Жаңашыл кітапхана жарқын келешек үшін
Ұлттық мейрам қарсаңында Қарағандының қақ ортасынан, саябақтың ішінен «Өлкетану» кітапханасы оқырмандарға есігін айқара ашты. Жаңа кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, қала әкімі Мейрам Қожықов, қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Бөкенов қатысып, ұжымның алдағы жұмысына толайым табыс, шығармашылық шабыт тіледі.
Қаланың Оңтүстік-Шығысында, яғни Тутұғырдың артындағы аллеядан ашылған кітапхананың пішіні киіз үй іспеттес. Өзгеше дизайнымен көз тартады. Жаңашыл кітапханадан тек кітап оқып қана қоймай, уақытты тиімді өткізуге болады. Түрлі үстел ойындарын ойнап, домбыра тартып, караокемен ән шырқауға да мүмкіндік бар.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы өзінің құттықтауын білдіре келе, «Өлкетану» кітапханасы тарихи мұраны зерделейтін, оны болашақ ұрпақтың бойына сіңіретін маңызды орталыққа айналады деді.
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, қонақтардың ықыласына бөленді.
Салтанатты іс-шараға келген меймандарға кітапханаға экскурсия ұйымдастырылып, Алаш ардақтыларының тарихы мен қызметі туралы кітаптар таныстырылды. Мұнымен қоса, өлке тарихына қатысты, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарынан жинақталған көрме, сандық форматтағы өлкетану бұрышы, зияткерлік ойын аймағы көрсетілді.
Сондай-ақ, жаңа кітапхананың ашылуына профессорлар, қоғам қайраткерлері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысып, тұрақты оқырманы боламыз деген ынталарын білдірді.
Кітапхана басшылығы енді мұнда түрлі шеберлік сабағын, шағын шығармашылық кештер мен кездесулер өткіземіз деп отыр.
– Кітапхана өлкетану бағыты бойынша жұмыс істейді. Мұнда жергілікті жазушылар, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтеді. Әсіресе, балаларға патриоттық тәрбие беру үшін қалам тербеп жүрген жазушылардың шығармашылығы таныстырылады. Біз балалар әдебиеті мен тарихи кітап қорын жинадық. Мұнда отбасыңызбен келсеңіз де, қуана қарсы алады. Егер шығармашылықпен айналысамын десеңіз компьютер бар. Интернетті де пайдалана аласыз. Бізде мобильді кітапхана да бар. QR код арқылы сканерлеп, электронды кітапты өзіңізбен бірге ала аласыз, – дейді Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлжан Ахметкәрімова.
Кітапхананың оқу залында абонементпен жұмыс істеу жүйесі бар. Кітапты өзіңізбен бірге алып, тұрақты оқырманы атану үшін арнайы келіп жазылуыңыз керек.
Кітапхана сейсенбі мен жексенбі аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Демалыс – дүйсенбі.
Енді қала тұрғындары саябақта серуендеп жүріп, жаңа кітапханаға соғып, танымын тереңдете алады. Жаңашыл кітапханамен жарқын болашаққа қадам басатын балалар қатары көбейеді деп көпшілік қуанды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz