Жаңаталапта жаңа мәдениет үйі
«Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аудан орталықтарын, ауылдарды дамытуға баса назар аударылуда. Бұл бастама облыс аумағында да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Бұқар жырау ауданының Жаңаталап ауылында жаңа салынған клуб пайдалануға берілді.
Аталған мәдени ошақ ғимараты аудандық бюджет есебінен салынған. Қазір ауыл тұрғындары жаңа ашылған мәдениет үйіндегі үш көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнерін шыңдап, талабын ұштап жүр.
Заманға сай жабдықталған клубта көрермендер залы, кітапхана, үйірмелерге арналған үш бөлме бар.
– Ғимарат – судай жаңа, 150 орындық. Домбыра және вокалдық үйірмелер, қазақ мәдениетінің бұрышы жұмыс істейді. Драмалық және хореографиялық үйірменің, алдағы уақытта қолданбалы шығармашылық үйірмесін ашу жоспарлануда. Бұған дейін Жаңаталап ауылында клуб болмаған. Бірақ, аудандық көркемөнерпаздар байқауына тұрғындар үнемі қатысып келеді. Өйткені, ауылда көптеген шығармашылық жастар бар. Талантқа еш кедергі жоқ қой. Ал, жаңа клуб сол таланттардың ысылуына көмектесіп, үлкен өнерге жол ашады, – деді Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінің директоры Қазбек Талашов.
Алда қыс келе жатқандықтан, ғимаратты жылыту мәселесі де алдын ала ойластырылған. Нақтырақ айтсақ, мәдени нысан жеке тұрған қазандықпен жылытылады. Келесі жылы ауылдық клубтың айналасын абаттандыру жоспарланып отыр.
Клубтың ашылу салтанатына Алматы шаһарынан дәстүрлі әндердің танымал орындаушысы, дүлдүл әнші Гүлбаршын Тергеубекова арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, ауыл өнерпаздары да ән мен биден шашу шашты. Осылайша, ауыл жұртшылығы жаңа мәдениет үйін әсем ән мен тәтті күйдің құшағында тербеліп, бір жасап қалды. Енді клуб жұмыс жүріп тұрса, мұндай тағылымды жиындар жиі өтіп жатса, ауыл тұрғындары сол мәдени кештерге үнемі қатысатындарын айтады.
– Енді аудан орталығына сабылмаймыз, концерт іздеп. Сүйікті әншілеріміз немесе халық театрлары концерттік бағдарламамен, қойылыммен келсе, қуана қарсы аламыз. Ғимаратымыз жаңа. Бұл – керемет жаңалық. Бала-шағамызбен қуанып, мәре-сәре болып жатырмыз. Жолдасым Ербол да жұмыстан шаршағанда концерт көргенді, ән тыңдағанды ұнатады. Қалада тұрғанда әншілердің кештеріне жиі баратынбыз.
Ауылға келгелі сол күндерді аңсап жүр едік. Тілегеніміз алдымыздан іздемей-ақ табылды. Немеремізді ертіп, барып тұрамыз. Аудан әкімдігіне, ауыл басшылығына шексіз ризамыз. Әншілердің құлағына алтын сырға, Жаңаталапқа келіп тұрсын, ұмытпай, – дейді ауыл тұрғыны Теңдік Қуатбекова.
Өз тілшімізден
Сурет облыстық әкімдік сайтынан