Жаңа жылды қарызсыз қарсы алыңыз
Облыстың 44 мың тұрғыны мүлік пен көлік салығын уақытылы төлемеген. Есесіне берешек сомасы 883,9 млн.теңгеге жеткен. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Медет Түсіпов мәлімдеді.
– Егер салық мерзімінде төленбеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерінде төленбеген сомаға өсімпұл есептелетіндігін еске саламыз. Ал, бір айлық есептік көрсеткіштен асатын берешек көлеміне тиісті салық бұйрығы бекітіліп, аймақтық сот орындаушылар палатасына орындау үшін жолданбақ. Өз кезегінде сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу туралы және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, борышкердің мүлкі мен банк шотын қолдануға тыйым салып, Қазақстан Республикасынан тысқары жерге шығуға шектеу сынды амалдар қолданады, – деп түсіндірді Медет Көмекбайұлы.
Белгілеп айта кететіні, борышкер есебінен сот орындаушысының қызметі үшін өндіріп алу сомасына қарай үш пайыздан жиырма бес пайызға дейінгі көлемде ақы төлеу қарастырылған. Осылайша, қарызға батқан азамат сот орындаушысының да қызметін төлейді. Салық берешегінің бар-жоғын Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov .kz ресми сайтындағы «Электрондық қызметтер» бөлімі, egov.kz электронды үкімет порталы, «Кеден және салықтар» бөлімінде, немесе «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Электрондық қызметтер» бағанына өтіп тексеруге болады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz