Жаңаарқада Бірлік күніне орай футбол маусымы салтанатты түрде ашылды
Жаңаарқа ауданында Бірлік күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында дәстүрге айналған футбол маусымының ашылу салтанаты өтті. Жыл сайын «Тәуелсіздік» саябағындағы футбол алаңында ауданның футбол ардагерлері бас қосып, жазғы маусымды бастау дәстүрге айналған. Биылғы шара да сол үрдістен жаңылмай, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Футбол маусымының ашылуы биыл ерекше сипатқа ие болды. Себебі, Жаңаарқа футбол құрамасының негізгі ойыншысы, еліміздің экономика саласында өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан инженерлік академиясының академигі Дәулет Маматайұлы Сарсенбаев 70 жасқа толып отыр. Осы мерейтой құрметіне орай Жаңаарқа ауданының футбол ардагерлері мен Қарағанды қаласының аты аңызға айналған «Шахтер» командасының ардагерлері арасында достық шоу-матч өтті.
Салтанатты шара Жаңаарқа кентінің орталық мешітінің ауласында 150 түп қарағай ағашын отырғызудан басталды. Табиғатты қорғау мен жасыл желекке мән беруді көздеген бұл игі бастамаға Дәулет Маматайұлының өзі бастап, құрметті қонақтар да белсенді қатысты.
Футбол маусымының ресми ашылу рәсімінде алау жағу салтанаты өткізілді. Шараға аудан әкімі Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин және мерейтой иесі Дәулет Сарсенбаев қатысып, спорт ардагерлеріне ізгі тілектерін арнады.
Бұл күн аудан халқы үшін мерекелік көңіл күй мен спорттық рухты қатар сыйлаған айтулы күн болды. Ел бірлігін, ұрпақтар сабақтастығын, салауатты өмір салтын дәріптеген бұл шара Жаңаарқаның спорт тарихында жарқын із қалдырды.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.