Жаңа жылдың жаңалығы қандай?
1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік саланы, экономиканы, экологияны және қауіпсіздікті қамтитын бірқатар жаңа заңнамалық бастамалар күшіне енді. Айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге өсті. Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге, ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңгеге ұлғайды. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге, жалақының ең төменгі мөлшері 85 мың теңгені құрады. Биыл әлеумет күткен әлеуметтік өзгерістер қандай болмақ?
Зейнетақы төлемдері 8,5%-ға өсті
Зейнетақының ең төменгі мөлшері былтырғы 57 853 теңгенің орнына 62 771 теңге болды. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеден 32 360 теңгеге өсті.
– Облысымыз бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 178 мың зейнеткерлердің зейнетақысы алып отырған мөлшерінен 8,5%-ға өсті. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-ні (216 260 теңге) құрайды, – дейді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Татьяна Син.
Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 205-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
– Мәселен, – деп түсіндірді Татьяна Син, – 2024 жылғы 1 қаңтардан зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда сол жылға белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70%-ы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2%-ға өседі, бірақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 110%-нан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға қатысты.
Жалпы ынтымақты зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай жұмыс істегендерге ғана төленеді. Оның мөлшері еңбек өтілі мен табысына байланысты. Биыл ең төменгі ынтымақты зейнетақы 62 771 теңгені құрайды. Өткен жылы ол 57 853 теңге болған еді. Мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Зейнеткерлікке әйелдер – 61, ерлер 63 жастан бастап шығады.
Жәрдемақы мөлшері артты
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуы әлеуметтік жәрдемақылардың да өсуіне әсер етеді. Мәселен, қаңтардан бастап көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері: төрт балаға – 63 030 теңге (16,03 АЕК), бес балаға – 78 797 теңге (20,04 АЕК), алты балаға – 94 564 теңге (24,05 АЕК), жеті балаға – 110 332 теңге (28,06 АЕК), сегіз және көп бала үшін 125 824 теңге төленеді. «Алтын алқалы» аналар 29 097 теңге (7,4 АЕК), «Күміс алқа» үшін 25 165 теңге (6,4 АЕК) алады.
Бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыға келетін болсақ, енді бірінші, екінші және үшінші сәбилерге төлем 149 416 теңгені (38 АЕК), ал, төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңгені (63 АЕК) құрайды. Босанғанға дейін жұмыс істеген аналар сәбиі бір жарым жасқа келгенше өздерінің соңғы екі жылдағы орташа табысының 40%-ын алып отырады. Мысалы, егер ол 200 000 теңге болса, онда жәрдемақы 80 000 теңгеге тең болады. Ал егер анасы жұмыс істемесе, онда бірінші балаға мемлекет 22 648 теңге (5,76 АЕК), екіншісіне – 26 777 теңге (6,81 АЕК), үшіншісіне – 30 866 теңге (7,85 АЕК), төртіншісіне және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге (8,9 АЕК) төлейтін болады.
Аймақ бойынша 50 мыңға жуық адамның мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ұлғайды.
Орташа жылдамдық есептеледі
Жол жүру ережелеріне де қатысты өзгеріс бар. Жылдамдық тәртібін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал, осы құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 АЕК болады. Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Енді мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралы тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір беріледі. Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. «А» және «В» санаттары болса да, мопедті басқару құқығын растау міндеті бар. 2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Яндекс.Такси» мен Indriver өз платформаларында рөлі оң жақтағы көліктерді алып тастауы тиіс.
«Келешек» жобасы басталады
Жаңа жылдан бастап «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Ол арқылы балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік бар. Бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бірреттік бастапқы капитал – 60 АЕК (2025 жылы 230 920 теңге) түседі, ал, ата-ана ай сайын 1-3 АЕК мөлшерінде міндетті салым жасауы тиіс. Одан бөлек, мемлекеттің 7%-ға дейінгі сыйақысы және банктердің сыйақысы бар. Бала грантқа түскен жағдайда қаражат отбасының басқаруына беріледі.
Несие алу қиындай ма?
1 қаңтардан бастап онлайн несие алу үшін биометриялық верификациядан өту міндеті енгізіледі. Ал, қарыз алу туралы келісімшартқа электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет. Онсыз онлайн несие берілмейді. Бұған дейін жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салынған болатын. Бұдан бөлек, әрбір қазақстандық «Электрондық үкіметтің» веб-порталында және «eGov Mobile» мобильді қосымшасында өз атына несие рәсімдеуге тыйым сала алады.
