Жаңаарқаның жампозы
Қасиетті Жаңаарқа жерінен талай танымал тұлға өмірге келіп, аққан жұлдыздай із тастап, жарқырап көрініп, өмірден кетіп жатыр. Солардың бірі де бірегейі кезінде елімізде жастар саясатын жүзеге асыруға бір кісідей атсалысқан, Тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекеттік қызметтің іргетасын қаласқан, тіпті, аз уақыт болса да өзіміздің төл газетімізді басқарып, дағдарыстан шығаруға елеулі еңбек еткен Батырхан Жанатұлы Жанатов дер едім.

Батырхан Жанатов – Жаңаарқаның тумасы, 1953 жылы 1 тамызда дүниеге келіпті. Өзінің 2019 жылы жарық көрген «Сағыныш екен сол бір кез» деген шағын естелік кітабында автор бізден бұрын өткен үлкендердің өмірдегі кейбір кезеңдерді ерекше оқиғалармен қабыстыра есте сақтайтынын келтіріп, шешесі: «Сталин өлген жылдың жазы соңында тудың» деп отыратынын жазады. Соңынан «бүгінгі толқын Сталиннің кім екенін, қашан туып-өлгенін қайдан білсін», деп қағытып қояды. (Мақаладағы көптеген деректерді автордың сол кітабынан алып отырғандығымды еске салайын). Осында «атының өзі мысты басатын, мақтаныш тудыратын» Ленин атындағы орта мектепті бітіреді. Балғатай Өтешев, Хасен Сейдімбеков (Ақселеу Сейдімбековтің ағасы), Әбушахман Смағұлов, Дамыл Сқақов, Ақтомпай Бәкіров, Зекен Тұрсынбекова сынды ұстаздарының алдын көреді.
Арман қуып, Қарағандыдағы кооператив институты деп аталатын, қазіргі экономика университеті сияқты іргелі оқу ордасында оқып, білім алады.
Оқу бітіріп, ауылда мамандығы бойынша қызмет істеп жүргенде мұның қоғамдық жұмыстарға бейім екендігін байқап қалған ел ағалары комсомол жұмысына шақырып, өмірінде өзі қойған тақырып бойынша «Өрлеу» кезеңі басталады. Қысқа қайырғанда Мәскеу жоғары комсомол мектебінде оқуға жолдама алады, Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Жаңаарқа аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, содан Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады.
Естеліктерінде комсомол қызметінде болғанда 1984 жылы дүниежүзілік жастар фестиваліне дайындық аясында Батыс Африканың алты елінде үгіт бригадасының құрамында болғанын,1986 жылы БЛКЖО ОК делегациясы құрамында Польшаның шаруа жастары съезіне қатысқанын, ал, Мәскеуде оқып жүрген кезде Мәскеу олимпиадасы алдында үгіт поезы құрамында Балтық жағалауы елдерінен бастап, Карпатқа, Амударияға, Ленаға дейінгі ел-жұртты көргенін қызықтап баяндайды.
2018 жылдың 20 қазанында Алматыда одақтық комсомол ұйымы құрылуының 100 жылдығы аталып өтті. Оған республикалық Орталық комитеттің белді қызметкері болған Батырхан да шақырылады. Одақтық және республикалық органдарының бұрынғы басшылары қатысады, комсомол сыйлығын алған өнер саңлақтары мен ұжымдары концерт қояды.
Кейбір сайттар мен баспасөз органдары бұл жиын күні өткен комсомолды несіне еске алды деп кекетіп-мұқатып жатты. Осыған жауап ретінде Батырхан естелік кітабында былай жазады: «Мен айтар едім, комсомол ұйымдары өз кезінде ел тарихына елеулі үлес қосқан жастар бірлестігі болды. Оны қазір тізбелеп жатпай-ақ қояйын, тарих өз бағасын береді. Бірақ, менің білуімше, Тәуелсіздік алған, комсомол тараған ширек ғасырлық кезеңде бұрынғы КСРО елдерінің бірде-біреуінде сол комсомолға татитын жастар ұйымы құрылып, ел көзіне түскен жоқ. Өткенді көксеп отыр демеңіздер, бірақ, оның жүріп өткен жолынан, іс-тәжірибесінен қазіргі қоғам, ел басқарып отырған шенеуніктер сабақ алса артық бомайды. Жігерлі жастарды біріктірген, талай өнегелі іске ұйтқы болған, өз алдына дербес, әрі басқарушы партияның қолқанаты болған ұйым тарих төрінен өз орнын алуы тиіс».
Батырханның өміріндегі келесі белес – партиялық жұмыста, мемлекеттік қызметте болуы. 1987 жылы партиялық қызметке ауысып, Жезқазған облыстық партия комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, 1989 жылдан Приозерный аудандық партия комитетінің 2-хатшысы болып сайланады. Тәуелсіздік алған сәттен Жезқазғанда мемлекеттік мүлік жөніндегі аймақтық комитет төрағасының 1-орынбасары сияқты мазасыз қызметке тағайындалады.
Содан балаларын оқыту мақсатымен Қарағандыға көшеді. 1996-97 жылдары жоғары органдардың ұсынысымен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Бұл елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты мекемелерді экономикалық кадрлармен «нығайтып» жатқан алмағайып кезең болатын. Арнайы журналистік білімі болмаса да көзі ашық, көкірегі ояу азамат облыс басшылығымен, қаржы басқармасымен тіл табысып, редакцияның қаржылық жағдайын жақсартуға күш салды. Газеттің 65 жылдығына байланысты осы жолдар авторы мен журналист Е.Лұқпановтың газет тарихына қатысты материалдарын жариялатып, дүркіретіп өткізбесе де газеттің мерейтойы аталып өтті. Кейін сол материалдарымызды біз «Аймақ өмірінің айнасы» деген тақырыппен кітапша етіп шығардық.
Газеттегі қызметінен соң Б.Жанатов Қазақстан Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, бөлім бастығы болып, Астанаға Алматыдан көшіп келген мемлекеттік органдар мен олардың қызметкерлерін орналастыру, тұрмыстық жағдайларын шешу сияқты күрделі мәселелермен айналысты. Зейнетке шығар алдында Қарағандыда бірнеше ірі мекеме, кәсіпорын басшыларының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, кеңесшісі болды. Қай жерде қызмет істемесін ол еңбекқорлықты, адалдықты, тәртіпті өзінен де, өзгелерден де талап етіп отырды. Әріптестерінің айтуынша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындауға маңыз беруші еді.
Батырхан мен қарқаралылық ару Райшан екеуі кооператив институтында оқып жүргенде танысып, тамаша, тату-тәтті отбасын құрды. Райшан баяғы «декабристкалардай» Батырхан Мәскеуде оқуда, Атасуда, Жезқазғанда, Алматыда, Приозерныйда, Қарағандыда, Астанада қызметте болғанда қашан да қасында жүретін.
Батырханның ақжарқын, ақкөңіл мінезімен адамдарды баурап алатын тамаша қасиеті бар еді. Өмірінің қай кезеңінде болмасын жолдастары, дос-жарандары көп болды. Олармен қарым-қатынастарын өмір бойы үзбеді. Естелік кітабында туған-туыстары, әріптес аға-інілерімен қатар достарын да аузынан тастамай, қай тарауында болсын еске алып отырған екен. Қазіргі тірі жүрген достары: сыныптасы Қуаныш Құрмашев, кәсіптік білім беру ардагері Қуанышбек Оралбеков, білікті дәрігер Салкен Дәрібеков, ардагер журналист Айқын Несіпбаевтай қимас достарының аттарынан осы естелікті жазып отырған жайымыз бар.
Ауылда жастайынан құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен сыныптасы, жан жолдасы, білікті автокөлік инженері, еңбек ардагері Қуаныш Құрмашевтің естелігінен үзінді келтірейік:
– Екеуміз жасымыздан қатар өстік. Менің елу жылдық мерейтойымда:
Атасу, Жаңаарқада бір өскенбіз,
Асыр сап балғын шақта күрескенбіз.
Балабақша, мектепке қатар бардық,
Қалайша шығарамыз мұны естен біз.
Бір қасық болса сонда таласамыз,
Бұл күнде біреулердің ағасымыз,
Ел-жұртқа береріміз әлі де көп,
Тірлікпен жетеді әлі аласымыз, – деп өзі айтқан тілегіндей, Сарысудың құмдауыт жағасында жалаң аяқ, жалаң бас асыр салып ойнап, балық аулап, доп қуып, балалық балдәурен шақтың қиялымен неше түрлі әлемді шарлайтынбыз.
Батырхан досым қай жақта, қандай қызметте жүрсе де, жан тазалығын, ар тазалығын биік ұстаған, бек азамат еді. Қашан көрсең де, үлкенге ізет, кішіге, жақындарына қамқорлық көрсетіп, ағайын-туыс, дос-жарандармен жиі араласып жүргеніне біз, жұбайым Ару екеуіміз куәміз.
Достыққа адал, қимас жан еді. Өмірлік жары Райшан екеуі үш бала тәрбиелеп, өсіріп, жетілдіріп, олардан немере көріп, шөберелері де өсіп келе жатыр. Жыл сайын туған күнінде Райшан ақ дастарханын жайып, туыс, достармен басымыз қосылып, мәре-сәре болатынбыз, Батырхан өзі гитарамен ән салып, өткен балалық, жастық, кемелденген шақтарымызды еске алып, бір жасарып қалушы едік.
Енді міне, жаратқанның құдіреті, Алла Тағаланың бұйрығымен досымның туған күнін, қырқын, жылын дұға оқып, еске алатын болдық. Батырхан маған күнде таңертең қоңырау шалып, «қалайсың?» деп хабарласып тұрушы еді. Мен әлі де таңертең біреу қоңырау шалса, Батырхан екен деп қаламын.
Батырхан өзі жазған өмірбаяндық, естеліктер кітабының айдары: «Сағыныш екен сол бір кез» еді. Енді міне өзіңді де сағынатын болдық, сенің де көз жұмғаныңа бір жылдың жүзі болып қалды.
Досым, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын!
Аман ЖАНҒОЖИН,
«Орталық Қазақстанның» ардагер журналисі, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы



