Жаңару жолындағы жарқын қадам
Әлемге көз салайықшы. Кеше ғана бейбіт тірлік кешіп жатқан талай мемлекет бүгін соғыстың салмағын сезініп отыр. Жан-жақта – жарылыс. Халық – үрей құшағында. Кеше ғана үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген көріністер бүгін шындыққа айналды. Қарапайым жұрт түн ұйқысын төрт бөліп, «Қай күні төбемізден бомба түседі?» деген алаңмен күн кешіп отыр.
Осындай сындарлы кезеңде біз бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен татулықтың қадірін түсінгендейміз. Бір сөзбен айтсақ, бізде шүкір ететін дүниеміз көп екен…

Әр саланың өз тәртібі, өз қағидасы бар. Спорттың өз ережесі сақталмаса, әділ бәсеке болмайды. Дәл сол секілді, әр мемлекеттің де іргетасын бекітетін, қоғам өмірін реттейтін басты құжаты мен ортақ қағидалары болады. Сол ережелерді құрметтеу, заңға бағыну – тұрақтылықтың кепілі. Ал, Конституциялық реформа – сол тұрақтылықтың басты тұғыры. Бұған жай ғана құқықтық құжат деп қарауымызға болмайды. Бұл – елдің ертеңіне бағыт-бағдар беретін стратегиялық негіз, мемлекеттіліктің темірқазығы. Онда қоғамның құндылықтары, азаматтың құқығы мен жауапкершілігі, билік пен халық арасындағы өзара міндет айқындалған. Сондықтан, оның мазмұны мен мәні әрбір азаматқа ортақ. Әрқайсымыздың болашағымызбен тікелей байланысты.
Жаңа Конституция жобасының ең басты әрі айрықша дүниесі – түпнұсқасы ел тарихында алғаш рет қазақ тілінде жазылуында. Осыған қарап-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын, ұлттық сананың жаңа белеске көтерілуінің көрінісін көруге болады. Мәселенің өзегі – осында.
Жаңа Конституция жобасын қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясымен салыстырып көрейікші. Ең алдымен мемлекеттік билік жүйесіндегі өзгерістерге назар аударайық. 1995 жылғы Конституция Қазақстанда күшті президенттік басқару моделін қалыптастырды. Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, Үкіметті жасақтауда, жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауда шешуші рөл атқарды. Парламенттің өкілеттігі болғанымен, атқарушы билікке ықпалы шектеулі еді. Ал, жаңа өзгерістерде Президенттің бірқатар өкілеттіктері қысқартылып, Парламенттің рөлі артты.
Мен жаңа Конституцияны толық қолдаймын. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттілікті нығайтуға үлкен үлес қосты. Алайда, уақыт талабына сай қоғам да, саяси жүйе де өзгерді. Сондықтан, Конституцияны жаңарту – заңды әрі қажетті қадам деп білемін. Ал, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы бүгінгі қоғам талабына да, қазіргі саяси жүйенің даму бағытына да толық сәйкес келеді деп есептеймін.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



