Жағдай тұрақты болғанымен, қауіп сейілген жоқ
Абай облысындағы алапат өрт мұқым елді алаңдатуда. «Облыстағы ахуал қандай?» деген сауалмен Қарағанды облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің өкілдеріне қоңырау шалған едік. Өткен демалыс күндерінің өзінде салалық департамент бөлімшелері оқыс оқиға болған 42 орынға барған көрінеді. Оның 28-і тұтанған өрт жайттары болса, 12-сі авариялық-құтқару жұмыстары. Бір адам құтқарылып, сегіз адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың үшеуі – бала.

Мәселен, Осакаров ауданы Осакаровка кентінде тұрғын үй ауласында тұтанған өрт маңындағы қора шатырына жалғасқан. Жалпы ауданы 60 шаршы метр аумаққа жайылған жалын 531 бройлер балапаны өртеніп кеткен. Өрттің болжалды себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Қарқаралы қаласында жеке тұрғын үйде ауданы 30 шаршы метрлік тұрғын үй өртенді. Зардап шеккендер жоқ.
9 маусым күні Қарқаралы ауданының шығысындағы биіктікте, «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Кент орман шаруашылығы» тау массиві мен орман алқабы отқа оранған.
– Өрт сол күні төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп ауыздықталды. Қарауылдау шараларына Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жасағы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің тұтануына найзағай себеп болды, – деп хабарлады ұлттық парк директоры Айдар Дарбаев.
Шет ауданының Ақой ауылындағы тұрғын үй ауласында жалпы ауданы 50 шаршы метр шаруашылық құрылысының ағаш конструкциялары мен шөп отқа оранған. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін анықтау амалдары жүргізілуде.
Қарағанды қаласы Ермеков көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде 2-қабаттағы пәтер балконының ағаш қаптамасы жанып, жалпы ауданы 3 шаршы метрді шарпыған. Құтқарушылар күшімен кіреберістегі пәтерлерден 8 адам, оның ішінде 3 бала эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова өрттің алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
– Қапырық күндері сөндірілмеген темекі тұқылын тастау аса қауіпті. Электр қуатына қосылған үйдегі жабдықтардың жарамдылығына толық көз жеткізген маңызды. Бір электр желісіне бірнеше электр аспаптарын қосып қалдырып кетпеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Отпен ойнауына жол бермеңіз! Тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты бақылаусыз жағуға тыйым салынады. Ғимараттар мен құрылыс нысанынан 50 метрден кем қашықтықта от жағу қауіпті. Оқыс оқиға куәгері болсаңыз, тез арада 112 немесе 8 (7212) 433636, 433737 телефондарына қоңырау шалыңыз, – дейді департамент өкілі.
Бүгінде облыс қалалары мен аудан орталықтарында барлығы 30 өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Сондай-ақ, олар Кушоқы, Егіндібұлақ және Молодежный кенттерінде бар. Қарағанды облысының Өрт сөндіру қызметінде 329 бірлік техника бар. Бұдан басқа, табиғи өрттерге ден қою үшін өңір аумағында 45 өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді, оның ішінде биыл 9 бекет құрылды, олардың қарамағында жалпы саны 50 мың адамнан асатын 87 елді мекен бар.
Биылғы жоспарда Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы 3 бекет құру көзделген. Бұдан басқа, жоспардан тыс Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.
Тілсіз жау тыным бермеген аласапыран кезең қауіпсіздік шараларына аса мән беру қажеттігін мықтап ескерткендей, қымбатты оқырман. Сақтансаңыз сақтайды…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz