Басты тақырыпБұқар жырау

Жаһандану жұтпасын десек…

      Қазіргі таңда әлемді рухани емес, диуани секірік (өз сөзім) билеп тұр. «Кітап оқу» деген тіркес жоқ десе болады. Мұны жалпақ жұрт емес, сол саланың, яки, тіл мамандарының өзі доғарған әлдеқашан. Тек, бірді-екілі болмаса. Әйтеуір, жастардың мүшәйраға қатысып, өлең жазуы ғана көңілге медеу. Алайда, көбінің сарыны – мұң, махаббат. Ұлттың, ұлтшылдықтың лебі баяу, кемшін.

Енді «секірік» дегенімізге келейік. Көшеде, далада, аспанда, қалада дейміз бе, жас та, жасамыс та құлағына ілген әлгі құлаққап (наушник) серік, көрік боп тұр. Тыңдайтыны – секірік. Кәдімгі даңғырлақ музыка. «Мынау не?» деп сұрасаң, «қазақша» деп қояды.

Адамды желіктіретін, ойсыздандыратын, қасиеттен айыратын, ұлттық дүниетанымға жат әлем. Баяғы қанішер Гитлер арманы орындалуда.

Қай телеарнаны болсын аш – секірік. Жартылай жалаңаш қазақ қызы. Суға түскен, өмірден баз кешкен, жігіт қызды қуған, қыз жігітті қуған «ерекше» ғалам. Күні-түні бала-шаға көріп, көзайым ететін әдеттегі дү­ние­ге айналды.

Тойға барсаң да сол. Шоу-думан «Жаманның сүйенгені топ пен дүрмек» (Абай) дегендей шуылдақпен бірге шулап, санамызды улап жатқан жай. Ән айтып, күй күмбірлеткен шағымыз көзден бұлбұл ұшқан. Бала кездегі қазақ радиосынан берілген күй, ән қайда қалды?! Біздің буынның ұлттық мәйегін мәпелеген қайран қазақ радиосы еді. Сосын көркем әдеби шығарма еді. Бәрі ертегі, көзден көмескі, санадан үріккен.

Жуырда күйші, жазушы Сержан Шәкірат аға «Жас алашқа» күйшілер қоғамын құру жөнінде үндеу мақала жариялады. Көңілдегі тоттанған тұтқыр датты жалтыратқандай. Егер қолдаушы болса, екі қол, екі аяқты көтеріп-ақ кірісетін нәрсе, әттең…

Іле-шала «Қазақстан» арнасындағы «Айтуға оңайдан» тағы осы мәселе жылт етті. Әйгілі күйшілер Б.Ысқақов пен Ш.Әбілтай күйшілер орталығын құру туралы мәселе көтерді.

Бұл хабарда да біз айтқан түйткілдер ортаға салынды. Алматыдағы салт-дәстүр орталығында күйшілер отауы көтерілсе – құба-құп деген бастамасы сол айтылған жерде қалмаса екен деп тіледік.

Осыдан бірер жыл бұрын Қарағандыда айтыскер ақын Қ.Мақсұтов республикалық «Шертпе күй» отауын құрды. Ол отау жұмысы жақсы-ақ басталды. Алайда, Тәттімбеттің 200 жылдық мерейтойын өткізді, күй фестивалі дүбірледі. Бітті, аяғы сонымен сиырқұйымшақтанды.

Былтыр күйші Қ.Садуақасов (атақты Дәулетбек күйшінің ұлы) облыстық деңгейге көтеріп, «Шертпе күй» орталығын жалғап еді, бірер концерттен соң түрлі себеппен жұмысы тоқырап тұр.

«Баланы – жастан» деп жатамыз. Мектепте бастауыш, одан соң 5-6 сыныптарда ғана 1 сағат музыка сабағы бар (осылай аталады). Күй өнері деген тақырып жоқ. Арасында жай ақпарат ретінде айтылған. Күй, ұлттық ән жеке сабақ ретінде аптасына 2-3 рет берілсе ғой деп армандайсың.

Сосын оқу орнындағы үзіліске шығатын қоңырау. Христиандардың шіркеуге шақыратын сол баяғы даңғырлатқышы. (Былтыр орталықтағы мектебімізден Құрманғазының «Сарыарқасын» естіп, көтеріліп қалып едік, биыл ол жоқ. Себеп?).

Тағы телеарналардағы хабар беретін шақтағы қойылатын демеусаз. Тап бір қылмыскерді жазаға тартатын шақтағы берілетін қорқынышты, үрейлі даңғырлақ. Ойбай-ау, күй қайда, күй? Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, тағы басқа күйшілер, аруақтарыңыз кешірсін. Сіздердің рухи үндеріңіз тек арнаулы байқау, арнайы оқу орындарында болмаса, ұрпағыңыз білмейді де, естімейді де…

Мемлекеттік мәні бар шаралардан күй де, күйші де шетқақпай. Дәстүрлі ән болса, болмаса да шетке сырылған.

«Құрманғазы», «Отырар сазы», біздің облыстық Тәттімбет атындағы, тағы басқа оркестрлерді мемлекет шамасы келгенше ұстап отыр. Алда-жалда концерт бере қалса, көрермені жасамыс адамдар. Алаштың дүние жүзі мықтыларымен таласа алатын алтын әуенді күйі өзінің ұрпағына, төл перзентіне жат болмағы кімге қажет!? Әрине, әлгі арзанқұмарларға. Тіпті, өзінің секірігін, даңғырлағын тықпалайды. Қазақ байғұс талмай жұтып жатыр. Содан болар, әніміздің сөзі ғана қазақша, сүйегі батысша.

Ақселеу Сейдімбек «Күй-күмбез» кітабында: «Күйші орындайтын шығармасының тарихын, авторын айтып тартқан. Тыңдау­шыға сонда ғана етене енесің», – деп кестелеп еді ғой.

Өз дүниеміз өзімізге жат боп бара жатқан заманда бірлесе қимылдамасақ – ертеңгі рухани әлем бұлдыр-ау. Өз басым білетін дүниемді барған жерде тартып, орындап жүрмін. Бабалар аманатына адал болайын дегенім. Төкпедегі алпыс екі баулы Ақжелең, шертпедегі Қосбасарлар ұрпақ құлағына бүгін там-тұмдап жетпесе, ертеңіміз бұлдыр.

Күйімізді, әнімізді беретін радио желісі, арнайы телеарна, мектепте, орта, жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытсақ, сосын қоңыраудың орнын күймен алмастырсақ – сегіз ұлымен қауышқан Ерназар болар едік-ау, шіркін!

Жаһандану жұтып, жалмап қойғысы ке­ліп, жаланып тұр. Бармақ тістеп қалмайық ертең. Әйтпесе: «Өзі түгіл өзгеге пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге», – деген хакім Абай сөзінің кері болары анық.

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

БҰҚАР жырау ауданы.

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Бір пікір

  1. Автордың қозғап отырған тақырыбы – өте өзекті мәселе!.. Іске батыл кірісу қажет-ақ. Әркім өз деңгейінде, өз мүмкіндігі шеңберінде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button