АймақҚарағанды

Жаңару жауапкершілік жүгін еселейді

Облыс аумағында ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат Конституцияның жаңа жобасы еңбек ұжымдарында жан-жақты талқылануда. Осындай мазмұнды кездесулердің бірі «Қ.И.Сәтбаев атындағы канал» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды филиалының еңбек ұжымымен өтті. Басқосуда Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов жаңа редакциядағы Конституция жобасының негізгі бағыттарын кеңінен таныстырып, қызметкерлердің сауалдарына жауап берді.

Суреттер облыстық мәслихаттың баспасөз қызметінен

Кездесу барысында Нұркен Кобжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында қолданыстағы Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізу қажеттігі туралы бастамасын жарияланғанын атап өтті. Осыған байланысты өткен жылдың 8 қазанында Президент өкімімен Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, белгілі заңгерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған 33 адамнан тұратын сараптамалық жұмыс тобы құрылған.

Дерекке сүйенсек, үш жарым ай ішінде саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түскен бір жарым мыңнан астам ұсыныс сараланып, Конституцияның іргелі бөлімдеріне қатысты кешенді талдау жүргізілген. Өзгерістердің ауқымдылығын ескере отырып, 20 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Комиссия құрамына шамамен 130 адам енген.

Қарағанды облысынан комиссия құрамына «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, ҚарҰЗУ ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ пен Никита Шаталов кірген. Нұркен Кобжановтың өзі де Конституциялық комиссия мүшесі ретінде 12 отырысқа қатысып, құжатты әзірлеу жұмыстарының ашық форматта жүргізілгенін жеткізді.

– Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында жаңа Конституция жобасы көпшілікке ұсынылды. Түзетулер 77 бапты қамтиды, бұл – қолданыстағы мәтіннің 80 пайыздан астамы. Заңнамаға сәйкес, егер өзгерістер жартысынан астам норманы қамтыса, жаңа редакция қабылданады. – деді Нұркен Кобжанов.

Нақтырақ айтсақ, кіріспеде қазақстандық мемлекеттіліктің тарихи мұрасы айрықша көрсетіліп, әділдік пен заң үстемдігі негізгі бағдар ретінде бекітіледі. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім қағидаттары сақталады. Неке ұғымы ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде, мемлекетте тіркелген түрде нақты айқындалады.

«Конституциялық құрылыстың негіздері» бөлімінде білім, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде бекітіледі. Ғылыми және шығармашылық еркіндікке, зияткерлік меншікке кепілдік беріледі. Сонымен қатар, цифрландыру жағдайында дербес және қаржылық деректерді қорғау нормалары көзделген.

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, алғаш рет конс­титуциялық деңгейде адвокатураның сот арқылы қорғану құқығының кепілі ретіндегі рөлі бекітілген. Егемендік қағидаты да нығайтылып, халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі арнайы заңмен реттелетін болады.

Институционалдық жүйеде маңызды өзгерістер қарастырылған. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құру ұсынылады. Оған Вице-президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық және Жоғарғы Сот судьяларын тағайындауға келісім беру өкілеттігі беріледі. Жаңа Парламентте президенттік квота болмайды. Құрылтай сайлауы пропорционалды жүйе бойынша өтіп, депутаттар саны 98-ден 145-ке дейін артпақ.

Конституция жобасында Президенттің бір рет сайланатын мерзімі туралы норма, Президенттің партия мүшесі болуына тыйым салу және оның отбасы мүшелерінің мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқаруына шектеу толық сақталған. Алдағы уақытта Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі.

Кездесу соңында Нұркен Кобжанов ұжым мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, реформалардың мәні мен маңызын түсіндірді.

– Біз бүгін Конституцияның жаңа жобасын талқылап отырмыз. Мұндай ауқымды реформа саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Конституция – басты құқықтық құжат әрі қоғам дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын негізгі ереже. Сондықтан, өзгерістер мемлекеттік аппаратты жетілдіре отырып, әділ, ашық әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған, – деп толықтырды Нұркен Сайфиддинұлы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button