Жаңаарқа ауданына медициналық фургон жол тартты

«Медицина жаныңызда» акциясы аясында арнайы жабдықталған медициналық фургон Қарағанды қаласынан Жаңаарқа ауданына жолға шықты. Дәрігерлер аудандағы 14 елді мекенге бармақ. Олардың мақсаты   — шалғай ауыл тұрғындарына дәрігер мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік беру.   

Фургонның ішінде жеке дәрігерлік кабинеттер, сондай-ақ экспресс-зертхана және флюорографиялық қондырғы орналасқан.
Балалар мен ересектерді терапевт, педиатр, хирург, тіс дәрігері, УДЗ, акушер-гинеколог, окулист қарап, кеңес береді. Жылжымалы емханада ЭКГ-медбике, рентген-зертханашы, клиникалық зертханашы жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар жатыр мойны обырын, қанайналым жүйесі ауруларын, қант диабетін, глаукоманы анықтау үшін скринингтен өте алады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына міндетті медициналық сақтандыру туралы толық ақпарат беріледі. 
Акция 19 шілдеге дейін жалғасады.