Білім

Қарағандыда алдағы үш жылда 68 мектеп жөнделеді

Оқушылар каникулға кеткенде жаз бойы мектептерде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айталық, білім ошақтарының сыртқы келбеті оқушы танымастай түбегейлі өзгерді, есік-терезесі ауыстырылып, ішкі дизайны түрленді, кабинеттер заманауи жабдықталып, жаңа жиһаздар жеткізілді. Бұл – балалардың сапалы білім алуына жасалып жатқан қамқорлық. БАҚ өкілдері баспасөз турымен Қарағанды қаласындағы күрделі жөндеуден өткен мектептердің қазіргі жай-күйін көріп қайтты.

Суреттерді түсірген автор

Басқарма мәліметінше, биыл 265 білім беру объектісіне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 29 мектеп «Мектептерді реновациялау» жоспары шеңберінде қамтылды. Жалпы, бағдарлама аясында алдағы үш жылда облыста 68 мектепті қамту жоспарда бар. 35 ауылдық мектеп те жаңғыртылуда.

№5 қосымша білім беру мектеп-орталығы 40 жылда алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жалпы сыйымдылығы 1560 оқушыға арналған мектепте биыл 1340 бала білім алуда. Олар биыл қасбеті жаңарған, жайлы да жылы, заманауи жабдықталған білім ордасында жаңа оқу жылын бастады.

Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу бірнеше жыл бұрын басталған. 2024 жылы арнайы әзірленген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп, жылу жүйесін толық жаңғыртуға және терезелерді ауыстыруға қаражат бөлінген. 2024 жылы күрделі жөндеуге бюджеттен 190 миллион теңге жұмсалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 202 миллион теңгені құрады.

– Бұрын мектеп суық болатын, терезелердің тозығы жеткен, ағаш есіктер әбден ескіріп еді. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Күрделі жөндеу нәтижесінде жаңа жылыту жүйесі орнатылып, жертөле бөлігінде заманауи қазандық іске қосылды. Терезелер мен есіктер ауыстырылды. Өткен қыста мектеп іші жылы да жайлы болды, бұған ата-аналар мен оқушылар да, мұғалімдер де дән риза, – деді директор Торғын Нұрмағамбетова.

Сондай-ақ, биыл «Мектептерді реновациялау» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім ошағының бірінші қабаты, спортзал және санитарлық тораптар жөндеуден өткен.

2025 жылы мектептің сыртқы қасбетін жаңартып, күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қосымша қаражат бөлінген. Бүгінде ғимарат жаңаша келбетке ие. Бұл өзгерістер мектептің тек сыртқы көркін ғана емес, сонымен қатар, оның қауіпсіздігі мен энергия үнемділігін едәуір жақсартады.

Директордың айтуынша, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталған. «Мектеп жаңа оқу жылына толықтай дайын болды. Мердігерлік ұйымдар жөндеуді белгіленген мерзімде тапсырды. Жұмыс процесінде ешқандай іркіліс болған жоқ. 1 қыркүйек – Білім күні мерекесін оқушылар іші де, сырты да жаңарған заманауи мектепте қарсы алды», – деді басшы.

№5 қосымша білім беру мектеп-орталығында кабинеттерді жаңарту аясында заманауи талапқа сай жаңа кітапхана ашылған. Сонымен қатар, қосымша білім беру орталығы мен үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Мектеп жанында музыкалық мектеп бар, десе де, оқу кабинеттеріне тапшылық жоқ.

11-сынып оқушысы Айым Қайрат мектептің заманауи қалыпқа келіп, жаңаруы оқушыларға мотивация беретінін айтты.

– Кез келген оқушы өзі оқып жатқан мектебімен мақтанады. Білім ошағымыздың жөнделіп, жаңарып жатқаны – біз үшін үлкен қолдау. Жаңа дизайн, заманауи сыныптар мен жабдықталған кабинеттер оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыра түседі, – деді ол.

Аталған мектеп-орталығында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сенсорлық кабинет ашылған. Қазіргі уақытта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалармен арнайы мамандар жұмыс жүргізеді.

– Бүгінде мектебімізде 60-қа жуық ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олар үшін арнайы жағдай жасалған, инклюзивті сыныптар толыққанды жұмыс істеуде. Сенсорлық кабинет осы балалардың танымдық және эмоционалдық дамуына оң әсер беріп отыр, – дейді Торғын Нұрмағамбетова.

2025 жылы мектепке бөлінген қаражат ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және мектеп инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

№5 қосымша білім беру мектеп-орталығында күрделі жөндеу мұнымен шектелмек емес. 2026 жылға да жоспарлар бар. Мәселен, білім ошағының екінші, үшінші және төртінші қабаттары, баспалдақ аралықтары, өртке қарсы дабыл жүйесі толық жаңартылмақ.

– Мектеп үш жылға арналған реновация жобасы аясында жаңғыртылып жатыр. Қазіргі таңда бұл жобаның екінші жылы жүзеге асырылуда. Мектеп аумағын абаттандыру, спорттық нысан салу, инфрақұрылымды жетілдіру жоспарланды. Ал, 2027 жылы мектеп жаңа жиһазбен жабдықталып, жаңарту толық аяқталуы тиіс, – деді директор.

Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары арнайы мақсатқа бөлінген республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.

Қарағанды қаласындағы №50 негізгі орта мектебі де биыл жөндеу көрді. Мұнда да ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айталық, мектептің сыртқы қасбеті толықтай линейлік панельдермен қапталып, ғимарат жаңа түрге енген. Кіреберіс жаңартылып, бірінші қабаттың төбесі, қабырғалары мен едені толықтай жөндеуден өткен. Терезелері ауыстырылып, шатыры да жаңарған. Электрлік жабдықтау және жарықтандыру жүйесі қалпына келтірілген.

