АймақНұра

Жаңару мерекесінің жарқын шуағы

Нұра ауданында көктем мен жаңару мерекесі кең көлемде тойланды. Өңірдің орталығындағы «Нұра» стадионында Нау­рыздың құрметіне арналған салтанатты мерекелік концерт қыраулы қыстан шыққан жұртты жадыратып, қуаныш пен шаттыққа бөледі.

Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған театрландырылған бағдарлама мазмұндылығымен, көрнекілігімен ерекшеленді. Ауданның орталық алаңына биылғы жылдың маңызы жоғары мерейтойларымен аталған тоғыз киіз үй тігілді. Әрбір үйдің ішкі жасауы атауына лайықты безендіріліп, анықтамалық стендтер ілінді. Береке мен ырыс жыл бойы үзілмесін деген ниетпен ақ дастарқандар жасалды. Үйлерге бас сұққан қонақтардың дәм ауыз тимей шыққаны жоқ. Ауданның барлық ұжымдары белсене қатысқан іс-шарада арнайы қайырымдылық дастарқаны жайылып, Ұлыстың ұлы күнін қызықтау үшін келген тұрғындарға бауырсақ, айран, наурызкөже сияқты ұлттық тағамдар таратылды. Мектептердің өнерлі оқушылары әзірлеген қолөнер туындыларынан құралған көрмені тамашалағандар қатары да мол болды.

Сонымен қатар, Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт ойындары: жабағы, тай жарыстары, аламан бәйге мен көкпар, қазақша күрес пен бес асық ойнаудан бәсекелер ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлделі орындардан көрінгендер марапатталды.

Өңір басшысы Бақытжан Мұқанов аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, жұмысшы мамандықтар жылына байланысты аудан экономикасының өрлеуіне, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қосып жүрген жұмыскер азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті.

Мерекелік шаралар мұнымен біткен жоқ. Өңір басшысы Мейірімділік үйінің тұрғындарына жылы лебіз білдіріп, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Мерекеге орай сый-құрмет ретінде азықтүлік себеттерін сыйға тартты.

– Наурыз мерекесінің аясында сіздерге құрмет көрсету үшін арнайы келдік. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір және көктемнің шуақты күндерін тілеймін, – деді Бақытжан Мылтықбайұлы. Аудан әкімі Мейірімділік үйін ашып, тұрмыстың қиындығына тап болған қамкөңіл адамдарға қамқорлық жасаған Гүлнәр Есләмқызы Түсіпбековаға алғыс білдірді.

Жасы ұлғайған, өзгелердің қол көмегі мен қамқорлығына мұқтаж болған жандарға Нау­рыз мерекесінің қарсаңында көрсетілген құрмет өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны күмәнсіз.

Бұдан бөлек, Ұлыстың ұлы күніне арналған салтанатты мерекеде аудан орталығының бір топ тұрғынына – қоғамның әлеу­меттік осал топтарына: жасы егде тартқан зейнеткерлерге, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға; ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға пәтердің кілті табыс етілді. Олардың алды 2017, соңы 2022 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған еді.

Жаңару мен жаңғыру мерекесінің жарқын шуағы нұралықтарды жақсы істерге бастайды деген үлкен үміт бар.

Өз тілшімізден
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button