Ресми

Жағдай жасалса, жұмыс та сапалы

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары аясында облыстық полиция департаментінің өкілдеріне берілген жаңа көліктерді тексеріп, департамент басшылығымен материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, облыс орталығында жаңадан ашылған Мансап орталығына барып, жұмысымен танысты.

Барлығы қоғам қауіпсіздігі үшін

Нақтырақ айтсақ, облыс полициясының қызметтік машиналар паркі Chevrolet Cobalt маркалы 20 автокөлікпен толықты. Көліктер облыс әкімдігінің қолдауымен сатып алынды. Жаңа машиналар құқық қорғау органының негізгі буынына жататын патрульдік полиция бөлімшелері мен учаскелік инспекторларға арналған.

Сатып алынған машиналар облыс аумағына таратылды. Жаңа көліктер Балқаш, Приозерск, Теміртау, Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарының полицейлеріне жіберіледі. Автокөліктер белгіленген стандарттарға толық сәйкес келеді және бақылау камераларымен, басқа да навигациялық жүйелермен жабдықталған.

Жиында облыста қоғамдық қауіп­сіздікті нығайту үшін барлық шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді. Жергілікті полиция қызметін қолдау билік тарапынан тұрақты негізде жүргізіліп, жыл сайын жаңа жабдықтарға қаражат бөлінетіні, сондай-ақ, бұл көмек әлі де жалғасатыны тілге тиек етілді.

Бір терезе – бірегей мүмкіндік

Енді облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы мен Қарағанды Мансап орталығы бір жерде жұмыс істейді. Мұнда жұмыспен қамту мәселесіне қатысты барлық қызмет шоғырланған. Қызметтер «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі.

Облыс әкімі аймақтағы жұмыспен қамту қызметі қалай өзгергенін көріп қайтты.

– Әлеуметтік кодекске сәйкес, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, барлық жұмыспен қамту орталықтары Мансап орталықтары болып қайта құрылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының еңбек ұтқырлығы орталығының негізі қаланды. Бұл орталық қалалар мен аудандардағы мансап орталықтарының қызметіне жетекшілік етеді. Қайта ұйымдастыру жұмыспен қамту бойынша жұмысты жақсартуға бағытталған, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.

Бұрынғы жұмыспен қамту орталықтарының барлық қызметтері сақталған. Оларды қазір Мансап орталықтары ұсынады. Бұл – жұмыспен қамтудың барлық белсенді шаралары, жұмысқа орналасуға көмек, бизнес негіздеріне оқыту, мемлекеттік гранттар беру және тағы басқа қызметтер. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға да құжаттар қабылданады.
Мансап орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары да жабдықталған. Келушілерге ыңғайлы болу үшін балалардың ойын алаңы да бар.

Еңбек ұтқырлығы орталығының мін­деті – облыстың еңбек нарығын үйлестіру. Оның қызмет саласына аймақтық жұмыспен қамту картасын әзірлеу, мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингі кіреді. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс болатыны да назардан тыс қалмады.

Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы жақында Оңтүстік-Шығыс тұрғындары үшін ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына да ат басын тіреді. Мұнда зейнеткерлер бос уақытын тиімді өткізіп, емін-еркін әңгімелесе алады. Спортпен шұғылданады, компьютерлік сауаттылығын арттырады. Тіл үйренеді. Бұдан бөлек, орталықта заңгерлер мен психологтардың қызметі де қолжетімді. Барлық қызмет тегін. Қарағандыда қазір төрт Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар және алдағы уақытта жаңаларын ашу да жоспарланды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button