Жаңалықтар

Жаңаарқаның қарбызы

Жексенбі күні Жаңаарқаға жол түсіп, кент кіреберісіндегі қарбыз алқабына арнайы соқтық. Иә, мұнда кәсіпкер Сержан ТҮСІПБЕКОВ аудан әкімшілігінен жер алып, көктем кезінде қарбыз еккен. Бітік шыққан өнімін бағбан дәл қазір саудалауда. Келісі – 130 теңге. Жарнамасы жер жарған қарбыздан біз де ауыз тидік. Дәмі тіл үйіреді. Асыра айтты демеңіз, «Жаңаарқаның қымызы секілді нағыз брендке айналатын қарбыз екен» деп таңдай қақтық.

Сержан Түсіпбеков Жаңаарқа жерінде қарбыз өсіруді әуелі ойында әбден пісірген. Алғашқыда шағындап үйдің ауласына егіпті. Әрине, мұндай аумаққа өнім егуге екінің бірінің батылы бара қоймас. Бірақ, кәсіпкер жердің құнарын, ауданның климаты мен өнімді өсіру процесін жіті зерттеп барып, қолға алған. Сержан аудан әкімі Юржан Бекқожиннан жер телімін сұрапты. Аудан басшылығы сөзге келмей, шаруаны бірден қолдап, жер мәселелері жөніндегі ко­мис­сияның шешімімен 2 гектар жер беріпті.
Кәсіп иесінің бұл шаруаны дөңгелетіп әкетуінің де жөні бар. Себебі, Сержанды жұрт бала кезінен бақша егудің қыр-сырын игерген, еңбекке ерте араласқан азамат ретінде таниды.

— Міне, өзіңіз көргендей, осынша аумаққа қарбыз ектік. Басында, қорқыныш та болды. «Өнім шықпай қалып, шығынға батсақ қайтпекпіз?» деген секілді. «Әй, осың шықпас» деп үрейімді үдеткендер де болды. Бірақ, еңбегіме сендім. Жер-Анаға сендім. Аллаға шүкір, жер несібесін берді. Піскен қарбыздарды саудалаудамыз. Осы өнімдер отбасымыздың күшімен егіліп, суарылды. Бақша егу оңай шаруа емес, аса күтімді қажет етеді. Дегенмен, бұл кәсіпке де бейімделіп қалдық, – дейді Сержан Түсіпбеков.

Иә, ала жаздай төккер тер, еткен еңбектің ақталғанына біз де қуаныштымыз.

Шаруаның айтуынша, қарбыз дақылы тың жерді, күн жылуын және қол күтімін айтарлықтай қажет етеді. Күтімі келісті болса, жаздың ортасында-ақ, алғашқы өнімін береді.  «Тек пайдакүнемділікке ерік беріп, оған неше түрлі химиялық қоспаларды қоспаған абзал. Пендеге тән тазалық пен адалдық нақ осы кәсіпте де аса қажет-ақ», – дейді бағбан.

О баста 100 тонна өнім аламын деген жоспары болған. Биыл ауқымды аумаққа алғаш рет егіп отырған соң ептеп түсіне алмаған жерлері бар екен. Бірақ, алғашқы егіске 50 тоннадан артық қарбыз алу да жаман көрсеткіш емес.

Келешекте кәсіп иесі шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Басқа да өнімдерді Арқа жерінде өсірмекші. Ал, жергілікті жұртшылық Сержанның қарбызын іздеп, көрші ауылдардан келуде.

Суретті түсірген автор.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button