Салық көлемі артады
2025 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың есебінен төленетін салықтардың мөлшері артады. Әлеуметтік аударымдар – 5% (2024 жылы 3,5% болған), әлеуметтік салық – 11% (2024 жылы 9,5 болған) мөлшерінде болады. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы аударымдары – 2,5% (2024 жылы 1,5%), жұмысшылардың міндетті зейнетақы аударымдары – 10,5% (2024 жылы 10% болған). Осы ретте 2025 жылдан бастап Қазақстанда көпбалалы отбасылардың табысын салықтан босатуға мүмкіндік беретін жаңа салық жеңілдіктері күшіне енгенін атап өту керек. Жаңа енгізілген салық шегерімдері жылына 282 АЕК-ке (1 108 824 теңге) дейін салық шегерімі беріледі. Бұл жеңілдіктер ата-аналардың екеуіне де бірдей қолданылады. Бір ата-ана үшін ай сайын 23 АЕК (90 436 теңге), екі ата-ана үшін ай сайын әрқайсысына 12 АЕК (47 184 теңге) мөлшерінде жеңілдік беріледі. Бұл жеңілдіктер төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған.
Шәкіртақы өседі
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавр студенттері 52 372 теңге алады. Әзірге олар 47 135 теңге алып жүр. Педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін төлемдер 75 600 теңгеден 84 000 теңгеге дейін өседі. Интернатурада оқитындар бұрынғы 85 376 теңгенің орнына 94 863 теңге ала бастайды. Магистранттар үшін шәкіртақы сомасы 107 061 теңгеден 117 098 теңгеге дейін ұлғаяды, ал, Назарбаев университетінің магистранттары 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 218 750 теңге (бұрын – 200 000 теңге) алатын болады. «Денсаулық сақтау» бағытындағы резидент-дәрігерлер мен магистранттардың шәкіртақысы 134 664 теңгеге дейін көтеріледі (бұрын 123 122 теңге болған). Докторанттар 240 000 теңгенің орнына 262 500 теңге ала бастайды. Колледж студенттерінің стипендиялары өзгеріссіз қалады. Жалпы, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте студенттер үшін стипендияларды 15-20% – ға арттыру жоспарланған.
Айыппұлдар қаншаға артады?
Айлық есептік көрсеткіштің өсуімен бірге, айыппұлдардың мөлшері де артып отыратыны заңдылық. Бұрыннан қолданыстағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін айыппұл өсті. Бір айдан астам уақыт бойы тіркеусіз және жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен жүргендер 7 АЕК (27 524 теңге), ал, мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Заң бойынша сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шуға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 19 660 теңге (5 АЕК), бір жыл ішінде қайталанса, 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы – 20-дан 150 АЕК-ке дейін (78 640 – 589 800 теңге).
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. 18 жасқа толмаған адам болса, оның ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22:00-ден 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, 18 жасқа толмаған бала 23:00-ден 6:00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Кәмелеттік жасқа толмағандарды кіргізген ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл көзделгенін де білген дұрыс.
Қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (39 320 теңге). Сондай-ақ, баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп есептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл көзделген.
Балағаттау мен қоғамдық орындарда түкіргені үшін айыппұл өседі. Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер – 20 АЕК мөлшерiнде (78 649 теңге) айыппұл салуға не бестен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Ал, қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ, белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 7 864 теңге (2 АЕК) айыппұл салынады. Осынша мөлшерде жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға да айыппұл салынады.
Пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер қайта жоспарлау үйдің берiктiгi мен орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқса, 314 560 теңге (80 АЕК) төлеуге тура келеді.
Бұдан басқа
Есірткі жасырғаны үшін сотталған мыңнан астам адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады. Себебі жаңадан қабылданған заңда есірткі жасырушылардың жазасы жеңілдетілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1000-нан астам сотталған адамның мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға құқығы бар. Бірақ әрбір адамның ісі жеке қаралады. Республика бойынша есірткі қылмыстары бойынша 4 мыңға жуық адам сотталды. Олардың ішінде 1 200-ден астамы есірткі жасырғаны үшін түрмеге қамалды.
2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі. Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет 2006-2007 жылдары өткізілген болатын.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»