Жаңалықтар

Жаһан жауһарларын тәржімалаған

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан публицист, аудармашы Марал Хасеннің 80 жылдығына және оның шығармашылық мұрасын насихаттаушы, аудармашы Рымбала Смаилованың 80 жасқа толуына орай «Аманат арқалаған Ана» атты кездесу кеші өтті. Кездесу Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Оған Марал Хасеннің достары мен қаламдастары және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты, айтыс ақыны, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов кештің модераторы болды. Ол Марал Хасеннің тәржіма ісінде атқарған еңбегі мен адамдық һәм азаматтық болмысы турасында ой толғады. Марал Хасеннің адал жары Рымбала Смаилованың да қайраткерлігіне тоқталды.

– Бұл күнде қартаймай жатып жалқау­лыққа ұшырайтын қаншама адам бар. Қоғамға, елге еңбек сіңірмей, жолын таппай жүргендер жетерлік. 80 жасқа толса да, Рымбала Смаилованың әр күні, әр сағаты еңбекпен, ізденіспен өрілген. Марал Хасеннің жары, оның редакторына айналды. Қатарласып қалам тербеді. Бүгінде екеуінің де есімі елеулі, еліне ардақты, – деді Айтбай Жұмағұлов.

Кеш барысында Марал Хасеннің аудармалары мен публицистикалық шығармалары кеңінен талқыланды. Ол әлем әдебиетінің жауһарларын қазақша сөйлетіп, қазақ оқырмандарының сүйікті аудармашысына айналған тұлға. Тізімде Иван Бунин, Эрнест Хемингуэй, Альбер Камю, Орхан Памук, Эйвинд Юнсон, Нагиб Махфуз, Уильям Шекспир, Габриэль Гарсиа Маркес сынды әлем әдебиеті алыптарының классикалық шығармалары бар.

Рымбала Смаилова болса, «Балалар жылы» аясында жазушы-драматург Нұрайна Сәтбаеваның «Әлканың күміс тұмары» әңгімелер жинағын, Гарри Грэйдің әйгілі «Бір кездері Америкада» романын, Илмаз Даниялұлының «Дастанның арманы. Басы», Анни Эрноның «Әйел» және «Менің асыл жандарым» кітаптарын тәржімалаған. Мерейтой иесі бүгінде Виктор Гюгоның «Нотр-Дам соборы» романын аударып жатқанын мәлімдеді.

Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Айнұр Шаймұханбетова қос қаламгердің еңбектері кітапхана төрінен түспейтінін айтты.

– Марал Хасен мен Рымбала Смаилова екеуі жаһан оқырмандары сүйіп оқитын ең ғажап, классикалық, тәржімалауға әркімнің жүрегі дауалай бермейтін шығармаларын қазақша сөйлетті. Осындай аудармашыларымызды қадірлеу – міндетіміз. Бүгінгі шараның да мақсаты – қос тұлғаның еңбегін дәріптеу, жас оқырмандарға атақты романдардың қазақшаға аударылған нұсқасы бар екенін айту, – деді Айнұр Шаймұханбетова.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button