Жаңашыл өзгерістер қызмет тиімділігіне бастайды
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы «Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қоғамда қызу талқылануда. Осы мәселеге қатысты ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь РОГОВ мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің ғаламторда жарияланған нұсқасын ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН.
Мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың, сот жүйесінің, Қазақстан заңгерлері одағының өкілдерінен және белгілі заңгер-ғалымдардан тұратын Жұмыс тобы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша түскен ұсыныстарды қарастырды.
Оларды қорыту нәтижесі бойынша Жұмыс тобы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі нақты ұсыныстарды әзірлеп, республика Президентінің қарауына енгізді. Оларды дайындау кезінде Елбасының «қабылданатын шаралар осы жылдар ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеген президенттік басқару нысаны шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс» деген тапсырмасы ескерілді.
Ұсынылып отырған жаңалықтардың айрықша маңыздылығын ескере келе, үстіміздегі жылғы 25 қаңтарда республика Президенті ұлтқа Үндеу тастап, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандықтың осы ұсыныстар бойынша өз ойын ортаға салуына және алда тұрған міндеттерді шешудің өзіндік жолын ұсынуына мүмкіндік жасай отырып, бұл ұсыныстарды бүкіл халықтың талқылауына шығарды.
Конституциялық өзгерістер жекеменшік құқығын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта Конституцияның 26-бабы Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшік құқығына кепілдік береді. Негізгі Заңның 12-бабының 4-тармағына сай Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ, міндеттер атқарады.
Меншік құқығына қол сұғылмайтындығы туралы аталған норманы Конституцияға енгізу арқылы, нарықтық экономиканың, кәсіпкерлік белсенділіктің негізі болып табылатын жекеменшік құқығына кепілдіктер айтарлықтай нығая түседі және бұл құқық белгілі дәрежеде адамның өзге құқықтары мазмұнын айқындайды деп айтуға болады.
Парламент Мәжілісінің Үкіметті құру кезіндегі ролін кеңейту, сондай-ақ, Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттігін күшейту арқылы іске асыру ұсынылады.
Үкіметтің құрамын және оның құрылымын жасақтаған кезде мынадай тәртіп орната отырып, Парламент Мәжілісінің рөлін күшейту ұсынылады: Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр Үкіметтің құрамы және оның мүшелерінің кандидатуралары туралы Мемлекет басшысына ұсыныс енгізеді. Үкімет мүшелерін қызметінен осы тәртіппен де, яғни, Премьер-Министрдің Мәжіліспен консультацияларына негізделген ұсынысы бойынша босату ұсынылады. Президент өздігінше қызметке тағайындайтын және қызметінен босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлеріне бұл тәртіп қолданылмайды. Мұндай консультациялар өткізу рәсімін конституциялық заңдарда (Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы, Үкімет туралы және т.б.) айқындау қажет шығар.
Үкіметтің, қазіргі кездегідей, жаңадан сайланған республика Президентінің алдында емес, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғаруын белгілейтін норма жаңалық болып табылады. Үкімет Мәжілісте өкілдігі бар саяси күштермен бірлесе отырып құрылатын жағдайда бұл әбден қисынды.
Үкіметке Мемлекет басшысының мынадай өкілеттіктерін беру ұсынылады: мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту, бұларды Үкімет Мемлекет басшысымен келісе отырып іске асырады; Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру, тарату және қайта құру, олардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметінен босату.
Мемлекет басшысының Үкімет және Премьер-Министр актілерінің қолданылуын тоқтата тұру құқығын жою ұсынылады. Сонымен бірге, республика Президентіне, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында күшіне енген заңды немесе өзге де бір құқықтық актіні, соның ішінде үкіметтік актіні, Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдау құқығын беру ұсынылады.
Негізгі Заңның 81-бабының жаңа редакциясында Жоғарғы соттың мынадай функциясын нақтылау көзделеді – жергілікті және өзге де соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады деген ереженің орнына, Жоғарғы сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған сот істерін қарайды деп айқындау ұсынылады. Конституцияның 83-бабының ұсынылып отырған редакциясында, прокуратура заңда белгіленген шектерде және нысандарда заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады деп бекітіледі, сондай-ақ, ол мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп тікелей көрсетіледі. Сол арқылы, шектері заңмен айқындалатын прокурорлық қадағалаудың сұлбасы нақтырақ көрсетіледі. Бұл Конституцияға қайта-қайта түзету енгізе бермей, прокуратура өкілеттігінің көлемін реттеп отыруға мүмкіндік береді.
Конституцияның 86-бабында жаңа талап енгізу ұсынылады, оған сай республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады. Бұл – осындай шешім қабылдау кезінде оның заңдылығын және негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған алқалықтың элементтері пайда болады деген сөз.
Президент Жұмыс тобына жалпы халықтың талқылауы кезінде айтылған ұсыныстарды үнемі бақылап, олардың сараланып тұруын, нәтижесі бойынша заң жобасы пысықталуын және Мемлекет басшысының қарауына енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.