– Мектепке күрделі жөндеу жүргізуге жалпы сомасы 493 миллион теңге бөлінді. Бұл – екі жылдық жоба. 2025 жылы бөлінген 272 миллион теңге толық игерілді. Биылғы жөндеу жұмыстары аяқталып, мектеп жаңа оқу жылын бастады, – директор Жанар Балапанова.

Оның айтуынша, мектептің жөндеу жұмыстарын Қарағанды қаласының «Промстрой-21» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырды. Жөндеу жұмыстарының қаржыландыру көзі – жергілікті бюджет есебінен.

Мектептің жобалық қуаттылығы – 640 оқушыға есептелген. Биыл 527 оқушы білім алуда. Қазіргі уақытта мектеп тоғыз жылдық білім беру форматына сай жұмыс істейді.

2026 жылы күрделі жөндеу жұмыстары екінші және үшінші қабатта жалғасады. Келесі жылы барлық оқу кабинеттері мен есіктер, терезелер, төбелер толықтай жаңартылмақ.

Мектеп директорының айтуынша, күрделі жөндеудің нәтижесінде мектептің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарған. Оқушылар мен мұғалімдер үшін заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасалған.

– Алдағы уақытта оқу кабинеттеріне арналған жаңа жиһазға да қаржы бөлінеді деп үміттенеміз. «Мектептерді реновациялау» бағдарламасы аясында бірінші қабаттағы үш бастауыш сынып кабинеті, мектепалды даярлық тобы, қыз балаларға арналған көркем еңбек кабинеті, ұл балаларға арналған еңбек шеберханасы және мұғалімдер бөлмесі толықтай жаңа жиһазбен жабдықталды. Келесі жылы қалған барлық кабинеттерге де жаңа жиһаз беріледі деген сенімдеміз, – деді директор.

Аталған білім ошағы 1962 жылы салынған. 60 жылдан аса тарихы бар мектептің ескіргені де жасырын емес. Спортзалдың кейбір бөліктері жарамсыз күйге түскен, төбесінің бір бөлігі құлаған жағдай да болған. Биыл мектеп спортзалының жөндеу жұмыстары қолға алынып, жыл бойы жалғасып жатыр. Бастапқыда нысанды мамыр айында тапсыру жоспарланған, алайда, әртүрлі себептерге байланысты жұмыс мерзімі ұзарған. Басшының айтуынша, жөндеу жұмыстары 15 күн ішінде аяқталады. Ал, оқушыларға дене шынықтыру сабағы күн суытқанша мектеп ауласында өтеді.

– Мектептің спортзалы мен асханасында да жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың тапсырыс берушісі – Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бүгінгі күні жөндеу 90% деңгейінде аяқталған. Жоба бойынша екі нысан қамтылды, бірі – спортзал, екіншісі – асхана. Мердігер ұйымдар өз міндеттерін орындауда. Әкімшілік тарапынан жөндеу барысы тұрақты бақыланып отыр, себебі мектеп балалар үшін жайлы орта болуы керек. Бізде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар өте көп. Олар – әлеуметтік осал санаттағы балалар. Сондықтан да асхана мен спортзалдың жағдайы – үлкен маңызға ие, – деді Жанар Садақбекқызы.

1962 жылы салынған Сәкен Сейфуллин атындағы №92 мектеп гимназиясының биыл сырты қасбеті жаңармаса да, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білім ошағының директоры Салтанат Жүнісова «Мектеп 2007 жылдан бері алғаш рет жаңартылып отыр» дейді. Айтуынша, биыл мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дәліздері жаңарған, барлық есік ауыстырылған. Басқыштар да жаңа кейіпке еніпті. Үшінші қабаттың кабинеттері оқушылардың ыңғайына қарай санитарлық торапқа айналып, бұрын болмаған дәретхана жүйесі орнатылған. Ағымдағы жөндеуге бюджеттен 68 млн теңге қаражат жұмсалған. «Біз келесі жылы электр жүйесін әрі мектеп ғимаратының сыртқы келбетін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жөндеу кезең-кезеңінен жүзеге асуда», – деді Салтанат Оразбайқызы.

Жаз мезгілінде Оқу-ағарту вице-министрі және білім басқармасының өкілдері №92 гимназияға келіп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан. Қала мектептері бойынша осы білім ордасы жөндеу жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтаған.

– №92 гимназия ғимаратының сыртқы қабатын жаңа панельдермен қаптау керек. Кеңес одағы кезінде салынған мектеп ғимараттары ескірді, су тисе, кірпіштері мүжіледі. Бұл апатты жағдайға әкеледі. Сондықтан, бізде басты басымдық – қасбетін жаңарту болып отыр. Мектептің іші жаңарып жатыр, төбесі де жөндеуден өтті. Бұл өте маңызды. Әлі де кабинеттерді жаңарту керек. Қыздар мен ұлдарға арналған жеке технология кабинеттері қажет, – дейді қалалық мәслихатының депутаты әрі мектептің Ата-аналар қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бейбіт Жұмабеков.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерде: 1. Қасбеті жаңарған №50 негізгі орта мектебі
2. №5 қосымша білім беру мектеп-орталығындағы қыздарға арналған технология кабинеті
3. №92 мектеп-гимназиясының жаңар­ған дәліздері

Басқа материалдар

Back to top button