Аймақ

Жаңалық мәдениетке үндейді

Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін арнайы пункттер ашылып, жаппай еуро-контейнерлер орнатылып жатыр. Енді мұндай орындар тәулік бойы операторлар назарында болмақ. Мамандар «Бұл тұрғындар арасында қоқыс­ты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін қажет» дейді.

Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарға арналған 800 алаң бар. Өкінішке қарай, сондағы контейнерлердің дені әбден ескірген. Көбі қирап, бүлінген.

Енді бұл орындарда жаңа қо­қыс жинау пункттері пайда болды. Сонымен қатар, пластик, шыны, немесе, қағазды сұрыптау контейнерлері орнатылып жатыр.

– Қоқыс жинау барысы оператордың жауапкершілігінде. Та­залық – солардың мойнында. Қатты қалдықтарды сұрыптау үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Яғни, пластик, картон, қағаз, шыныға арналған бө­лек орындар қарастырылған. Тұрғындар бұны ескерсе екен, – деді қоқыс шығару бойынша коммуналдық қызметтің санитарлық тазалау шебері Марина Потешина.

Әзірге қаланың бірнеше ша­ғын ауданында 17 пункт жұмыс істеп тұр. Тұрғындар «Мұндай орындар шаһар тазалығы үшін ауадай қажает» дейді.

– Бұрын қоқыс маңайға ша­шылып жататын. Жел тұрса болды, берекеміз қашады. Бұл жаңалыққа қуанып қалдық. Қоқыс шашылған жерде вирус, инфекция да жүреді. Балаларымыздың денсаулығына алаңдайтын едік, – деді қала тұрғыны Майраш Әбдірахманова.

Еуро-контейнерлерге жинал­ған қоқысты тасымалдау үшін заманауи техника сатып алыныпты. Тұрмыстық қалдықтарға арналған станция ашылды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button