Жаһандық дода жолдамасы – қолда
Есімі елге етене таныс, бүгіндері алпыстан асса да, боз кілемде белдесіп жүрген Боранбай ТЕРГЕУБЕКОВ Арқаға үлкен олжамен оралды.
Жақында Түркістан қаласында самбо күресінен өткен ел чемпионатында Боранбай ағамыз облысымыздың атын асқақтатты. Балуан қыркүйекте Литвада өтетін әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.
Сонымен қатар, жеңімпаз атанған ағамызға Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Жүлделі оралған ағамызды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымы әуежайдан қарсы алып, лайықты құрмет көрсетті.
Бұқар жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов мырза да жеңімпазды құттықтап, арнайы сыйлық табыстады. Және ауданның спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие қалыптастырғаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Алғыс хатымен марапаттады.
Алдағы әлемдік аламанда да Боранбай ағамыздың жұлдызы жарқырап, Көк Туымызды жеңіс тұғырында биіктетіп, Әнұранымызды әуелетеріне сенім зор.
Сұлтан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.