Жаңарудың жаңа белесі
Әрбір іргелі мемлекеттің еңсесін тіктеп, елдік мұратын айқындайтын басты құжаты – оның рухани бойтұмары іспетті. Біздің Ата заңымыз да – ұлтымыздың айбарын асырып, мемлекеттігіміздің беріктігін аңғартып тұрған асқақ құндылық. Тарих қойнауына көз жіберсек, Қазақ хандығының дәуірлеген шағындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» мен Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – дала демократиясының алтын діңгегі, елдік сананың темірқазығы болғаны хақ. Бүгінгі талқыға түскен жаңа Конституция жобасы да сол ұлы сабақтастықтың заманауи жалғасы, егемендігіміздің ертеңіне соны серпін беретін стратегиялық қадам екені даусыз.

Бүгінгі жаһанданудың алапат қарқынында өркениетті мемлекеттердің басты өлшемі – технологиялық жетістік емес, ең алдымен, адам және оның қадір-қасиеті екені әмбеге аян. Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген тәмсіліне салсақ, жаңа Конституцияның да мазмұны мен құқықтық сипаты мүлдем жаңа деңгейде. Бұл құбылысты жай ғана заңдық түзету деп емес, уақыт безбені мен халық талғамынан өткен, қоғамның ішкі сұранысына сай жаңғырған мемлекеттік дамудың жаңа парағы деп білеміз.
Әсіресе, біз секілді жастар үшін бұл реформа – тек құжаттық өзгеріс емес, цифрлы дәуірдің талаптарына жауап беретін жаңа мүмкіндіктер алаңы іспетті. Бүгінгі буын ақпараттық кеңістікте өмір сүргендіктен, жеке деректерді қорғаудың Конституция деңгейінде бекітілуі – заман ағымына сай оңды қадам. Цифрлық егемендік пен виртуалды кеңістіктегі құқықтық қауіпсіздік – бүгінде ұлттық қауіпсіздікпен тең дәрежеде қарастырылатын болды. Технология қарыштап дамыған сайын құқықтық өрістің де соған бейімделуі – тұғырлы мемлекетіміздің келешекке деген көрегендігін көрсетсе керек. Сонымен қатар, цифрландыру мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін басты құралға айналмақ.
Білім мен ғылымның мемлекеттік дамудың негізгі діңгегі ретінде Ата заңда алға шығуы – болашақ капиталға салынған ең үлкен инвестиция. Конституцияда инновацияларға басымдық берілуі жас ғалымдар мен ізденімпаз өрендер үшін жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашады. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолындағы бұл қадам – жас буынның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі тетік болмақ. Біз тек табиғи байлыққа ғана емес, интеллектуалды әлеуетке сүйенген қуатты ел болуды басты мұрат тұтамыз. Оқу орындарының сапасы мен ғылыми зерттеулердің нәтижесі енді құқықтық тұрғыдан ерекше қорғауға ие болады.
Адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері мен жаңарған Преамбула мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Бәрі ұстаным етіп алған «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген алтын қағида жай ғана ұран емес, біздің өмір сүру салтымызға айналса игі.
Алдымыздағы референдум – біздің ұлттық таңдауымыз бен келешекке деген жауапкершілігіміздің айғағы болмақ. Тарихтың жаңа парағын аша отырып, біз өткеннің асыл мұрасы мен бүгіннің заманауи талабын үйлестіре білгеніміз абзал. Ата-бабаларымыз аңсаған әділеттілік пен бостандық ұстанымдары бүгін жаңарған Ата заңымыз арқылы қайта жаңғырып отыр. Осы құнды құжаттың аясында елдігіміз бекем, болашағымыз баянды боларына кәміл сенеміз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



