Жаңа жылда – жаңа көлік
Кеше Қарағанды қаласындағы «Достық үйінің» алдында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ өңіріміздегі жедел жәрдем қызметкерлеріне салтанатты түрде жаңа 35 автокөлік кілтін табыс етті.
Қазіргі күні аймағымызда барлығы 117 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетеді. Соның 49-ы облыс орталығында жұмыс жасауда. Осы күні аталған барлық бригадалар көлікпен қамтамасыз етілген. Көлік демекші, мұндай темір тұлпарлардың қызмет ету мерзімі – 6 жыл. Бұған дейін жедел жәрдем қызметкерлері 2015 жылы 37 жаңа автокөлікке ие болған еді.
Шымкент қаласындағы медициналық құрылғылар мен техникаларды өндіруші отандық «KAZMEDPRIBOR Holding» компаниясында құрастырылған «ГАЗель» маркалы бұл темір тұлпарлардың орташа құны 19 миллион теңгені құрайды екен. Аталған 35 көлік лизинг жүйесі бойынша 3 жылға алынды. Науқасқа көмек көрсетуге барлық мүмкіндік бар. Олай деп отырғанымыз – басым бөлігі реанимобиль саналатын көліктер жедел жәрдем қызметкерлеріне қажет жабдықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Сондағы 8 көлік «ГАзель Бизнес» негізінде болса, қалған 27-сі – «ГАзель Next».
Тағы бір айта кетерлігі, өңірімізде 5 жедел жәрдем бригадасы оба, тырысқақ, күйдіргі сынды аса қауіпті жұқпалы аурулармен күреседі. Оларға арналған көліктер де ерекше жабдықталған. Сөйтіп, бұған дейінгі көліктердің жылытқышы – мардымсыз, мұздатқышы – мүлде жоқ болса, кейінгі 35 көлікте бұл олқылықтардың орны толыпты.
– Әр адамның басты байлығы – денсаулық. Бұл ретте, тұрғындарымыздың жағдайын жақсарту үшін барымызды салып келеміз. Президент тапсырмасын орындай отырып, жаңа ауруханалар тұрғызып, жаңа технологияларды қолданысқа енгізіп, заманауи қондырғыларды сатып алудамыз. Міне, бүгін біз Жаңа жыл қарсаңында 35 көлікті ел игілігіне пайдалануға ұсынғалы тұрмыз, – деді Ерлан Қошанов.
Бұдан әрі аймақ басшысы аталған көліктер кілтін облыстық жедел жәрдем станциясы директоры Қанат Асқаровқа салтанатты түрде табыс етті.
– Қадірлі Ерлан Жақанұлы, Қарағанды облысының денсаулық сақтау қызметкерлері атынан сізге зор алғыс білдіремін. Жаңа жыл қарсаңында жаңа көлік сыйлап, мерейімізді үстем еттіңіз. Ендігі кезекте, қалыптасқан дәстүр бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне бірден жұмысқа кірісуге рұқсат етіңіз, – деді Қанат Асқаров.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суреттерді түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ.