперативтік институттың бірінші түлегі, бірінші аспиранты, бірінші қорғап келген ғылым кандидаты. Бұған өте үлкен мән берген Павел Филиппович Жақсылықты қолдап, бітіріп келгеннен кейін оның төлемақысын, жалақысын, тағы премиясын, қызметке қойған уағында реттеп берді. Жақсылықты әскерге алып кетейін деп жатқанда: «Міне, біздің бірінші түлек, жалғыз ғылым кандидаты жаңадан келген. Мұны әскерге алып кетуге болмайды» деп облыстық әскери комиссариатпен мәселені шешіп, әскери билетін алып беріп, Жақсылықты сол қызметінде қалдырып, өсіп-өнуіне, жағдайына көмектескен адам. Котляровтың Жақсылыққа істеген жақсылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Яғни, әкелік, басшылық, адамдық қамқорлық», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқасын Бикенов «Алғашқы қарлығаш» мақаласында.

Сөз басында балаға дұрыс ат қою туралы бекер айтқан жоқпыз. Өйткені, кейіпкерімізге Жақсылық деп атын қоярда, ата-анасы «Өмірі жақсылыққа толы болсын, Жан-жағын жақсы адамдар қоршап жүрсін!» деп жақсы ниет қылғаны сөзсіз. Міне, сол ниеттің қабыл болғанын, өмірдің Жақсылық ағамызды жақсы адамдармен жолықтырғанын жоғарыдағы мысалдан аңғарған боларсыз…

Тағдыр Жақсылық Серікбайұлына бірде жымиып, кейде сәл түнере қарап қойып жүргенімен, еліміз Тәуелсіздік алар тұста қабағын шынымен шыта түсті. Жақсылық Серікбайұлы ауыр дертке шалдығып, өмірден күдерін үзе бастады. Ал, осы қиын-қыстау кезеңде алдымен барын салып, жанын салып ағамызды емдеткен, жарық күндерден үміт үзбеген жан жары Шара анамыз еді. Сол баяғы пәк махаббатқа, лапылдап, жанып тұрған кездегі сертке адал бола білді. Қасынан бір елі кеткен жоқ, бірде-бір рет ағамызға қабақ шытпады. Жазған еңбектерін жарыққа шығаруға бар күшін салды. «Елдің алдында жарқырап жүретін әр азаматтың үйінде бір келіншегі болады» деген сөз қалай дәл тауып айтылған?!.

Жоғарыда әр әкенің баласына жақсы ана таңдауы туралы айттық. Міне, Жақсылық Серікбайұлын өмір дейтін дауылды теңіздегі батыл таңдауы тағы да қуантты. Өзіне адал жар, сенімді серік бола білген аяулы Шара анамыз балаларына да жақсы ана болды. Үнемі бар қиындыққа бірге қасқая қарсы тұрып, күресе білді. Үкідей үлбіреген қыздарын өсіріп жеткізді. Осы тұста Жақсылық ағамыздан қамқорлығын аямаған тағы бір асқар таудай тұлғаны атап өткен жөн.

«Жақаңның жалғыздықтың жайлауында қалып кетпей, жаңа сапаға көтерілуіне, көп қамқорлық көрсеткен, тағы бір адам – студенттік күндерден досы, қоғам қайраткері, профессор, доктор, ректор Ерқара Балқараұлы Аймағамбетов. Тағдыры тәлкекке түскен үзеңгі достың қаяулы көңілін осынша терең түсініп, осынша қолдап отыратын азаматтық қасиет бүгінгідей адамдық сапа ада болып бара жатқан заманда, әй, мыңның ішінен табылмас. Қазақтың «мыңнан – тұлпары» бұл жердің бодауына жүрмес. Сөйтіп, Ерекең мен Шара үйде отырған адамды түздің жауынгер тірлігіне қосты. Оның жауынгерлігі жас ұрпақты білімде шыңдап, біліктілікке баулуда танылды. Үйде отырып, студенттерге консультация беріп, ондаған ізденімпаздың курстық, дипломдық жұмыстарына жетекшілік етеді», – депті ақын Абзал Бөкен «Шідеріде ширығулы Қаракер» мақаласында.

Қайсар да жігерлі ғалымның өмір жолына қарап отырсақ, небары 23 жасында Львовтың сауда-экономикалық институтының аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, кандидаттық диссертациясын жазып, 1974 жылы Қарағанды кооперативтік институтына оқытушы болып келеді. Ғалымның студенттік өмірі және ғылыми-ұстаздық қызметтері осы білім ордасымен тығыз байланыста болды. Осы қазіргі экономикалық университетте ұстаздық қызметтің барлық сатысынан өткен. Атап айтсақ, ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, сырттай оқу факультетінің деканы. 1999 жылы ғылыми еңбектерінің негізінде профессор атанды. Яғни, 50 жылдан астам уақытын білім-ғылымға, шәкірт тәрбиелеуге арнады. Шәкірттері бүгінде білікті маман атанып, еліне абыройлы қызмет етуде.

Жақсылық ағамыздың адал еңбегі кейіпкерімізді далада қалдырған жоқ. Елге қадірлі, туған-туыс пен дос-жаранға сыйлы етті. Үкімет те ұзақ жылдық еңбегін назардан тыс қалдырмады. Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, «Жыл адамы» сыйлықтарымен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. 2016 жылы Қарағанды экономикалық университетінің құрылғанына 50 жыл толуына орай, ғылыми-педагогикалық және бірнеше буын шәкірт тәрбиелеудегі ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі еленіп, Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальға ие болды.

– Жақсылық өзінің қажырлы еңбегімен халқына, Отанына деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Тағдырдың дүлей сынақтары сағын сындыра алмады. Оның жүйрік қиялы мен ұшқыр зейінінен туып, елінің олжасына айналған кітаптарын бүгінде Қазақстанның тұтас білім саласы қолданады. Тіпті, шет елдерге де барып дәріс оқып жүрді. Қысқаша айтсақ, Жақсылық Серікбайұлы – қазақ бухгалтерлік есебі ғылымының классигі, – деп тебіренген еді экономика ғылымдарының докторы, профессор Әмір Сембеков бірегей ғалымның 70 жылдық мерейтойында.

Профессор Жақсылық Толпаков тағдырдың жазуымен 1990 жылы ауыр науқасқа шалдығып, 33 жыл бойы арбаға таңылса да, ғылымнан қол үзбеген. Бар күш-жігерін бойына жиып, білім-білігін сарқа жұмсап, қазақ бухгалтерлік есебі ғылымын тығырықтан алып шығып, тыңнан сүрлеу салумен қатар, жаңа даму бағытын қалыптастыруда ұшан-теңіз еңбек сіңірген тұлға. Бұл сөзімізге ғалымның қаламынан туып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жарық көрген, бүгінде республикадағы жетекші оқу орындары кеңінен қолданатын әрқайсы екі томнан тұратын «Бухгалтерский учет», «Бухгалтерлік есеп», «Финансовый учет-1» және «Учет и аудит» оқулық кітаптары дәлел. Тағдыр тақымға алса да, ғылымнан бас тартпай, 30-ға тарта ғылыми еңбек жазыпты. Оның ішінде, 10 шақты оқу-әдістемелік кітаптар мен кітапшалар бар. Жоғарыда аталған еңбектерге еліміздің көрнекті ғалым-экономистері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Сағындық Сатыбалдин, экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар Қаби Оқаев, Хакім Дюсембаев, Гульнар Каренова жоғары бағалап, оң пікір жазған. Осыдан-ақ, кейіпкеріміздің қай деңгейдегі ғалым екенін пайымдай беріңіз…

Бұдан бөлек, республикалық «Бюллетень бухгалтера» және «Библиотека бухгалтера и предпринимателя» сынды ірі журналдардың тұрақты авторы ретінде жүзден астам ғылыми мақала жариялаған.

Ата-анасы Жақсылық деп жақсы есім беріп, жақсылықтан ниет қылды. Ниетін Алла қабыл етті. Маңайын жақсы адамдар қоршап жүрді. Жақсы жар кездесті, перзенттері мен немерелерін де жақсы адам қылып өсірді. Өмір бойы жақсы қалпынан тайған жоқ. Маңайына жақсылықтың нұрын шашты. Шара анамызға жақсы жар болды. Қадірін біліп, ардақ тұтып өтті. Енді оны жақындары мен қалың елі «Жақсы адам еді» деп еске алады. Оның жазған әр еңбегін қолына алып оқыған сайын оның өзімен тілдескендей күй кешеді…

Осылайша, бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, адал еңбегімен өмірдің бар сынын жеңген қазақтың бірегей де арда ұлы 2023 жылы 10 қыркүйекте 73 жастан сегіз ай асқанда фәни дүниеден бақилыққа аттанып кете барды. Соңында ұлағатты ұрпағы мен қазақ бухгалтерлік ғылымына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі қалды. Өмірі жақсылыққа толы болған Жақсылық Серікбайұлы білім-ғылымның қадірін білетін қара ормандай жұрты барда өлмек емес. Осы жолдарды жазып отырғанда «Жақсы адамдар жасайды екен мәңгілік…» деген өлең жолы тіліме оралып, кетпей қойды…

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
№310

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button