Жаңарған жүйе, жайлы мектеп
Тәуелсіздік күніне орай «Кеңдала» шағын ауданында орналасқан №19 жалпы орта білім беретін мектепте ерекше мерекелік шара «Тәңірден келген тәтті сый» атты театрландырылған мюзикл өтті. Бұл мюзикл – оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту мен патриоттық сезімдерін нығайтуға бағытталған тәрбиелік іс-шара.

Бұған дейін «Алаш» партиясының көшбасшыларының бірі, қалың қазақты оятып, әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосқан публицист, математикалық терминдерді қазақшаға аударып, есеп кітабын жазған, қазақтың тарихын жазған, түрікше-орысша сөздік жазып шығарған Міржақып Дулатұлының туған күніне орай мектебімізде мектепішілік танымдық-ғылыми конференция өткен болатын.
Ұстаздар мен оқушылар тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи кезеңдер мен ұлт батырларының ерліктерін сахна тілінде көрсетті. Әрбір көріністе қазақ халқының тәуелсіздікке деген ұмтылысы, қиын-қыстау кезеңдердегі қайсарлығы мен болашаққа деген сенімі ерекше әсерлі бейнеленді.
Шара барысында ұлттық рухты асқақтатар әндер шырқалды. Сахнада Ұлы дала тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ, қазіргі заман жетістіктері де шеберлікпен көрініс тапты. Әсіресе, ұстаздар мен оқушылардың орындаған монологтары мен диалогтары көрермендерді тебірентті.
Сонымен қатар, мектебімізде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқушылар арасында «Жайлы мектеп барысы» турнирі өтті. Турнирге қонақтар, балуандар қатысып, төрелік етті. Бұл жарыс ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, оқушылардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттырды. Жарысқа қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Сондай-ақ, 6-7-8 сынып оқушылары арасында қазақ күресінен «Jaily mektep barysy» мектепішілік турнирі өткізілді. Бұл жарыс Тәуелсіздік күніне орайластырылып, еліміздің ұлттық спорт түрінің насихатталуына үлес қосты.
Спорт пен мәдениет үйлескен ерекше күні мектебімізде ұйымдастырылған осындай мәдени шаралар жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін бағалауға ықпал етері сөзсіз.
«Тәңірден келген тәтті сый» мюзиклі мен «Жайлы мектеп барысы» – соның жарқын дәлелі.
Гүлдана АСАМИДАНОВА,
№19 мектептің директоры