Басты тақырып

ЖАҢАРУ мен ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЫ

Жер-жаһанды сері самалға өпкізіп, нұр тамшысын төккізіп, жыл құсының қанатына ілесіп жеткен жаңару мен жаңғыру бастауы, ырыс пен береке арқауы – Наурыз мерекесін Ақсу-Аюлы жұртшылығы өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. Дүние дүр сілкініп, жыл он екі ай “патшалық құрған” Тауық тақтан түсіп, жеті қазынаның бірі – Итке орын босатты.

Қазақтың орталық алаңға орныққан талай ғасырлық тағылымды тарихы бар көшпелі тұрмысының салтанатты көрінісі көзді арбайды. Қаз-қатар тігі лген, безендірілуі бірінен-бірі өткен кигіз үйді тамашалаған тойшыл қауым. Келген жұртты жатырқамай құшақ жая қарсы алып, наурыздың таңсық асы, дәм атаулының төресі – иісі аңқыған Наурыз-көжені құрақ ұша ұсынған үй иесі.

Осындай қонақжай көңілмен басталған көгілдір көктемнің керемет мерекесі күн арқан бойы көтерілгенде көпшілікті елең еткізген “Наурыз – береке бастауы!” атты театрландырылған мәдени-көпшілік шараға жалғасты. Ұлттық салт-дәстүрді әспеттеген қойылым салтанат сәнін шырайландыра түсті. Наурыз нақышының көркем көрінісі көрермен көпшілікті өзіне баурап алды.

Биылғы әз Наурыз Астананың – 20, Бұқар жыраудың – 350, Шортанбайдың – 200, ал, ауданның 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Шырайлы шарада аудан әкімі М.Жандәулетов ақжарма тілегін ақтарды. Тамырын тереңге тартқан осынау мереке шоғыры береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтетін елеулі оқиға екенін атап өтті.

Ұлыстың Ұлы күніне арнайы дайындаған концерттік бағдарлама даланы дүбірлі думанға бөлеген ұлттық спорт ойынына ұласты. Жанкүйерді жанықтырған жарысқа Ақшатау кентінен, Нұраталды, Үңірек, Шопа, Еңбекшіл, Қармыс, Ақсу-Аюлы аулынан бірнеше команда, барлығы 122 спортшы қатысты.

Ұлттық тағам – ырысым” байқауында белсенділік байқатқан Ы.Алтынсарин мен Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия, С.Мұхамеджанов атындағы саз мектебі, “Балдырған” балабақшасы мен аудандық орталық кітапхана ұжымы арнайы сыйлықпен марапатталды. “Ең ұзын бұрым” сайысында Нұрдәулет Маженова талайды тамсандырып, қарсыласына сан соқтырды.

Әлібек Әбдіраш

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button