АймақБалқаш

Жағажай құтқарушыларына тегін курс

Балқаш қаласында қоғамдық құтқарушыларды оқытуға қабылдау басталды. Қала тұрғындары үшін тегін ұйымдас­тырылады. Бұл курс жазда Балқаш көлінің жағалауында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламаға қатысушылар арнайы дайындықтан өтіп, кейін танымал демалыс орындарында кезекшілікке шығуға мүмкіндік алады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бастама суда төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту мақсатын көздейді. Оқытуды қалалық төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай курстар жыл сайын өткізіліп, нәтижесін беріп келеді.

Бағдарлама суда еркін жүзетін, физикалық дайындығы жақсы және қиын жағдайда жедел шешім қабылдай алатын азаматтарға арналған. Оқу – тегін, жалпы ұзақтығы – 76 сағат. Курс барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар практикалық машықтарды да меңгереді. Атап айтқанда, суда құтқару тәсілдері, алғашқы медициналық көмек көрсету, түрлі төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдері жан-жақты үйретіледі.

Практикалық дайындыққа ерекше мән беріледі. Үміткерлер суда еркін жүзіп қана қоймай, белгіленген қашықтықтарды еңсеріп, сүңгу элементтерін орындауы тиіс. Бұл талаптар олардың шынайы жағдайда жылдам әрі тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді. Сондықтан, физикалық дайындық – іріктеудің негізгі шарттарының бірі.

Биыл Балқашта 70-тен астам қоғамдық құтқарушыны даярлау жоспарлануда. Оқуды сәтті аяқтаған азаматтар кәсіби құтқарушылармен бірлесе отырып, көл жағалауындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылады.

Оқуға 16 жастан асқан, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ барлық қала тұрғындары қатыса алады. Сабақтар сәуір мен маусым айлары аралығында өтеді. Құжат қабылдау 1 сәуірге дейін жалғасады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button