АймақҚарағанды

Жағдай жіті назарда

Қарағанды облысында су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Бұл шаралар су тасқынының қаупін азайту және облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған. Облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп, алдын алу жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ, маңызды су қоймалары мен өзендердің деңгейі тұрақты бақылауда.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев және облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев Бұқар жырау және Абай аудандарындағы Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арналарының бойындағы аумақты тікұшақпен тексерді. Бұл сапар барысында су тасқынының алдын алу шаралары мен өзен арналарындағы жағдайлар бағаланды.

Одан бөлек, Павлодар облысымен шекаралас Ақжар бөгеті де назарға алынды. Қазір су қоймасы қысқы режимде жұмыс істеп тұр. Бұл су қоймасының жағдайы мен ықтимал тәуекелдерді талқылау мақсатында Ермағанбет Қабдулаұлы мен Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов арасында келіссөздер жүргізілді. Тараптар су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынының алдын алу шараларын үйлестіру бойынша бірқатар ұсыныстар мен шараларды қарастырды.

Жалпы, Қарағанды облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Атап айтқанда, өзен арналарын, арықтарды және дренаждық жүйелерді тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұқар жырау, Нұра және басқа да аудандарда өткен күндері каналдар мен су өткізу құбырлары тазартылды. Бұл жұмыстардың мақсаты – еріген қар суының кедергісіз ағуын, тасқынның алдын алу.

Одан бөлек, қар шығару жұмыстары жүргізіліп, су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы жоспар құрылған болатын. Су тасқыны болуы ықтимал аймақтарда сақтық шаралары күшейтіліп, алдын ала әрекеттердің барлығы мұқият жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, су қоймаларына тасқын суларды қабылдау үшін қажетті көлемнің қорын құруға мүмкіндік беретін облыстың ірі су қоймаларынан суды алдын ала ағызу жүргізіледі.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Қанат Ысқақов өзендердегі мұз жару жұмыстары туралы айтып берді. Бұқар жырау, Нұра және Абай аудандарында су тасқыны қаупі бар бес өзен учаскесінде дәл осы жұмыстар жүргізілуде. Оның жалпы ауданы – 4500 шаршы метр.

Су тасқыны қаупі бар елдімекендерде қауіп-қатерді азайту үшін 65 шақырымнан астам қорғаныс үйінділері тұрғызылып, нығайтылғанын айту керек. Ал, 18,5 шақырым учаскеде өзен арналарын санациялау жүргізілді. Республикалық, облыстық және жергiлiктi маңызы бар автомобиль жолдарының 75 учаскесiнде су өткiзу қабiлетi ұлғайтылған.

Қазіргі уақытта екі миллион текше метрге жуық қар шығарылды. Су бұру каналдары мен арықтарын орнату және тазалау жалғасуда.

Бұқар жырау, Шет, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында ТЖД күштері мен әскери қызметшілер тартылған.

Жағдай тұрақты бақылауда. Облыста су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб іске қосылғанын айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет облыс әкімінің сайтынан алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button