Нұра

Жаңашыл басқару – даму жолы

      Нұра ауданының әкімі Ниқанбай  ОМАРХАНОВТЫҢ бастамасымен аудан орталығында жаңа сайланған ауыл әкімдерін оқытуға  арналған арнайы семинар өтті.

Қазақ жұрты тәуелсіздік алғалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар сүбелі реформаларды жүзеге асырды. Соның бір көрінісі – күні кеше өткен селолық округтер әкімдерінің сайлауы. Қарағанды облысы бойынша 129 округ әкімі сайланса, соның ішінде, Нұра ауданында 16 округ әкімі сайлау арқылы жұмысқа кірісті. «Бұл әнім бұрынғы әннен өзгерек…» демекші, бұл сайланған әкімдер жұмысы мүлдем бөлек болмақ.

Ауылдарда кооперациялар құру, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын іске асыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, жергілікті қоғамдастық құру, ауылдық округтің маңызды мәселелеріне жұмсалатын бюджетті қалыптастыру жұмыстарын тиімді және сапалы жүргізу, тағы басқа жаңашыл көзқарастағы жүздеген жұмыс барысы күтіп тұр.

Мұның ішінде ең маңызды жаңалық – ауылдық округтің дербес бюджеті болмақ. Алдымыздағы жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғылықты халқы бар елді мекендер дербес бюджетке көшпек. Ал, 2019 жылдан бастап барлық округ өз алдына дербес басқару жүйесіне енеді. Осы тұрғыда республика тарихында болмаған бюджеттің төртінші деңгейі құрылмақ. Яғни, бұл күнге дейін бюджет: республикалық, облыстық, аудандық деп бөлінсе, енді ауылдық бюджет тармағы орын алмақ. Бұл – бұрын соңды болмаған жаңа үрдіс. Жаңа буын әкімдерінің ең басты ерекшелігі де осында жатыр.

Ал, «бұған біздің әкімдер дайын ба?» деген мәселеге келсек, алғашқы алғышарттары қолға алынуда. Өйткені, осы кейінгі үш жыл қатарынан округке қарасты 6 салық түсімі әр ауылдық округ әкімінің қолмақол есеп шоттарына аударылды. Осы ауылдық округ бюджетінде қалған шамалы қаражат арқылы, әкімдерге өз бюджет қаржысын жұмсау жолдары үйретілді. Жергілікті жерді түрлендіру жолында өз ақшасын жұмсап, не болмаса салық арқылы табыс көзін іздеуге машықтанды. Ол 5-10 млн. теңге көлеміндегі қаражат болатын. Енді бұл қаржы 20-30 есеге дейін өспек. Ақша берілген соң оның жұмсалу жолдары да бақыланбақ. Міне, бұл семинар – жаңа буын әкімдерін бүгіннен бастап жан-жақты дайындап алу мақсатында жүргізілген шара болатын.

Екі күнге созылған семинар барысында 13 бөлім, аудан әкімінің үш орынбасары, аппарат басшысы, заң бөлімінің мамандары, ХҚКО, Әділет басқармасы, тағы басқа жекелеген мекемелер өкілдері өз жұмыстары жайлы жан-жақты ақпарат беріп, жергілікті жерде қай салаға басым қарау керек екенін танытты. Қысқаша айтқанда, нағыз жұмыс жоспарын белгілеп берді. Енді, алдағы күндері аудан орталығына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары келіп, арнайы семинар өткізуді көздеп отыр.

Бір ескере кететін жайт, аудан бойынша әкімдердің орташа жасы жасарған. Бұрын орташа жас ерекшелігі 50 жас болса, бүгінде 40 жас.

Қорыта айтқанда, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты, ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз. Бұл жаңашыл бастама осы аудандық деңгейде тежеліп қалмай, облыстық, тіпті, республикалық деңгейде әкімдерді жинап, оқытып, жаһандану дәуірінің айқын көзқарасын танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button