Жаһандану һәм ұлттық тәрбие
«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда. Осы орайда бұл жазбамызда жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, мемлекетке және жас ұрпақтың санасына тигізетін негативті әсеріне және қазіргі таңдағы ұлттық болмысымызға төніп тұрған сын-қатерлер мен жастарды қалай ынтымақ-бірлікке баулып, бәсекеге қабілетті қылып өсіруге болатынына қысқаша зер салмақпыз.
Кез келген елдің ұлттық мәдениеті, сол ел азаматтарының бойына дұрыс дарыса, ол елді іштен де, сырттан да жау ала алмайтыны белгілі.
Жаһандану тақырыбына арналған зерттеулер көп болғанымен, аталмыш феноменнің жаңа қырлары мен даму бағыттарын сараптайтын, жаһанданудың дамыған әрі дамушы мәдениеттерге тигізетін әсері ғылымның барлық салаларында маңызды. Соның ішінде, әлеуметтану ғылымы әлемдік жүйенің, әлеуметтік-мәдени өзегінің негізгі қасиеттерінің өзара әрекеттесуі арасындағы қатынас сипаттарына назар аударады.
Жаһанданудың қыр-сырын зерттеген Хабибулы Хака Хонгира: «Жаһандану – жеңіс пен жетістікке жеткізетін үрдіс, әрі жаһандану – залалды» деп санаған. Жаһандануды кейбіреулері жолындағының бәрін жоятын күш ретінде көрсе, басқалары экономиканы өсіріп, жаңаруға апаратын пайданың көзі деп қарастырған.
Ғалымның пікірінше, жаһанданудағы ұтыс пен ұтылудың нәтижесі ұлттық мәдениет пен мемлекеттік ұстанымға тікелей байланысты. Жаһанданудың идеологы М.Уотерс, жаһандану әлемінде аумақтық шекаралар мен елдер арасындағы саяси-экономикалық қатынастардан ұлттық мүдделерден тәуелсіз жаңа әлем қалыптасатынын айтады. Қалыптасқан әлем, біртұтас қоғамды, біртұтас мәдениетті бейнелейді. Бұл дегеніміз, мәдениеттердің жалпы адамзаттық мәдениетке ерікті интеграциясы болады.
Жаһанданумен айналысатын ғалымдардың кейбіреулері «әлемдік бірігу» барлық салаларда көрініс тапқанымен «дін», «мәдениет», «ұлт» секілді ұғымдардың төңірегінде жылдам қарқынмен жүзеге аспайтынына назар аударған. Мысалы, С.Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» кітабында: «…Біз батыстық идеологияның прогрессивті дәуірінің аяқталуын бастан өткеріп жатырмыз, енді жаңа дәуірге қадам басқан әртүрлі мәдениеттер өзара әрекеттесіп бәсекелестікте өмір сүреді…» – десе, басқа бір еңбегінде Хантингтон мәдениет пен дінді адамзатты жік‑жікке бөлетін, соғысты тұтандыратын қақтығыстардың бастауы деп есептеген.
Гарвард университетінің профессоры С.Хоффман «Әлемдік мәдениеттің жаһандануы мәдени әртүрлілікті туғызып, ұлттық мәдениеттердің, әдет-ғұрыптардың, құндылықтардың нормаларын жаңғыртуға бағытталған мәдениеттердің плюралистік синтезі (локоглобализация)» болады деп санайды.
С.Хантингтон мен С.Хоффманның тұжырымдауларында мәдени унификация бірден жүзеге асып кетпейді. Керісінше, бұл салалар болашақта қақтығыстың негізгі ошағына айналады. Сондықтан, ұлттық мәдениетті заманның талабына сай бейімдеу өте маңызды!
Мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде тіл, мұра, дәстүр, әдет-ғұрып, отбасы, экономикалық жүйелер (өмір салты), ұлттық мерекелер ұлттық кодтың негізі саналады. Жеті элементтің әрқайсысы өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, бір-бірімен архетиптік байланыстардың үздіксіздігі жағдайында ғана ұлттық кодқа айналады. Кем дегенде бір байланыстың жоғалуы немесе деформациясы мәдени кодтың мутациясына, бірегейліктің жоғалуына, этникалық жады қабілетінің бұзылуына әкеледі.
Мысалға, салт-дәстүр қоғамдық өмірде әлеуметтік, интегративтік, реттеушілік, коммуникативтік, әлеуметтік-психологиялық, идеялық-тәрбиелік қызметтер атқарады. Дәстүр мен әдет-ғұрыптың құрылымында дін ерекше роль атқарады. Дін, адамгершілік, эстетикалық, идеялық мазмұн, ережелер, нормалар мен принциптер, тұлғаның саяси және рухани қасиеттерін қамтиды.
Дін мәселесі қазақ ойшылдарының шығармалары мен жыр-толғауларының негізгі ұстанымы болғанын дәлелдейтін талай тарихи-мәдени мұраларымыз бар. Алысқа бармай, Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлең шумағына тоқталсақ:
«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
Інжіл, құран – бəрі айтып тұрса дағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін үйтіп дұспан бол демейді,
Қанекей бұл сөзіме кім таласар».
Шəкəрім Құдайбердіұлы ешбір дін «қиянат жаса, дұшпан бол» демейді деп отыр. Ендеше, кінə дінде емес, сол дінді ұстанушылардың оның түп мағынасын түсінбей, дінді қолшоқпарға айналдыруында. Сөйтіп, есіл дін бұзылады дейді. Яғни, кемшілік дінде емес, діншілдерде болып отыр. Тағы бір өлеңінде:
«Құран сырын түсінбей бұрса дағы,
Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат.
Жаман тəпсір жайылып жер бетіне,
Дін десе тұра қашты есті азамат,
Бар обалы олардың тәпсiршiде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.
Ол қатенi түзеткен әлiмдер көп,
Соның сөзiн оқысам, боламын шат.
Қиянатың бар болса‚ иманың жоқ,
Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат», – дейді Шəкəрім.
Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр. Әлемдегі зомбылық, фанатизм, экстремизм, терроризм сияқты теріс көріністер «жаман бұрмаланған тәпсірдің» негізінде жатқаны белгілі. Еліміздің ертеңіне ие болатын жастарымызды да мұндай қауіптен сақтауымыз керек.
Дж.Фридман, А.Аппадурай сынды қазіргі әлемдегі мықты аналитик-ғалымдардың зерттеулерінде діннің мағынасын бұрмалап, адамның санасын улайтын әдіс-тәсілдер қалай өрбитіні жан-жақты талданған.
Ғалымдардың пікірінше, мықты қаржымен қаруланған ақпараттық кеңістік ұлттың идеологиясын шайқалту үшін небір қитұрқы жолдарды әзірлейді. Солардың ішінде әсіресе, дін арқылы этностың ішіндегі алауыздықты, ұлт аралық қақтығыстарды өршітетін сценарийлер өсе түседі.
Олай болса, хакім Абай айтқандай: «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» – дегендей, тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болуы үшін, бейбітшілікті, ауызбіршілікті сақтау өте маңызды.
Ендеше, жас буынның бәсекеге қыбілетті, ғылым-білімге жақын, зиянды қылықтардан аулақ болып өсуі үшін жастайынан еңбекке баулып, өмірге бейімдеп өсірген жөн. Қаршадайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, патриоттыққа баулу маңызды. Сонда олар елімізде өмір сүретін түрлі этнос өкілдеріне, олардың наным-сеніміне де де құрметпен қарауды, бірлік пен ынтымақта өмір сүруді үйренер еді.
Осындай нақты әрі жауапты іс-әрекеттер арқылы адал азаматтардың қалыптасуына, ертеңіміздің негізі мықты қалануына ұйытқы болу ортақ парыз деп білемін.
Жарқын ТҮСІПБЕКОВ,
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы.